Оразбек Әбділ (Orazbek Abdil): Аңшыдан аз сарқыт

0d27dc01bd0b5002806a996b5f63f770.jpg (2403×3012)


Оразбек Әбділұлы, 1940 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағына қарасты Шәуешек қаласында дүниеге келген. 1960 жылы Шинжаң университетінің филология факультетін бітірген. Мұғалім, мектеп меңгерушісі, Шинжаң Халық радио станциясының Тарбағатай аймағындағы тұрақты тілшісі болып жұмыс атқарған. 

О.Әбділұлының «Ұстаз», «Дубек» романдары, «Батырдың өлімі» повесттер жинағы, «Беталыс» әңгімелер жинағы жарық көрген. Қытай қазақтары арасынан шыққан бірқатар, біртуар тұлғалар туралы жазылған повест, очерктердің авторы.  


1.Салымды аңшы санда бір


Ұлан жаз. Қобы-қойнауы, кер төсі төрт түлікке толып, думандап жатқан Тарбағатай жайлауының, ел түп қотарыла көшіп төмен Құлыстайды бетке алғаннан кейін, сәні қашып, жасауынан айрылған отаудай аңырап қалатын кезі болады. Бірақ, ендігі ретте бұның есесіне жаздай иендеп жатқан Құлыстай өңірі қоңыр күздің қайтқан қазынан бастап, көң төккен мекендеріне оралған төрт түлік малдың әр әуендегі қоңыраулаған үніне толып, жаздай жайлау мастығы тараған елдің қыс қамына кіріскен шаруа қарбаластығының албарынды күйіне кенеледі. Ал, бұл кезде әлгіндей аңырап, құлазып қалған Тарбағатай жайлауының төсі тағы бір тіршілікке толады. Жаз жайлауда өзінің ата жауы есептелген адамзат ұрпағының ызғарлы сесінен немесе оның қанды қолына ілінуден қорқып не бір құзар-шатқалдарға сіңіп кеткен тау ешкі, арқар-құлжа, сияқты қоңыр аңдар құзардан түсіп, шатқалдан шығып иен жайлауда емін-еркін сайран салады. Ащы-тұз төгілген жалақтарға келіп сарығын басады. Түлкілер ескі жұрттардан тышқан аулап, сүйек кеміріп тірлігінің бір мезеттік олжасын табады. 

Ал, шатқал-жыныстарынан шыққан аюлары баяғы кәсібі қобы-қойнауындағы борсық, суырларының інін қопарыстырып арпалысып жатады. Осындай иен жайлауда табиғаттың сері мақұлықтары бірін-бірі аулауын да қоймайды. Бірақ, бұларға бәрінен қиын тиетіні жайлаудың иендеп, аңдардың еркінсіп қалған кезінде орайды мөлт жібермей келген аңшылар. Табиғаттың бейуаз мақұлықтары аңшылардың жолдарына құрып тастаған тісті аю қақпан, бір серіппелі түлкі, елік қақпандарына түсіп, кейде қарауылға ілініп көк мырыштың құрбаны болып жатады... 

Бүгін де сол аңшылардың бірі қақпаншы әрі мерген Баймұқан иен жайлауды кенерлеп келеді. Кешелер төмен ойдағы Қарабұлақтағы үйінен аттанған. Келген бетті қанжығасына жаздай бір ауыл малға ашы төккен жалаққа құрған қақпанына түскен бір елік байланды. Түнімен сол еліктің төстігін қақтап, бауыр-бүйрегін жаубүйректеп жеп келе жатқан беті осы. Қазірше басқа қақпандарының қанды ауызы аман. Іліккен ешнәрсе көрінбейді. Ендігі ретте Баймұқан жотаға көтеріліп Шөнкенің шатына құдиды. Шөнкенің шаты табаны сыңсыған тал-теректі, орманды, қожыр тасты. Тек жолын білген адам кенерлеп қана жүреді. Жасынан аңшылықпен тау кезген Баймұқанға бұл араның ой-шұңқыры бес саусақтай аян. Алаңсыз құлдап келеді. Аты да кәнігі. Қожыр тас-қысаңдардан тұяқ ілмейді, еппен жіті басады. Кенет астыңғы табан жақтағы орманның арасы сатыр-сатыр етті де, аты осқыранып қалды. Аңшының сақ құлағы шошқа қабанының ышқына қорсылдаған дауысын да қалт жібермеді. Баймұқан дереу атынан түсіп, мылтығын оңтайлап баспағып жаңағы күдікті тұсқа ұмтыла берді. Орманның арасы алаңқылау екен, бөтен-бөлек ешнәрсе көзге шалынбайды. Десе де, әлгі дыбыс осы тұстан шықты-ау деген жерге таяу бір сандық тасты бетке алып, маңайын шола бастады. Кенет аяқ жақтан тағы да сатыр-сұтыр еткен дауыс қайталай шықты. Баймұқан жалт қарады. Міне ғажап, Тарбағатайдың ақтөс қара аюы бытысқан тал-теректің қоқты шырпысын жапыра қашып келеді. Соңынан жабайы шошқаның жалы тікірейген қабаны қуып келеді. Қабан аюға әне жеттім, міне жеттім дегенше аю қашқан беті Баймұқанның қарсысындағы алаңқының шетін ала қызыл талға сұлай жығылған жіңішкелеу бір терекке өрмелеп шығып кетті де, шошқаның қабаны жер соғып, ызалы қорсылдап әлгі теректің томарын айналып қалды. Бір демнен кейін қабан ізі бойынша қайта кеткенде, теректен түскен аю соңынан тағы кетті. 

Баймұқан өз көзіне қайран, не көріп отыр, аңшылық өмірінде жабайы қабанның бір шалғанынан әрқандай қарсы келген жауының аман қалмайтынын білсе де, аюдың мынау айласын көрмек түгіл естімеген екен. 

Табиғаттың екі дүлей мақұлығының әлгі сайысы тағы қайталанды. Қызық көріп Баймұқан отыр. Міне аю және бір рет терекке өрмелеп шығып кеткенде, қорсылдап қалған қабан да ізінше қайтты. Теректен түскен аю тағы соңынан ілесті. Осы орайды күтіп отырған Баймұқан «лып» етіп орнынан тұрды да, лезімде барып қызыл талдың айыр бұтағын қапсыра  сүйеніп құлаған теректі бұтақтан айырып анадай жерге тастай салды да қайтадан бекінісіне келіп, мылтығын оңтайлап, ендігі істің не болатынын күтті. Айналмады, қашып аю, тақымдап қабан жетті. Аю әдетінше терекке келді де жерде сұлап жатқанын көріп, сондай бір ашты дауыспен «баж» ете түсіп алдыңғы екі аяғын көтерді. Тақымдап келе жатқан қабан қатты қорс ете түсіп, жуан мойынын бір шайқап аюды қарнынан шалып өтті, ақтарылып аю қалды. Дайын қарауылда отырған Баймұқанның бердеңкесі шаңқ етті де, жер сүзе қабан құлады. 

Адамның, оның ішінде аңшының осындай салымы келіп тұрғанда тоят тауып, қанағат еткен кезі болған ба? Ақтарылып жатқан аюға, өз оғынан ажал тапқан қабанға Баймұқан айналмады. Осы екі мақұлықтың сайысының соңында не барын білгісі келіп, жаңағы бұлардың ізімен сәл құлдады да кереге тастың арасына қамалып тұрған төрт торайы бар жабайы шошқа мегежиенінің үстінен түсті. 

Баймұқан енді білді, аю таспен атып, бұларды жібермеген соң, қабанның сайысқа түсуі осыдан екен. Алдында «мені көрдің бе» деп тұрған дайын қарауылды Баймұқан мерген жібермеді. Мұрт астынан жымиды да мегеженімен қоса төрт торайды да оққа байлады. Міне тіршілік заңы осындай екен ғой деп ойлады ол. Аюды қабан алды, әлі жетті. Ал қабан мен қосып мегежин, торайларды адам алды, айласы асты. Оның үстіне дәл осы жерде Баймұқан мерген осындай семіз, күзде әбден толысып, майласып алған мақұлықтардың терісін сойып, өлексесін де мына Тасөткелдің аузындағы посолкедегі, қоржадағы орыстарға қаншаға өткізерін есептеп те болған еді.

Я, адамзат сен осындай құдыретің мен ұлы табиғаттың бейуаз серілерінің қожасысың, қыл аяғы оның бір тал түк, тері-тарамысына дейін пайдаңа жаратасың, ал, өзіңе кім қожа! 

... Cалымды аңшы санда бір...  



2.Қимаған оқ, қыл көпір


Күресін қоңырсып, тал бүршігі буазып, көктемнің алғашқы кемпір шуағы басталған кез еді. Аяқ астынан әлденеге елеңдеп қарадай құлазып өз үйім өзіме тарлық еткендей күйгелектендім де қалдым. Неше күн жазып отырған шығармам да көңіліме олқы соққандай сыңай байқатты. Өз сің өзіңе жақпағаныннан өтер қапалық бар ма? Қағаз да, қалам да столде қалды. Ширығып аулада жүргенмін. Көктем күнінің шуақты нұры денеме жайлы тигенімен, шиыр көңіл-күйімды жазар емес. 

Кенет ашық тұрған дарбазадан таяғын тық-тық еткізіп, аппақ шоқша сақалды, жұдырықтай қара шалдың кіріп келмесі бар ма? Селт еттім, кезікпегелі көп болған. Балаша қуанып, ұмтыла бердім. Бірақ, тұмысында қаңғажақтай, аяғы жеңіл қара шалым таяғын тықлдатып, лып-лып басып келіп, менен бұрын амандық сұрай бергенде:

- Ассалаумағалаикум, ақсақал, апыр-ау қалай келіп қалдыңыз? – деп қолын ұстасымен:

- Уағалаикомиссалам, балам, қалай келуші едім, ауыл арасы ат мініп жүретін емес, қатқақпен жаяулап жеткенім ғой, - деді жайымен.

Я, көктемнің осы кезі түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз дегендейін, ауыл арасы жолының лайсаң шағы болатын. Бұл қара шал 30 жылдан астам өмірін аңшылықпен өткерген Қожа атты мерген. Осы кезде шаш-сақалы ағарып, өңіне ажім түскенімен, анау жарқабақтың астындағы қой көздерінің нұры таймаған, қарашығының жанары әлі өткір, шақпақ етті, әрекеті тым шапшаң, өзі осы ауылдағы ең қадірлес, дос-жар адамым. Кемпірі қайтыс болғанымен, үрім-бұтақты, ортаншы келіні мен кіші қызының күтімінде тұрады. Ақ жарқын аңқылдаған адам. Жасы менен парықты болғанымен, сырымыз, әзіліміз ортақ. Анда-санда осындай бас қосып қалғанымызда ақтарыламыз да қаламыз. Өзінің көрені де, білгені де ұшан-теңіз. Кейде мен «шіркін-ай, мынау шақшадай басына осыншалық дүниені ұялатып сақтай білген көңілі даңғыл кария бір болса осы Қожакең болар» деп қайран қалушы едім. Міне, сол даңғылымды құдай өзі айдап келді. Бағынағы ширыққан беймазалық күйлерім әдіре қалды да, Қожа мергенмен әңгімеге түстім де кеттім. 

Көсіліп кеңесер, шешіліп сыр шертісер алдында Қожа мергеннің мұрт астынан миықтап қана күліп, желпіп қана өтетін жұмсақ мысқылы болушы еді. Міне тағы сол әдетіне басты. 

- Ей, шырағым, менің шарамдағыны шайқап, ішімдегіні қырып алып, о дүниеге қуыс кеудемді аттандырып жүр ме, ол жерде де ел-жұрт, жақын-жағалас ағайын бар. Олар да тірлік дүниесінен не көріп, не білдің деп сұрайды ғой. Тірлік дүниесінен сарқыт дәметер менен де, - деп менің әңгіме бұйдасын соза бергеніме орай сық-сық күлді. Я, Қожакем, сенің осы ғой күні бүгінге дейін ел аузында тәмсіл болған мыңнан бір жұмсақ мысқыл, жатымды әзілің. Демекші, баяғыда осы Қожакең үлкен қызына құда болады да, қарғыбау құдалық, өлтірі сияқты ырым-жырымды арт-артынан орындап, келер жыл уағында қызын бермекші болады. Жыл уағына таяп қыстаулықтағы елдің көктеулікке бет алып көшкен мезгілі болса керек. Өзінің малы шағын Қожакең бір байдың бір қора қойын бала-шағасымен бағып көшіп келе жатып Жіңішкесу деген жерде ерулеп отырғанда «қалыңдық ойнап», бір жағынан қайын жұртына амандасу үшін күйеу жігіт келеді. Қыстай көрмеген, оның үстіне мынадай көші-қон үстінде сәлем беріп, жай-күйлерін білгелі келген күйеу жігітті Қожекең ықыласты пейілмен жақсы қарсы алады, өз жолымен күтеді. Енді жатарға келгенде күйеу жігіт жағынан жеңгетайлық «сәлем-сауқытын» алып топсасы босаған үлкен келін өз күйеуін қора шетіне айдайды да, атасына сыртқа төсек жайластырып, күнде қос ішіндегі өз орнында жатқан Қожекеңе қарап: 

- Ата, күйеу қонақ, сіз... – деп сызыла тұрып атасына сырттағы жайлап қойған төсекке жатыңыз, дегендей емеурін білдіреді. Қашан да бала-шағасымен мәре-сәре әзілдесіп, желпініп отыратын Қожа мерген сол желпініспен: 

- Беу, шырағым-ай, күйеу қонақ болса қайтейін, тіккеніміз қос болады, қос іргесі бос болады. Өз орным өзімдікі, - деп жұмсақ мысқылдап қисая кеткен екен. 

Міне, сол сияқты жамбасындағы көрпеге көсіле жастыққа шынтақтай қисая түскен Қожа мерген әңгімені сапырды-ай келіп, сондағы аңшылық, мергендік сапарындағы бір әңгімесі сарқыт болып қалыпты...

Елсіз шатқалды өрлеп Қоже мерген келеді. Осынау өңірдегі жалғыз қорушы өзі. Қыстай мал бағып, көктемге қарсы серпіліп көктеу, жайлауға көшіп кеткен ел, тоқырау аяқтала қыстаулықтарына қайта көшіп келгенше, ұлан жаз жалғыз өзі отырғаны отырған. Балалары әлі жас. Өз қолына қарап отырған топты жанға қолдағы жалғыз сиыр мен бес садыра ешкі-лақ сауын болып та, көже-қатық болып та жарытпайды. Қожа мергеннің ендігі бар сенері қолдағы мылтығы мен талшығы таудың қоңыр аңы. Әсіресе, жаз ортасында қызылсыраған бала-шағаға ет үлкен аужал, көже-қатық та, керіп тұздап кептірген терілері Майлы, Жайыр, Тарбағатайды шыр айналып жүріп соқпа-соқпалап келіп қалатын сонау Қашқар, Үрімжі, жақыны мынау Шиху өңірінің саудагерлері қызығып алатын бұйымы. Сол арқылы бала-шағаның киімі бүтінделіп, кеңірдегі қамдалып жатады. 

Тұрмыс қайнары табиғат дүниесіне байланған Қожа мерген қоңыр аңдар әбден тойынып, жүні жетілген осындай мезгілдерде үйінде көп бел шешіп жатпайды. Шатқал кезеді. Рыздығын іздейді. Бүгін де сол тіршілік қамы шатқал ішін тінтіріп келеді. Аяғында тері шақай, үстінде жидітіп тастап әбден иін қандырып, шүкірге бояп ешкі терісінен істеген жарғақ шалбар мен күртеше, шалбарының балағынан жарғақ байпақпен қосып шақайдың қайыс бауымен шанди орап сыптығырдай етіп алған. Жеңіл киімді, қырқылжың жігіт шағындағы Қожа мергеннің жүрісіне мына бүк орманды шатқалда атың жол қалсын!

Басы тарам-тарам құзарлы, жік-жік қатпарлы болып, балағы өзі жеткен тұста түйілісетін Құйғанның аузына іліне бере, сере жартастың түбінде көлеңкелеп ұйықтап жатқан дүмдей таутекеге маңайын жіті шолып келе жатқан Қожа мергеннің өткір жанары қадала түсті де қалт тоқтады. Арасы арқан бойы ғана, мергендер тілінде жатқан қарауыл деген осы. Жануар алдыңғы аяғын баурына алып, иегін тасқа сүйеп, артқы аяқтарын көсіле созып тұрып шірене ұйықтапты. Садақтың жағындай иілген середей екі мүйізі артқы серперін тіреп жатыр. Тырп етер емес. Қожа мерген сәл ентігін басты, мылтығын ықғайлады. Одан алуға оңтайлы болу үшін шалбарының алдыңғы ышқырына қосып тіккен оқ қалтасындағы бес оқтың бірін алып мылтығының таңдайына баса беріп кілт ойланып қалды. Осындай иен өңірдегі жалғыз үй қорушы аңшы мерген үшін бір қиыншылық оқ-дәрі. Оқтың қорғасынын өзі құйып ала береді. Қалған жез мылтық дәрісін табудың жолын да әзірлеген. Ол болса сонау Үрімжі, мынау тұрған Шихудан бірнеше жылдан бері өзіне арнайы керек-жарағын ала келетін, аң терілері мен әбден қырып, өңезін шығарып, тазалап, жөргемдеп кептіріп қойған қарақұйрық, тауешкі сияқты аң ішектеріне дейін тоқтамдасып алып қайтатын екі саудагер бар. Сол арқылы жез де, дәрі де табылып жатады. Бірақ, кейде сол қолдан жасалған оқтар дәрі өлшемінің артық-кемдігінен бе, кім білсін, атқанда не қарауылдан шалқып кетіп, не жетпей қалып сан соқтырып кететін кезі де болады. Сонан өткен жолы Шихулық таныс саудагеріне жалынып жүріп, бір ішіктік тауешкі терісін бабында илеп, қырып, аппақ зоңдай етіп сыйлағанда оның есесіне ол он дана завод оғын тауып әкелген еді. Әдетте өзінің қол жасаған оқтарын істетіп, завод оқтарын сары майдай сақтағандықтан осы қалған бес тал оғын мынау жатқан қарауылға қиғысы келмей қалды. Шіркін пендешілік, адам ойын шырмағанда не істеткізбейді дейсің. Тіпті Қожа мерген өзінің қол жасаған оқтарын да мынау жатқан текеге қимады. Бас салып бауыздап алғысы келді де жаңағы бір оғын қайтадан оқ қалтасына салды. Мылтығын тасқа сүйеп, үстіндегі жеңіл күртешесін шешіп тастап, көйлегінің жеңін түрінді. Одан тері байпақтың қонышындағы шақайдың бауымен бастырып тастаған қайқы қара пышақтың сабын қолымен бір сипап қойып, ұйықтап жатқан текенің сырт жағынан ала жымып басып жөнелді. Өзі де шарғы бойлы қаңылтақ адам мысық табандап маймаңдап басып жөнелгенде мұндай епті болар ма, тырс еткен дыбыс шығарсашы... Ешбір сыбдырсыз, жеп-жеңіл болып текенің дәл үстінен түскен мерген аял етпеді, «сарт» етіп текенің екі мүйізінің ортасын ала арқасына қона түсті. Мойын түптен алып текенің басын тасқа ұрмақшы бола бергенде шошына атып тұрған дүмдей теке Қожа мергенді шыбын құрлы көрмей жөнеле берді. Үстінде Қожа мерген кетті. Әйтеуір екі қолы мойын түпке мықтап жабысқан, жасынан атқа үйренген қу тақым текенің екі өкпесіне шегенделіп, Қожекең текенің үстінен жығылмай кетіп барады. Шошынған теке алғашқы бүк орман, бұтаны сара тіліп жөнелгенде-ақ Қожа мергеннің үстіндегі көйлек, бұтындағы жарғақ шалбар сарағаш, бұта-бүргендердің бұтағында жұлымдалып, денесі де жырымдалып кетіп еді. Тіпті теке қысаң жартастардың арасымен заулағанда тас соққан денесінің не болғанын өзі де білмеді. Міне, теке бір қорымда ырсылдап келеді. Қанша дегенмен үстіне жабысқан адамның салмағы оған да оңай соқпады, өмірі құз-қиядан тұяқ ілмеген тау серісі сүрініп кетті. Қожа мергеннің жанталаста қолына жұдырықтай тас ілінді. Сол-ақ екен, Қожа мерген қолына ілінген таспен текенің көз тұсын ала қойып-қойып жіберді де, жан дәрмен тасты екінші қолына алып енді бір көзін ұрғылай жөнелді. Бұралаңдап қалған текеден ес кеткенде қорым шетіндегі жартастың төбесінде шыр айналып тұрып қалды. Осы кезде мергенге де ес кірді. Үстіндегі бұтын лыпасы таудың бұта-бүргені мен жартасында қалған, өзі жаралы оның үстіне шақайдың қайыс бауымен мықтап бастырып тастаған қара пышақ түсті. Сипап еді, бар екен. Бақ болғанда, шандып байлап тастаған қайыс бау сақтаған екен, суырып алды да шыр айналып сенделектеп тұрған текенің өкпесінен «қорс» еткізіп бойлата сұғып жіберді. Қанға малынып теке жатты. Өзінен де әл кетті. Дегенмен адам деген жансебіл, не заматта есін жиды. Дене жаралы, жалаңаш, сонда да ит жандылықпен орнынан тұрды. Тұрды да текенің басына қарады алдымен, қолына түскен таспен ұрғаны мұндай жақсы болар ма, шыққаны, не сау екені белгісіз, әйтеуір жануардың екі көзі күп болып ісіп кеткен екен. Егер теке енді жан далбамен таяқ тастам жерге ұмтылар күй болса, онда өзі де, теке де жоқ, өйткені жартастың асты құзар зау, Қожа мерген иманын үйірді. Жағасына қолын апарды. Жалаңаш адамда қайдағы жаға, кеңірдегіне қол тигізді. 

- Міне, пендешілік деген осы. Асқандық па, сығандық па, ептілік-ерлік немесе әумесірлік пе, оны өзің мөлшерлей жатарсың, шырағым. Қимаған бір тал оққа бола ажалдың қыл көпірінен тірлігімде осылай өткен кезім болған. Ендігі су ішерлігім қанша, оны Жаратушым өзі біледі, - деп толғанды Қожа мерген. 

Ойланып қалдым, қожа мерген ажалдың осындай қыл көпірінен өтіп, бір аяғы көр аузына барған кезінде де жан олжа деп тайып тұрмай алдында сұлап жатқан рыздығын тағы тастамапты. Дереу нан текені сойып, қан-жынын ақтара салыпты да бір тал тобылғыны ұштап жіберіп, тенкенің ішін бүрмелеп алып, жалаңаш арқалап, терісін беліне байлап, ес кетіп, жан шыққанда сол күні таң алдында үйіне зорға жеткен екен...

Ғажап, пенде баласының осындай өз құлқыны жолында көрсетіп отырған жанкешті, жұлымырлығының алдында дүниеде төтеп беретін қандай күш бар деші...

... Қимаған оқ, қыл көпір...                                                                          


«Жерлік бояу – жерлік бояу деген не? Жерлік бояудың мағынасы жазушы өз айналасындағы өмірді өзінше бейнелесін деген сөз. Бұл табиғи өнер болмақ.

Хикаяттардың жерлік бояуы деген сол жердің өз топырағында туып, ержеткен адамдар ғана жаза алатындай сапалы және астарлы хикаяттарды көрсетеді.

Бұл жазушы суреттеген өмір гүл-байшешектің өскені сияқты табиғи болуы керек, деген сөз. Бұл жазушы табиғатты суреттегі құсатып суреттемеуге тиіс, деген сөз – әрбір түп ағаш, әрбір құс және әрбір тау суреттегі сияқты әдемі болып келмей, етене, араласа алатындай, әрі жазбаса болмайтындай болуы тиіс. Ауыл хикаяттарын жазу саяхатшының қолынан келмейтін шаруа. 

Мұнан көрінетіні – біз жерлік бояуды жерлік бояуға бола қумауымыз керек. Ол, даусыз, қажеттілік түрінде жарыққа шығатын болсын. Өйткені, мұндай бояу жазушының бойында өте табиғи түрде сақталып тұрады. Ол оның маңыздылығын, ол жайындағы іңкарлығын көрсетеді, жіті сезіп отырады. 

Жерлік бояу оқырмандардың зауқын қоздыра ма, жоқ па, дегенге бас қатырудың қажеті жоқ. Хикаят өзіне адал болсын, жерлік бояуды тек қызғушылық үшін ғана жазсын. Гере, оның шынайы жазушы екені анық болса, ол оқырманды өзінің жазғаны арқылы, сөз жоқ, тебіренте алады. 

Біз азамзаттық тақырыптарды жазуды дәріптеуге тиіспіз...

Кейбіреулер жерлік бояуы бар шығарма ең жоғары бейбітшілік сүйгіш қуатқа ие, деп қарайды. Мен бұл пікірге қосыламын. Бірақ, жазушы шеберлігін шыңдауы тиіс. Шығармаға өзінің жеке басына тән көңіл-күйін тықпаламауы керек. Ескі заманның уағыздарын бүгінгі өмір мен әдебиетке көшіріп әкелу де өнерді бірсарындылыққа салып қояды, жазушының шығармашылығына теріс ықпал етеді».


   АҚШ сыншысы Хамлин Гарландың «Өнердің жерлік бояуы» шығармасынан үзінді.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты