Жеңіс Ырысқан (Zhenis Iriskan). Жыпсық тышқан

bd03629d3360aada1ad58d6c55a47858.jpg (512×288)


(әзыл-сықақ әңгіме)


«Иттің ұяты болса, іш киім киер еді» демекші Жыпсық та ұят болса, бастыққа үйіндегі төртбұрыш балық күбісіне іше алмаған арағын құйып кеткен хатшының оғаштығын оған айтып барар ма еді? – деді кең-мол тігілген шұға көйлектің ішінде рахаттанып отырған айтқыштығы мен аты шыққан арыстанбас сары апаң.  Енді біз сол сарапаң жақтырмаған Жыпсық жөнінде әңгіме қозғалық. Өйткені, сарапаң айтса, қалт айтпайтын кісі ғой. Бәлкім сізде ол кісінің ойын құптап қаларсыз.

Басқаны білінбейтін ұры мысықтай Жыпсықтың баспалап қат-қабат аңдушыдан іркіліксіз өтіп ашпайтын есгі, кірмейтін тесгі, айтбайтын өсегі, білмейтін есебі, мінбейтін көлгі, кимейтін бөрігі жоқ еді. Оның қойын дәптері екі иғыңда тұрып жақсылық пен жамандығыңды тізбелейтін Мәңгүр мен Мүңгірдің жазбасынан да толық, өзің білетін өз архивыңнан асып түсетін, үкіметтің қандай құпя мәлметін басып түседі. Жыпсық жетіп келгенде сөз бастайтын шешен де, сөйлеуік көсем де, ерiкті ауыз есер де, көп сөзді көшер де сөзінен жаңылып күйісінен адасып қалады. Аузы күйіп зәттей болған үлкендер «тышқан сорлы соқыр мысық бар дегенге сенбейді» деп Жыпсықты көргенде тіпті үркек. Жыпсық қанша суыртбақтап қойын дәптеріне жазып алар бір нәрсе тауып алғысы келсе де «кәрі торғай топанға алданбас» деп олар кеңестің бетін теріс айландырып, сақсына сөйлеп аузын бағады. Әсіресе «бас жаққа барсыпай» сөйлеуді мүлде ұмытбайтын.

«Торғайда қанша бас болушы еді, ол баста не ас болушы еді» деп абыройдан аллауакпар Жыпсықта беделі бес баттам сыйлы бас болмаса да, «өгіздің мүйзіне шығып алып құмырсқа таудамын деп қыбы қаныпты» демекші өгіздей сүйеніші бар Жыпсықты «тышқан қазған орға бұқа келіп құлаған» деп талайды құлатқан Жыпсықты басқалар қорықса да бетіне сыйлағансыйды.

Біздің геройымыз Жыпсықтың қойын дәптері неше сандық. Оның байлығы да, айлығы да, майлығы да, шайлығы да, қымбаттысы да, сымбаттысы да сол қойын дәптерлері. Еш харекет таппағанда өңкей қызыл жиекті сол дәптерлерін жаңалап қайта көшіріп шығады да өзінен өзі рахаттанып сала береді. Оның қазіргі орыны да, анау туыс-туғандарының қызметі де, бала-шаға, ұрым жұрағаттарының астындағы тағы да, басындағы бағы да сол қойын дәптерлердің арқасы ғой.

 «Түген-пәлен, анау-мынаулар шетке қашпақшы», «кезектегі саясатқа бөгде идеясы барлар ол, бұл, сол, мыналар. Үкметке қарсы түген уақытта, мынадай ұйым құрған», «ананың мына елде туысы бар, мынаның түген елде қиысы бар», «пәлендер қызыл әскерге оқ атқан, түгендер бандыларға айран берген, пыстандар біздің елге қайдан келген...» деген мазмұндағы қойын дәптерлері бір-бір бомбы дерлік еді. Оның ұшығы шалса болғаны талайдың көзі Тарымда жылтырап, талайы тергеушінің алдында қалтырап, бақылдаған теке екеш теке де Жыпсықтың ала көзіне ұшқасса болды «жауында» қалатын. Қойын дәптердегі бірер мәлмет оның пыс қазанының жұмбағы секілді бір бұлқынса оның қандастарына бағышталған бірер кәдірлік ыштат түсе қалушы еді.

«Заманың тазы болса, бөрі боп соқ» дегенді қойын дәптерінің әр жеріне жазудан жалқпайтын Жыпсықтың дәуірге ілеспесіне бола ма? Оның дәстүрлі мазмұнына енді замананың осал жібін дәп басқан  өтімді тармақтар кіріп қойын дәптердің топаны барған сайын молая берді. Өгіздің сідгіндей өзі мен қатысты тараулар ғана танитын жазумен жазылған мына естелктерді оқысаңыз білесіз, оның «заманауиласқанын», тіпті де біле түсесіз.

«Түген кісінің мәртебелі ханымының туылған күні пәленінші айдың, пыстаныншы күні», «мына кісінің сабақтастары анау, мынау, оның құдасы түгендер, рулас сүйенші пыстан», «түген мен түгеннің байлансы тонның ішкі бауындай, анау мен мынаудың байлансы жарылмаған қауыздай...», «бәленше кісі бекіре балықты сүйсініп жейді, түгенше ұлардың етін күйіп жейді, пыстанша борсықтың етін түйіп жейді...», «түген ханымның асқазанында жел бар, пәленше бастықтың аузында сел бар, түген кісінің өтінде тас бар, пыстаншаның үйінде мүйізі қарағайдай бас бар...», «ананың белінің қояңы бар, түгеннің оңашада баратын аққояны бар», «мына кісінің немересінің шүметайын түген күні шеккізеді, қантты несептің ваксинасын пәленбай қай кезде еккізеді...» деген маңызды да мәнді мәлметтер, оңай-оспақ адамдардың қолына түсе бермейтін әрі ел ескермейтін сәлиқалы сәттер мен уақыт кестелері оның әрекет қыбыланамасы еді. Оның әрбір әрекеті мен сөзі сол бойынша ойлап, сол бойынша орналастырлады. Сіз сол қойын дәптерлер сол беті мұра болып сақталатын болар деп ойлап қалмаңыз, ол осы заманданғасын бұрынғы салты бойынша қойын дәптерін қайта көшірмей икемді пайдаланатын болып алды. Кейінгі кездері өте тездікпен іреттеліп, әлде біреу жұмыстан кетсе, не зейнетке шықса немесе басқа жаққа орын жөткесе мекемелердегі «уақыты өткен, қажеттен қалған заттар» ретінде дер кезінде біржайлы етіліп сызып тасталады да, қажеттілері жаңаланып архивтестірледі. 

Егер сіздің тәлейіңіз оңынан келіп оның дәптерінде мәртебелі аты-жөніңіз болған болса, немереңіздің туылған күніне «құтты болсын» айтбақ болып телефонның тұтқасын жердің астындағыны тыңдайтын сақ құлағына төсеп сіздің ұмытылмас нөмеріңіздің жарты цифрын басып болған кезде сіздің «екінші шепке» шыққаныңыз жөніндегі маңызды ақпар оның тоқтаусыз сөйлейтін ұзын құлағының аузынан шығып кетсе болғаны тұтқаны «тарс» қояды да сенімді кісілерден сіздің жайыңызды табанда ұғысып дүдәмәл сұрағының дұрыс жауабын тапқасын-ақ, қойын дәптерін асғыс-үсігіс алып шығады да сізге қатысты барлық мәлметтерді дер кезінде сызып тастайды. Сіз дәл сол күні жол болып Жыпсыққа кезіге қалдыңыз делік, бұрын бота-тайлақ, қора-қопсыдан тартып амандығыңызды толық білмей тыншымайтын Жыпсықтың сізге ерні де жыбырламай көрмеске салынып кеудемсоқтап күлбеттеніп өте шыққанын көресіз. 

Оның қойын дәптері қамтитын мазмұнының молдығана қарап кәдуелгі журналдың үлкендігіндей екен деп ойлап қалмаңыз. Алақандай ғана. Қойын дәптердің қызыл, қара, көк, жасыл түрлері бар екенін көргендер айтады, бірақ, барлығының жиегі қан іреңімен жиектелгені белгілі. «Өмір көрген түлкінің үштен іні болады» деген ғой. Оның қара тізіміне ілінгендер оңбайды екен. Ал қызыл дәптеріне не жазылатыны қазірше құпия. Оның жасыл дәптеріне «түген арқылы анау үлкен жердегі түген кісімен амей-жәмпей болуға, анау арқылы мынаған жақсы көрінуге, түгеншеге кезікпек болсаң алдымен мынаған хабарлас, ол кісінің шоферінің әйелі шылдың етін жегіш...» деген секілді шырмауықша шырмап, өрмекшінің торындай тоқылған көзге көрінбес күре жолдардың картасы түсіріледі екен. Кейбіреулер үшін оның осы жасыл қойын дәптері ұнайтын көрiнеді. Шетке ашылған есік тіпті кеңейгесін оның қойын дәптеріне жаңа мазмұн қосылып іш аурудың таблеткасындай сап-сары дәптер ұстағанын да жасырсақ болмас. «Түген түген әйелмен тонның ішкі бауындай» деген секілді сарғыш информациялар оның сары қойын дәптеріне жазылатынын көргендер бар. «Пәлен кісінің ұлына, түгеннің қызы лайық» деген секілді пайдалану хабарлары «тең-теңімен, тезек қабымен» деп, ақсүйектер қауымының тегін сақтау үшін пайдалы болған хабарларды елеп мәртебелі ханымдарға құлақ қағыс етіп, олармен бірге бірер шәугім шайды бөліп ішіп отырғанын көптің көзінен таса қала ма?

Жыпсықтың өз аты кім екенін, ал оның руының қай ел екенін білу қиын. Өйткені, оның руы қасаптардың қолындағы ет пен сүйектің бағасы секілді базар нарқына қарай өзгеріп тұрады. Ол руы ғана емес, керек болса ұйғыр да, өзбек те бола алады. Ол екі көзі қысық, айналасына ұрлана, қулана қарайтын өзі қырма сақал, тампыш танау, алса бойлы кісі. Өзінен жоғарыны көрсе құрша жорғалайтын, төменді көрсе оқтау жұтқандай кегжиіп қалатыны оның тума мінезі. Ал оның көрсе де көрмеске салынып өтетін адамдары көбінде ол үшін «көк тиындық құны жоқ» адамдар. Ол әуелі «осындайларды әуре болып Алла неге жаратты екен!» деп ойлайтын кездері де болады. Ал оның құйрығын бұлаңдатып тұрып кісiлерге амандасуы әдетте мынадай тұрақты сөздермен жүріледі де, сол кісінің мәртебесіне қарай дыбыс әуені теңшеліп тұрады:

-Сіз денсаулғыңызға көңіл бөліңіз, сіз көптің адамысыз ғой, сіздің денсаулғыңыз біз үшін ерекше маңызды, - деп судырай жөнелетін. Кейбір кісiлер оның күлімсіреп тұрған қисық көзінің аржағында жатқан шын шүңетті парықтамай, оның әлгі қошаметін «шын екен» деп қалатын. Жыпсықтың айналасындағылардың қадыр-құрметі, кісілiгі мен күштілгін өгіздің бұлбұлды мақтап отырғандарға келіп «сендер бұлбұлды сонша мақтайтын, оның мүйізі сондай үлкен бе?» дегені секілді кісі қадырын ол өз өлшеміндегі «мүйізбен» өлшейтін.

«Ит дұғасы қабыл болса аспаннан ет пен боқ жауар еді» деп оның дұғасы қабыл бола берсе, ол әлдеқайда биікте жүрер еді. «Байлаулы аю билей алмайды» деп жөндеп хат танымаудай білімсіздік қазығына мықтап байланған итке жүнін қампайтып жүрген Жыпсықтың қойын дәптерінен басқа өнері мен дәсмиясы да жоқ еді. Оның мүлде құпия ұстайтын қойын дәптері егер зел-зала болып барып басқалардың қолына түссе де қара құмырсқаны өлтіріп-өлтіріп ақ қағаздың үстіне дізіп қойған секілді құпия цифрлы жазуын Орхон-Енесей жазуының құпиясындай оңай-оспақ оқуға болмаушы еді. 

Ел бірін-бірі төңкеретін заманда басқаларды қойын дәптерімен ұрып жығып талайды төңкерген еңбегіне бола «қызыл қорғаушы» болып Бейжинге де барып ереуіл жасап келген Жыпсық сол дәурдің үніне екі есе үн қосып өзі тергегендерді тергегеннен тергеп нәңгүр-мүңгірдің тергеуіне бір-ақ өткізіп берген жері де бар еді.

Ол бұлт айғып, күн қайта шыққан кезде елмен бірге зар төгуді де үйреніп ала қойды. «Мен айдалған да...», «мені жұмыстан тоқтатып тастаған да...» деген секілді сөздерді көп айтатын еді. Оның жұмыстан тоқтатылдым дегені Бейжіңге барып қызыл қорғаушыларды қабылдаған мықты көшбасшының қасынан өтіп бара жатқанда оқыстан тартылып қалған сурет сол кезде оған мақтан болса, ол кісі тақтан құлатылғанда бір жолдағы «сыбайлас» есебінде бір қанша рет сұраққа тартылғанын үлкейтіп, өндіріп, көбейтіп, микроскоппен көрсетіп зорайтып айтатын еді. Оның бағына әлгі кісі қайта таққа шыққан заман оңалған кезде біздің Жыпсыққа да күн туған болатын.

Біз Жыпсықтың қара тысты дәптерінің бар екенін айттық та. Онда нелердің жазылғаны жөнінде тіс жармадық. Оны Жыпсықтың өз мінезінің қалауы бойынша оқшатамын деп бөқшатып алған мына бір қанша қылығынан-ақ қара қойын дәптерде не жазылғанын білетін боласыз. Әлдебір дәстүрлі мерекеде бас қосып жатқан ағайын- достардың үстінен бірқанша форма киген, сарала киімді заң адамдары саулап жетіп келеді, айтарға болмаса отырғандардың имандары қырық кез көтеріліп көздері алақандай болады, өйткені, әркімнің бажы тапсыра алмаған, автокөлгінің қағазы толық болмаған, қазынада қалтарсы бар секілді өзіне тән жеке құпиясы бар ғой. Сол құпияның кейбірі дегірей кигендерді көрсе сескенетінін айтып жатудың қажеті қанша. Дегірей кигендер достардың бас қосуы екеніне көзі жеткесін кешірім сұрап жолдарына түседі. Міне бұл Жыпсықтың қара дәптерінің «бөлшектеуші» деген тарауына түскен мазмұнның бірі еді. Ол орайын тауып бұрынғы дәстүрімен еңбек көрсетпек болған бұл қылығы оны ел алдында масқара етіп тынды.

Жыпсықтың қара қойын дәптеріне түсіп онан өзінен-өзі ақымақ болған бір әңгімесінен айланып өтіп кетсек оның харекірінің толық ашылуына әсері болатынын ойлап, енді «өлген балық» уақиғасына кезек берелік. Өз әйелінің туылған күнін білмейтін Жыпсық пайдалы кісілердің әйелінің туылған күнін құтқармай құттықтайтын. Ол мереке-мейрамдарда нысаналы айтшылаушы еді. Бір жолғы Шаған мерекесіндегі жоспары бойынша ол үлкен бір кісінің үйіне шағаншылап барады. Қонақ иесі де, қонақтар да градусы өрлеп алған кезде, қызбаудың өзі ұят қой. Үлкен кісінің үйінде ат жақты, имек тұмсық хатшы іше алмаған арағын артында тұрған балық көлшігі сандықшасына құя салғанын Жыпсықтың көзі шалып қалады. Су толтырылған сандықшадағы балықтар алғашында тыраңдап арлы-берлі шыбжыңдап жүзе жөнеледі, қос-қостан бұлғақтап, қылжақтап, еліріп онан ерініп жүзеді. Бұл іс Жыпсықтың жыпсық көзіне шалынбаса болар еді. Өйткені, осының ұшығы Жыпсыққа тиіп бір реткі өсу орайынан қағылып қалуына апарып тірелерін кім білген? 

Үкен кісі әр күні ертелі-кеш көз мейірін қандырып жүретін, бірқаншасын Жыпсық тарту еткен, дүниенің жер-жерінде өсетін қолмен бояу беріп жасап алғандай әсем, көркіне көз сүрінерлік сүйікті балықтары топалаң келгендей тырайып қалғанын естіген Жыпсық қара тысты қойын дәптеріндегі ең жаңа құпиялықты ол кісiге жеткізеді де өзінің адалдығы мен азаматтығын дәлелдеп мақтау алып қайтады. Біліктілерден мақтау алудан өткен бақыт жоқ деп білетін Жыпсық сол күні жеңіс шаттығына бөленіп екі езуі құлағына ілініп ыржиған қалпы ұйықтайды. Өйткені, ана кісінің көңілін табу Жікең үшін мәртебе, мәнсап, даңқ, атақ, қырық қарақшының қоймасындай  мол байлықпен тең ғой. Бірақ, ана кісінің мезгілсіз құрбан болған балықтарының қайғысы мен күйігі тарамай жатып ол кісі әлдебір экономикалық қақпанға аяғын алдырып оның орнына анау «балыққа арақтан қонағасы береген» ат жақты жігіт өсіп шыға келіп дүниенің бір-ақ күнде теріс айланып кетерін кім ойлаған. Жыпсықтың бір сүрінгені, бір сүрінсе де дыр сүрінгені осы болды, балық құмар кісінің жазғыруына ұшырап оңбай сөгіс естіп мықшиған, балық төлеп ұятқа қалған, оның үстіне өзінің құпиясын кімнің шаққанын білетін ол өз жауын оңдырсын ба? Біздің Жыпсық ана кісіге адалдығын білдіріп қандай мақтауға ие болса, енді сондай бетқара халде қалды. Әсілі дәрежесі өсуге бір елі қалған Жыпсық өскенді былай қоя тұрғанда өшпегеніне тәуба етуіне тура келді де ол жетіп келген жеріне қаққан қазықтай қадады да қойды. Енді ғана өскен жалынды жас мәнсәпті оны анау сайдың аяғына сырғаната салса қайтпек?

«Мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылған» Жыпсық арада бір жыл өтпей жатып тағы сүрінді. Балдызын қаладағы мықты орынға жөткеуді нысана етіп жүрген Жыпсық сол жұмсты жұмсайтын кісінің ұлар етіне құмар әйелі бар екенін қойын дәптерінің бір жерінен тауып шығып ой мен қырға телефондап жүріп үш ұлардың етін алғызып тарту етті. Тарту беруде не тұр, тарту-таралғы ғой мына дүниедегі көңіл көкжиегін нұрландырып тұрған. Болымсыз сый құрмет. Сыйласып өткеннен артық рахат барма өмір де. Осындай сый-құрметтен құр қалудың өзі жамандық. Іс осы беті жөнімен дами берсе болар еді, бірақ, «тиынға атып сиырға тигізгендей» уақиға болары кімнің түсіне кірген? Жыпсықтың сатып алған ұлары ұлар ұстап көрмеген біреудің улатқыш дәрімен ұстаған ұлары еді. Ұлар етіне құмар ханым бір бөрткеннің сынын бұзғанына бола малмен-басын құрбан ететін сұлу періште, денесін сүтпен жуатын ақсүйек, тоғыз көрпенің астындағы бұршақ жанбасына бататын ақ қар ханша еді. Сол перизаттың денесіне ұлар етін жегесін сарбас бөрткен қаптап кетті де сол бөрткеннің қышмасы біздің Жыпсықты екінші шептен бірақ шығарды.

«Ауыру кетсе де әдет кетпеген» Жыпсық үйінде қайтып тыныш отыра алсын. Ол енді қай жерде нендей бас қосулар болса шақырсын, шақырмасын сонда пайда болатын болып алды. «Мерей той», «ғылми талқы жиындар», «консерт кеші» дегендерге құлағынан тізіп қатынасқан сайын бірін-бірі «ардагер», «біртуар», «жұлдыз» деп атайтын топтың «нан пысатын кеудесіне» ашуы келді.

«Бөрі боранды ұнатады» деп саяси науқанды қатты ұнататын біздің Жыпсыққа жақынғы жылдардан бері тісін басып жүген ардагер топтың осал жерінде оның осалдығы өзіне еңбек көрсетудің жаңа жолын ашып беретінін сезген. Жыпсық «идеология саласындағы бөлшектеу» қимылына айтақалсын ермек тауып алды. Оның қара тізміне енді қу сөзден қуырдақ өндіретін «ақын-жазушылар» атты кезінде қаламының көк сиясынан қан жауғызатын, тілінде тікен бар, кезінде тілінен тартып Тарымға бармағаны жоқ, ұрған сайын құтыратын доп секілді, былайғы жұртты көп көзге ілмейтін мүйізі қарағайдай текелер мен серкелерді нысанаға алумен айналысты. 

Өйткені, «бұрын ұшқан құсқа алдымен оқ тиеді» деп бұлар осы күнде ел еркесі, мәдениет серкесі атанып құтырып алған жоқ па? Не қол басындай лауазымы жоқ, не көрсете қояр байлығы жоқ, сонда да дүниені қонышынан басып былайғы жұртты «тобыр», ал енді біреулерді «жемір» атайтын жұлдыздар мен құндыздарды Жыпсық орындарынан үш аунатып түсіруге өзіне сене жұмысқа кірісті. «Ақындардың шалықтаған өлеңінде, жазушылардың қаламының ұшында, шығармасының шүңетіндегі дерт біздің идеология саласындағы микроп болуы мүмкін...» деген сөзді әлдебір жерден оқып қалған еді.

Жыпсық өсіп қалаға алғаш келгенде және кейінгі кезде де бөрі арығын білдірмей жүргенде аналар оны өзімен тең-қатар көргенді қойып, оның «бірге бірді қосса қанша болады? десе, Жыпсық «сіз қанша десеңіз сонша болады, тақсыр!» депті» деген сөзін сол жазғыштар гулетіп жібермеді ме? Бір жолы әлдебір өлеңсымағын көтеріп топты жерде шарықтап кеп жүретін мықтының өлеңіндегі «қате пиғылды» сезе қойған Жыпсық «бақылдаған текені қар жауғанда көреміз» деп оның сол өлеңінен «өнім» іздеп оның басына қар аралас «саяси жаңбыр» жауғызбақ болып мәлім орынға «мәлімет» алып барғанда «және де келіп тұрңыз» деген сөзбен аттанған ол тісін баса тың сорапқа түскен еді. «Түген журналдың түген бетіндегі өлең жолында пәле бар», «түген тойдағы пыстанның айтысындағы мына жолдарында жат ниет менмұндалап тұр», «радиода оқылған мына әңгімеде партияның мейір-шапағатын жоққа шығарғаны жасырын жүр», «мына өлеңнің өзегінде деріт бар, мына романның ортасында құрыт бар» деген секілді «қазанның қақпағында да таптық күрес бар» деген формуламен өріп жүрген идеологиялық микроптарды қара қойын дәптеріне тізбелеп айтатын жеріне айтып, жазатын жеріне жазып қыбын қандырып екі жеп биге шығып жүрді. Оның осы еңбегінің табысы әлдебіреулерді көрінбес дұзаққа түсіріп былайғы жұртқа дабырасыз-ақ ың-жыңсыз сазайын тартқызуға әбден жетіп жатты. Мәлiмет топтау мекемесінің атқаратын рөлін біздің Жыпсық өздігінен-ақ артығымен атқарып жүрді. Шетелдегі туысына барып қайтқандар көбейген сайын біздің Жыпсық та қарбаластай бастады. Олардың айтқан кеңестерінің ішінен ілгіш тауып қара қойын дәптері шапшаң тола бастады.

Бірақ, кейінгі кездері тізгін-шылбыр кілең жастарға берілді де жерден жеті қоян тапқандай алып барған «мәлметіне» көңіл бөлетіндер азайғанның үстіне төрт төңірек есігі ашық, пәлекеті қашық заман жөнінде Жыпсық тәрбие алып қайтатын кездері де көбейе берді. «Міне осындай иісалмастардың қолына заман толғымен өтсе қайтер екен?!» деген алаңын «халық алаңында» қарта ойнап отырған бұрынғы қырағыларға барып шағынғаннан ары бара алмай жүрді. Еңбек көрсете алмай назаланып жүрген оған өзімен сырлас-мұңдас, құрдас біреу:

-Көрші елдің көсемінің бір кітабы басылыпты, ол ел капиталистік ел болғандықтан біздің саясатқа, біздің даңғыл жолымызға күмәнмен қарайтын жерлері көп екен. Бұл біздің сәулетті қоғамымыздың бетіне салық, атына дақ келтіретін қатерлі идеялық өспе, - дегенді естіп оның жыпсық көзі жайнап кетті. Осындай құнды мәлмет қолға түспегелі қашан? Лоторея билетінен он миллионды суырып алғандай-ақ өзін қоярға жер таппай жапырық шәпкісін бір алып, бір киіп  аты бәйгеден келгендей болды. Шыңғыс ханға Отырардың қақбасын ашып беріп, еңбек көрсетпек болған Қарашоқыдай зор дәмемен патшаның жергілікті басбармасын көруге асықты.

Елдің бәрі түстен бұрынғы қызбетке жапсырмадай болып орныққан кезде, күз бораны сарғыш жапырақтарды үкiмет ауласынан үйіріп «айланбақ ойнап» жүрген де, бірен-саран жағдай айта келіп бина есігінен кіре алмай тұрғандардың ішіндегі бір танысының «Ассалаумағаликімін» де алмастан «осылардың бір ап-арзан ассалаумағалиы барекен» деп тыжырына «асығыспын, маңызды шаруам бар, үлкен кісіде» деген тілге әрең келіп өте шықты да екінші қабатқа қарай жасына үйлеспес шапшаңдықпен өрлеп кетті.

Оның салып ұрып барғанына орай іздеген кісісі орнында омалып отырып әлде біреуің құлағының құршын қандырып ақыл айтып жатыр екен. Жыпсықты көрмеске салып елемегесін, есік алдында аз аялдады да ауызғы бөлмеге барып кезек алмасына болмай қалды. Шай қайнатым уақыттан соң анау шыққасын оның озандата берген ұзақ сәлеміне телефон тұтқасымен айналысып отырған анау басын изеп сафаны нұсқай салды. Жыпсық кезінде осы кісінің үстінен жоғарыдан келген қызмет тексерушіге «пәлен-түгенді қанатының астына алды» деп шаққаны бар еді, «құлағы шалған болмасын!» деп кәдіктене қалған да бұл кісінің көңілі мен көзқарасы бәз-баяғыдай секілденетінін ойлап көңілденіп қалды. Мына кісінің «телефон жины» сүт пiсiрiм жалғасып барып ақырласты. Жыпсық:

-Денсаулығыңыз мықты ма? Сіздің денсаулығыңыз халық үшін, біз үшін өте қымбат...-  дей бергенде ана кісі өзі әлдебір жерге телефондап «қайта айтайын бастан ға» көшті. Ол өзін елемеген сайын «түні ұзарып түсі көбейген» Жыпсық оның аузына қарап қипақтады да қалды. 

Бірқанша жыл бұрын дәл осы кеңседе, бұрынғы баскеңе мына кісі жөнінде «Ақ өзендегі» жайлауды, ішкі қытайдағы бір қожайынға сатып жіберіпті деген мәліметті айтып келгені есіне түсіп орнынан қалай тұрып кеткенін өзі де сезбей қалды. Бәлкім мына кісінің біреуге тауды сатып жібергені жалған болар, әйтбесе бұл орында отырар ма? Бір кезде барып қолы босаған ол бағанадан өзіне жалтақтай қарап отырған адамды ұмытып тысқа шығып бара жатып кенет өзін бір пенденің тосып отырғаны есіне түсірді де оның қайта бастаған «Сіздің денсаулығыңыз біз үшін ерекше қымбат қой...» деген дәстүрлі сәлеміне қарамастан «не жұмыс, айта бер?» - деді. Анау еркелейтін итше жалтақтап есікке қарай беріп еді, оны елеген анау болмады:

-Жиынға барғалы отырмын, уақытым жоқ, - деді. Бұл дегені «мыжмай тез бол!» дегені екенін сезген Жыпсық:

-Идеология саласындағы үлкен алапатты байқадым,  - деп Шинхуа кітап дүкенінен әлгінде ғана сатып алған кітапты қос қолдап апарып үстелге қойды. Үлкен кісі кітапты аударып-төңкеріп көрді де:

-Мұнда не алапат бар екен? - деді. «Арыстан мен түлкінің ортақтығы, екеуі де шайтаншақ  міне алмайды» деген секілді мына екі кісінің ортақтығы да кітап оқудан ораза ұстаған жандар еді, қарсы алдындағы орындықта жыпсиып отырған оған бажайлай қараған бастық:

-Бұл кітапты қайдан алдың? - деді.

-Өзміздің қаладағы Шинхуа кітап дүкенінен.

Анауда онша ойланған жоқ телефон тұтқасын қолына алды. Ол шапанын киіп болғанша дембелше келген көзілдірікті біреу кіріп келді, ана кісі оған кітапты беріп жатып іншіге бөліп бір қанша жұмысты тапсырды да сыртқа беттеді, зыр жүгіріп Жыпсық та бірінші қабатқа түсті, көлгінің қасына келген ол тартына шегіншектеп өзінен әлде бірер ауыз лебіз дәметіп үй иесінен жем тілеген жемдеген тоқтыдай болып тұрған Жыпсыққа:

-Жарайсың, бізге сендей қырағы, адал кадрлар керек, - деді де көлгіне кіріп кетті.

Бұл күн Жыпсықтың көптен өзін бақытты сезініп рахаттана ұйықтаған күні болды. Оның бар тілегені осы кітаптағы пәлекет ауыр болып, кітап шығарған баспаны, бір қанша редакторды, аударушыны шарпыса, баспахана жабылып ел дүрліксе, идеология саласындағы бөлшектеудің нақты нәтижесі көрілсе, сол табыстың «даңқ медалін» тақсам, анау үлкен жердегі кісі менің атымды зор жиында атап мақтаса, марапат жиынындағы басқа кісілерді «Жыпсықтай қырағылықтарың жоқ, саяси сезгірліктерің төмен, Жыпсықтан үйреніңдер!» деген мазмұнда сөз сөйлесе деген тәтті шырында жатып ұйықтап кеткен екен «тауықтың түсіне тары кіреді» деп оның түсіне расында медаль кірді. Сол күні түстен кейін-ақ, кітап дүкеніндегі әлгі кітапті жинап кеткенін көргенде тұңғыш ұлынан ұл немере көргендей қуанышқа бөленді. Ертеңінен бастап сол кітапті сатып алғандардың соңынан шырақ алып түсіп кітапты жинап алғанын елден естігенде өзінің ерек еңбегіне кенже інісіне ыштат алып берсем, үлкен ұлымның мәнсап дәрежесін бір дәреже өсіріп алсам, өзім басқалардың қолы жете бермейтін даңққа бөленсем деген тәтті қиялымен әр күні сойған түлкідей ыржиып жатып ұйықтайтын болды. Елден еміс-еміс сол кітап жөніндегі қауесті естігенде еңбегі жанып «түйеге мініп еңсесі биіктегендей» болып алшаңдай басты. Оны алдағы күндері нұр шұғылалы сарайда мың мәртебе-мадақ күтіп тұрғандай әр күнін марсиюмен өткізді.

Жарым айдан кейін аймақтық партком кеңсесінің өзін іздеген телефонын қабылдап алған кездегі қуанышы қатыны ұл тапқан кездегіден асып түсті. Көз көрім жер болса да алып ұшқан көңілінің екпініне ие бола алмаған Жыпсық таксимен жетті Уәли мекемесінің алдына. Оны бинаға кіре берістегі есікте Кеңсе меңгерушiсі тағатсыздана тосып тұр екен. Оның өңі қатқыл, жүрiсі жылдам. Анау мынаны ең үлкен кісінің алдына төте бастағанда Жыпсықтың көзі жыпылықтап мадақ болса да, шатақ болса да үлкеніне жолыққанын сезіп әлдеқандай күй кешті. Әдетте кезігудің өзі мұң, тек нұрлы дидарын жерлік хабардың күндегі экранынан ғана көруге болатын кісінің кеңсесінде басы ауына кіріп кетуге таяп өзінің әлгі қормалы отырғанын көріп Жыпсықтың оттай алаулы сезімі су сепкендей басылып сала берді. Үлкен кісінің қабағынан қар аралас бұршақ жауып тұрғанын көргенде, ана бар сенген байталы өзін жеп жіберердей қадала қарағанын көргенде кірейін десе жер қатты, шығайын десе аспан алыс болды да қалды. Үлкен кісінің көзі өңменінен өтіп бара жатты, ол:

-Сен білгір ме, мына кітапта «алапат» бар деп мынаған әкеліп берген?! - деді. Қасқырдың суын «бұлғаған» лақтай болып тұрған Жыпсық міңгірлеп бірдемелерді айтқан болып еді, үні өзіне естілмеді. Ана кісі оның басын шұлғығанын ғана көрді. Қолына әлгі кітапты алған үлкен кісі:

-Мынау қай заман, төрткіл дүние тарының қаузына сиып, Жер шары ғаламдануға қадам тастаған заман емес пе, бізде анау гоминдаңның көсемдерінің де «Таңдамалы шығармалары» басылып жатса, сендер тарихи материялизмді білесіңдер ме, шетел көсемдерінің таңдамалы шығармалары елiмізде басылғаны қашан? Мына кітап алдымен қытай тілінде, онан соң ұйғұр тілінде басылып, онан қытай тілінен мемлекеттің ең үлкен баспа арнаулы маман ұйымдастырып қазақшаға аударғанын, оның мемілекет дәрежелі тексеруден, бекітуден өткенін есі дұрыс адамның бәрі біледі ғой, өлке бойынша масқара болғанымызды қарашы! - деді даусы айғайлағанда қарлыға шығып. Одан ана кісіге:

-Ел ауанынан қабарсыз, халқаралық ағымдағы істерден сауатсыз, кітап оқығанды таяқ деп білмейтін, тексеріп-зерттемей тұрып «өгіздің мұрнын жұрдырықпен тескендей» кішкентай нәрсені үлғайтып ақымақ болғанымен қоймай Аймақтың бет-беделіне дақ келтірдің, идеoлогия сенің ойнасатын нәрсең бе? «Тексеріп-зерттемегеннің сөйлеу ұқғы жоқ» дегендей алдымен тексеріп-зерттеп, онан соң барып бізге хабардар етсең болмай ма? - деді. Сын мен сөгістің астында басылып жатқан кісі:

-Сізге, бір қонағасыда шет жағалап айтқан едім, сонымен... - деді сөзінің соңы жұтылып кеткендей үзіліп.

- Шет жағалап дейсің, ә, шет жағалап, қонағасыда дейді, жазбаша әкелген докылатың қайда? Дөңбектің артымен мені соқпақшысың ғой, ә, мынаны бір жайлы етуді саған тапсырдым, ал сені мен бір жайлы етемін, ұйымның ұйғарымын тоспадыңдар?!-деді.

Жыпсық іздеген кісі де албырттық істеп «жақсылққа асығып» кітапты тексеріп көру жөнінде жоғарыға мәлімдей салған еді. Артының мұндай қимыжықтасып қиындап  кетерін ойламаған болатын. Бір қанша күннің алдында осы аймақтағы үлкен кісі жоғары жаққа жиынға барғанда сол жақтағы қатысты кісілер «шалағай, секемшіл, қарадүрсін, ұраншыл, ұрда-жық,  жалған әшкерелеуге бой ұрған жауапкерсіз қылғына» бола жерден алып, жерге салып саяси сауатсыздығын келемеждеп бұдан кейін ондай ақымақтық іспен  шұғылданбауды, жоғарыға албаты бас ауыру тауып бермеуін қадап-қадап айтқанда бұл кісі жердің бетімен келіп астымен қайтқан еді. Енді соның ызасын мына көксоққандардан алып іш босатып отырған кезі. «Бірдің әлегі мыңды әкетеді» деп мына сорақылықтың қырсығы өсу орайы енді келген мына кісіге де, еңбек көрсетіп марапат алып екі бірдей штаттың басын қайырып екі жеп биге шығуды ойлаған бар пәлені бастаған Жыпсыққа да зауал әңгіме болды. Бұл екі бірдей мықтының бетіне дақ келтіретін іске мұрындық болғалы тұрғанын ойлағанда Жыжыпсықтың миынан түтін шығып кете жаздады. «Түйені жел ұшырса ешкіні аспаннан ізде» деп өзін қара құйын алып бара жатқан дағардай көріп шекесінен суық тер шып ете түсті.

Осы уақиға бензинге кеткен өрттей лаулап елге таралып кетті. «Құлақ сұраймын деп жүріп мүйізден айрылған» Жыпсықты көрсе ел күлетін, оның бойынан әлдебір ауру жұғып кететіндей айланып өтетін, өтіп бара жатып ажуалай күлетін болып алды.  «Түйе пішкен жеріне жоламайды» деп Жыпсық Уәли мекемесінің маңына жолағанды да қойды. Бір қанша адам басы қосылып кеңесіп отырып Жыпсықты көрсе кеңестері су сепкендей басылып қалар еді. Жыпсық бар жерде беташардан тартып көріске дейін, әннен тартып батаға дейін, араздасудан тартып тойбастарға дейін байқап айтатын болып алды. «Ит боқ жегенін қойған күні» таңертең біздің Жыпсық жымысқы жүрсін қоймаса қазірге дағдылы кәсібін жалғасты жалғастырып жүр. Өйткені, оның осы жүрiсін жақтыратын біреулер қағынан жасырын міндет алыпты деген қауесет те шықты. Мен осы әңгімені де оның қолтығына қысып алып «өне бойындағы дертті» CT салдырып, микроскоппен тексертіп ауру микробын тауып шығу үшін өрлі-қырлы шапқылайтынын сезе отырып шығармамның соңғы нүктесін қояйын.



Жеңіс Ырысқан, сатирик жазушы,  ҚХР- да дүниеге келген. Шыңжаң Жазушылар қоғамының, Шыңжаң фольклоршылар қоғамының мүшесі. «Қызыл тікен», «Алыстан меңгеру», «Ақ семсер», «Томпақтың кешірмелері» (үш томды роман), «Қазіргі қарға мен түлкі», «Қызыл жебе», «Маймылдың малайы», т.б. кітаптардың авторы. Шыңжаң Жазушылар қоғамы «Дүлдүл» әдебиет сыйлығының бірнеше дүркін иегері. Қазақстанда жарық көрген «Құбының құжа жоны» (2016ж.) таңдамалы әңгімелер жинағына шығармалары енген.  

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты