М.Шолохов: Адамның тағдыры

853677d83fd535058b7aa56d036f81b6.jpg (476×600)


  Әңгіме 


1903 жылдан бері Кеңес Одағы коммунстік партиясының мүшесі Евгения Григориевна Левитскаяға.


Соғыстан кейінгі алғашқы көктем жоғары Донға елден ерек қаурт та тегеуірінді келді. Наурыздың аяқ кезінде Азов жағалауынан өкпек жел соқты да, екі тəуліктен кейін-ақ Донның сол жағалауының құмы таптаза жалаңаштанып та қалды; қырдағы күртік қар кептелген сай-салалар көпсіп, ісініп кетті; даланың кіші-кірім өзендері, сеңі жүріп буырқана тасыды да, аласапыран боп, жол біткен мүлдем дерлік жүріс бермей қойды.   

Көксоқтаның осы бір қырсықты шағында Букановска станциясынан сапар шегуіме тура келмесін бе. Ел арасы онша қашық та емес — бар болғаны алпыс-ақ километр — бірақ соған жетудің өзі де оп-оңай бола қойған жоқ. Жолдасым екеуіміз күн шықпай-ақ аттанғамыз-ды. Қос семіз ат қайыс жетектерін сірестіре тартып, ауыр көк арбаны əрең сүйреп келе жатыр. доңғалақтар қар мен мұз аралас ылғалды құмға көпшегіне дейін батып, жер сызып бара жатыр; бір сағат болмай-ақ аттардың бүйірлері мен сандарында шілеялардың қайыс таспаларының астынан сабындай боп отаулана көпіршіген ақ көбігі көрініп те қалды. Ал азанғы салқын  таза ауада жылқының тер иісі, шылқыта майланған ат əбзелінің жылымшы қарамай иісі мұрыныңды жара, еліте аңқып қоя береді.

Аттар арбаны ауырлап тарта алмай қалған жерлерде біз арбадан түсіп, жаяу жүрдік. Жіпсіген қарға етігіміз шылып-шылып тиеді, жүру өте қиын болды, ал жолдың жиегінде күн көзіне шағылыса, хрусталдай жарқыраған мұз қабыршақ əлі де сіресіп жатқан-ды, ондай жерлермен жүру тіпті қиынға соқты. Отыз километр жерге алты сағатта əрең жетіп, Эланка өзенінің өткеліне келдік.   

Мохов хоторының тұсындағы, жазда кей жерлері құрғап та қалатын кішкене жылға қандағаш өскен сазды алапқа ені бір километрдей боп көлки тасыпты. Арғы бетке үш адамды ғана көтере алатын, бұлтыңдаған жайпақ түп қайықпен өту керек болды. Аттарды қайтарып жібердік. Бізді арғы бетте, колхоз сарайында қыстүгүні қалдырып кеткен, көресесін көп көрген көне «Виллис» күтіп тұрған-ды. Шофер екеуіміз қаусаған қайыққа қорқақорқа міндік. Жолдасым нəрселердің жанында, бергі жағада қалды. Жағадан жылжый жөнелуіміз-ақ мұң екен, дереу қайықтың шіріген түбінің саңлауынан əр жерден жіптіктей су аспасы жоғары шапши бастады. Сенімсіз ыдысымыздың саңлауларын қолда бар құралдарымызбен тығындап, бітедік те жағаға жеткенше ішіндегі суды қотарумен болдық. Бір сағат дегенде Эланканың арғы бетіне əзер жеттік. Шофер қыстақтағы машинаны зырғытып айдап кеп тастады да, қайтадан қайық маңына келіп, ескекті қолына ала беріп:

— Егер мына қарғыс атқан астау су үстінде ыдырап кетпесе, екі сағат шамасында қайта ораламыз, одан бергі мезгілде келер деп күтпей-ақ қойыңыз, -деді.

Қыстақ алыста, бір шетте көсіле көлбеп жатырда, қайық басы тек қоңыр күзбен ертелете келген көктем кезінде ғана елсіз жерде болатын сондай бір тым-тырыс тыныштыққа бөленгенді.  Өзен суынан сыз лебі еседі, шіріп жатқан қандағаштың ауыз қуыратын ащты иісі аңқиды, ал хопер жиегіндегі сонау тұманның көкше мұнарына малынған шалғай қырлардан самал жел қар астынан таяуда ғана азат етілген қара жердің мəңгі балғын, əрең аңғарыларлық хош иісін жосылтады.   

Жақын маңда, өзен жиегіндегі құмның үстінде құлаған шарбақ жатқанды. Сол шарбақтың үстіне отырып шылым тартпақ боп ем, бірақ мақталы сырмамның оң жақ қалтасына қолымды сұғып кеп жіберсем, сұрапыл күйінішіме 

қарай «Белемор» шылымымның сауыты мүлдем дымқылданып қалыпты. Өзенен өткен кезімізде, ернеуіне жетеқабыл батқан қайықтың үстін толық шайып, лай су мені белуарыма дейін шомылдырып өткен-ді. Ол шақта шылым жайын ойлауға мұршам келмеген еді, ескекті тастай салып, қайық батып кетпесін деп, жалма-жан ішіндегі суды шөміштеп алып төге бергем-ді, ал енді қазір, осы жаңсақтығыма күйіне опынып, жібіп қалған шылым сауытын қалтамнан ептеп қана шығардым да, жүремнен отырып, дымданған, қоңыр тартқан шылымдарды бір-бірлеп шарбақ үстіне тізе бастадым.

52bb6d6d986353257c700e69d02490b0.jpg (973×620)

Түс кезі еді. Күн көзі дəл шілдедегідей қыздыра жарқырап тұрған-ды. Шылымдарым лезде-ақ кеуіп қалады ғой деп үміттеніп отырдым. Күн көзі қыздырып, шыжи бастағаны соншалық, солдаттың мақталы шалбары мен сырмасын жолға киіп шыққаныма өкнуге де айналдым. Қыс өткелі алғаш жадырап тұрған нағыз жылы күннің өзі де осы еді. Шарбақ үстінде, тыныштық пен жалқылық ырқына бүтіндей көніп, осылай жалғыз отыру, басыңдағы ескі солдат құлақшыныншешіп алып, ауыр ескекті қатты есіп тершігенен ылғалданған шашыңды самал лебіне кептіру, өңі тайған аспан көгінде жүзіп бара жатқан ақ ұлпа, томпақ омырау бұлттарды ойсыз бақылап отыру — қандай ғанибет.   

Аздан кейін қыстақтың шеткі аулаларының арғы жағынан жолға шыққан бір кісіні көзім шалды. Ол кішкене ғана ұл баланы қолынан жетелеп келе жатты, бойына қарағанда, бала бес-алты-ақ жас шамасында, одан ары болмас. Олар шаршай басып, өткелге қарай ілбіп келе жатыр еді, бірақ машинаның тұсына келгенде, маған қарай жалт бұрылды. Ұзын ойлы, еңкіштеу ер кісі, тіпті тақау келіп:

— Амансың ба, інішек! – деді тежей іріккен жуан дауыспен.

— Есенсіз бе, - дедім де өзіме ұсынылған күректей күсті қолды қысып, амандастым.

Ер адам ұл баласына еңкейіп:

 — Ағаңмен амандас балам, - деді, - папаң сияқты бұл да шофер көрінеді ғой. Тек сенімен біз екеуіміз жүк машинасын жүргізіп жүр ек, ал мына кісі мінеки мынау кішкене машинаны айдайды.   

Аспан зеңгіріндей айқын ашық көзімен менің көзіме тіктеп қарап, сəл ғана күлімдей түсті де, ұл бала мұздай алқызыл кішкене қолын маған ұсынды. Мен оның тиіттей қолын жеңіл ғана сілкілей амандастым да:

— Уа, қартым, қолың неге сұп-суық? Дала жып-жылы, сенің тоңып жүргенің қалай? – деп сұрадым.   

Бөбекке тəн, жүрек елжіретерлік сенгіштікпен балақан менің тізелеріме сүйене тығылды да, аң-таң боп ақ шабдан қастарын кере қарады.

— Қалайша мен қартпын, ағай? Мен əлі қаршадай баламын ғой, тіпті тоңып та тұрғаным жоқ, ал қолым суық болса, қар домалағын шиыршықтағам.   

Тым-ақ жұқалаң зат қапшығын арқасынан алып, қалжыраған пішінмен қасыма отыра беріп əкесі:

— Осы бір жолаушы маған сор болды өзі! – деді, - осының қырсығынан мен де болдырдым. Аршындаңқырай аттасаң — ере алмай бүлкілдей бастайды, мінеки адымыңды тең алып жүріп көр мұндай жаяу əскермен. Бірақ аттайтын жерімді үш рет аттаймын, өстіп ат пен тасбақаға ұқсап, екеуіміз екі ауанмен кібіртіктеп жүріп келе жатқанымыз ғой. Жəне тағы бұл арада мұнан əсте көз айырмау керек болады. Сəл ғана теріс айналдың ба, қарасаң балақаның су кешіп бара жатады яки мұз қабыршығын сындырып алып, кампит орнына сорып келе жатады. Жоқ, мұндай жолаушымен сапар шегу жəне онымен қоймай, жорық тəртібімен үдіре жүру еркектің ісі емес. — ол біраз үндемей отырды да, сонан соң: — Иə, немене, бастығыңды тосып отырсың ба өзің? – деп сұрады.

Шофер емес екенімді айтып, оны түңілту маған тіпті де қолайсыз болды, сондықтан:

— Тосуға тура келді, - дей салдым. 

— Арғы беттен келетін шығар? 

— Иə.  

— Білемісің, қайық тез келер ме екен? 

— Екі сағаттан кейін

— Əжептəуір уақыт өтеді екен.    

Қайтбек керек,  тынығып тұрамыз дағы, ешқайда асығып бара жатқаным жоқ қой.  Өтіп бара жатып көз салсам: өз əріптесім — шофер күн көзіне қақталып отыр екен. Қойшы, бұрыла кетейінші, біролікте темекі тартамыз, деп ойлағаным ғой. Жалғыз отырып темекі тарту да, өлу де жиіркенішті-ақ. Ал сен өзің бай көрінесің, шылым тартқалы отырсың ғой. Дымдандырып алғансың ба, тегі, шылымды? Алда бауырым-ай, дымданған темекі, емделген жылқымен тең, түкке тұрмайды ғой. Қане онан да менің аштымды тартып көрейік.

Ол сұрғлт-жасыл жазғы шалбарының қалтасынан алқызыл жібектен тіккен, үйкеліп сауыт болған, жіңішкелеп бүктетілген темекі қалтасын алып, оның бүктесінін жазып жібергенде де, қалтаның бұрышынан: «қымбатты жауынгерге лебедия орта мектебінің 6 сынып оқушы қыздарынан» деп жазылған кестені оқып та үлгірдім. Екеуіміз қолдан жасалған зəрдей ашты темекіні тартып, ұзақ уақыт үндемей отырыстық. Баламен қайда барасыз, осындай аласапыран лайсаңда сіздерді айдап келе жатқан қай мұқтаждық деп сұрағалы оқтала бергенімде, ол кісі менен бұрынырақ, алдымды орап өзі сұрақ қойды:

— Сен немене, бүкіл соғысты машина айдаумен өткіздің бе? 

— Бүкілдей деуге болады. 

— Майданда ма? 

— Иə. 

— Ендеше менің де сол соғыста қайғықасіретке белшемнен батуыма тура келді, інішек, тіпті одан да жоғарырақ болып жүрмесе.

Əлгі кісі қап-қара, дəу қолдарын тізесіне қойды да, қусынып отырды. Мен ептеп қана оған қырынан қарап едім, көңілім бір түрлі өрекпіп қоя берді... Бейне бір күл сеуіп қойған тəрізді арылмас ажал уайымы толы көз — тіпті өзіне тіктеп қарауға да қиын болатын осындай көз жанарын бұрынсоңды көріп бе едіңіздер, сіздер? Менің кездейсоқ жолыққан серігімнің көз жанары міне осындай еді.   

Шарбақтың қураған қисық шыбығын сындырып алып, ол əлде нендей бір шым-шытырық тұлғаларды шимайлап, бірер минуттай шыбығымен құм үстін үнсіз сызғылап отырды да, содан соң сөз бастады.

— Кей – кейде түні бойы ұйқы көрмей, нұрсыз көзіңмен қараңғылыққа үңілесің де: «не үшін, өмір, сен мені осылайша  мертіктірдің? Қай қылығым үшін мені осынша жазаладың? Деп ойлап жатасың. Қараңғы түнектен де, жайдары жапрқын күн нұрынан жауап жоқ қой маған... Жоқ, өмір бойы ала алман!» – деді де, кенет аңғарып қалып, баласын аялай итермелеп:

— Бара ғой, қарағым, су жиегінде ойнай ғой, үлкен судың жағасында балаларға олжаның қандайы болса да үнемі табыла береді. бірақ байқа, аяғыңнан су өтіп кетіп жүрмесін! – деді.   

  Əлгінде, екеуміз үндемей темекі тартып отырғанда, əкесі мен баласына ұрлана қарап қойып, мен, өз ойымша, бір оғаш жəйітті таңырқай байқап қалғаным-ды. Баланың киімі жұпыны болғанымен, берік те мығым: ешкінің көнелеу, жұқа, қырықпа терісінен астарлап, жеңіл ішік іспетті етіп тіккен ұзын етек қима пешпетінің баланың өзіне қона кетуі, титімдей бұлғары етігі жүн шұлықпен киетіндей етіп тігілгені, пешпет жеңінің ерте бір кездегі жыртығының өте шебер тігісі, — осының бəрі əйел қамқорлығының, өнерлі ана қолының аяғағы тəрізді. Ал əкесінің үсті-басы басқаша көрінеді: бірнеше жерін күйік шарпыған мақталы сырмасы құнтсыз да дөрекі жамалған, киілуі жеткен көнетоз сұрғұлт жасыл шалбарының жамауы дұрыс жапсырылмапты, əсілі, еркек қолы одан-бұдан арбита көктеп, жөрмей салған секілді; аяғына кигені үр жаңа дерліктей солдат бəтіңкесі, бірақ жүннен тоқылған қалың шұлығын күйік қарып тастапты, оған əйел қолы жанаспаса керек... «Иə, қатыны өлген тұл еркек, Иə əйелімен тату тұрмайтын кісі ғой мынау»,  деп ойлап қойғам-ды сонда-ақ.

Алайда ол, мінеки, ұлын көзімен ұзатып салып, көмескілеу дыбыс шығара жөтеліп қойды да қайтадан сөз бастады; мен бар зейініммен  ынтыға тыңдадым:

— Алғашқы кезде өмірім кəдімгідей бірқалыпты өтіп жатты. Мен өзім Боронеж губерниясында мың тоғыз жүзінші жылы туғанмын. Азамат соғысы кезінде қызыл армия қатарында, Киквиедзенің дивизиясында болдым. Жиырма екінші жылғы ашаршылықта Кулактарға жалданған Кубанға тартып отырдым, тірі қалғаным да соның арқасы, əке-шешем, қарындасым аштан өліпті. Мен жалғыз қалдым. Туған-туысқан дегенен жұрдай, жым-жылас болдым — ешқандайда, ешқандай, маған жұрағат бір жан жоқ. Сонымен бір жылдан кейін Кубаннан қайтып келіп, үйімді саттым да, Боронежға кеттім. Алғашқы кезде ағаш шеберлерінің артелінде істедім, содан кейін заводқа кірдім, силесар мамандығын үйреніп алдым. Көп ұзамай үйлендім де, қалыңдығым балалар үйінде тəрбиеленіпті. Жетім қыз екен. Бақытыма тəуір қыз тап болды. Момын, жайдары, көмпіс, ақылды; мендей əусар емес. Сордың қөұны қаншадан екенін ол бала жасынан-ақ біледі екен, бəлкім, оның мінез-құлқына осы жағдай да əсер еткен болса керек. Біршеттен қарағанда — ол өзі пəлендей көрікті де кісі емес-ті, бірақ мен оған шеттен қарағаным жоқ, тікелей, қадала қарадым ғой. Сондықтан маған одан сұлу, одан қалаулы əйел бұл жалғанда болған емес, болмайды да!

Жұмыстан шаршап қайтсаң, кейде тіпті, жынша аласұрып, ашуланып та қайтасың. Жоқ, айта көрмеңіз, сенің, дөрекі доғал сөзіңе өрескел жауап қайтармас еді ол, аялай еркелеп, елжіреп, жуас байқұс, сені қайда отырғызарын білмей, асты-үстіңе түсіп бəйек болар еді. Жоқ-жұқана дəулеттің өзінде саған сəтті тағам əзірлеп бергелі жанталасар еді. Қарайсың да оған, ашуың тарқап сала береді, енді бір сəттен кейін құшақтайсың да оны: «көгершінім, жан сəулем Иринка, көргенсіздік істедім-ау мен саған. Түсінесің бе, бүгін жұмысым жөнге келмей-ақ қойғаны» –дейсің. Сонымен тағы да арамызда татулық, менің көңілімде тыныштық орнайды. Ал енді бауырым, жұмыс үшін мұның қандай маңызы бар екенін білемісің сен өзің? Тəңертең төсегімнен қунағандай боп түрегелемін де завтыма барамын, қай жұмыс болса да қолымда қыж-қыж қайнайды, оңтайыма келіп оңғарылып жүре береді, ақылды жарың, дос жұбайың болу дегеннің мəні міне осындай, шырақ.     

Еңбекақы алғанда анда-санда жолдастарыммен қосылып ішіңкіреп жіберген кездерім де болатын. Оқтатекте мынадай да жайлар болып қалушы еді: үйге қайтып келе жатқанда аяқтарың сондай дөңгелек шимайлар салып келе жатады, сырттан қарап тұрғандарға, құдай біледі, қорқынышты-ақ болатын шығар. Тұйық тығырықтарды айтапғанда, үлкен көшенің өзі тақияңа тар келеді — болғаны сол. Ол кезде менің денім сау, алпамсадай қайратты жігіт едім, арақты көп іше алатынмын жəне үйіме ылғи өз аяғыммен келетінмін. Бірақ кей-кейде былай да боп қалатын: соңғы қозыкөш жерді бірінші жылдамдықпен, яғни еңбектеп өтетінмін, сөйтсем де əйтеуір үйіме жететінмін. Сонда да саған тағы да жазғыру жоқ, айғай да жоқ, Иринка тек қана күледі де қояды, онда да мені мас күйі ренжіп қалмасын деп, абайлап қана күлетін. Етігімді шешіп: «ірге жаққа жат, Андроша, ұйқылы күйі кереуеттен құлап түсерсің» – деп сыбырлайтын. Əрине мен, сұлы толтырулы дағарға ұқсап, құлай кететінмін де, көз алдағымның бəрі лезімде жүзіп, жылжый жөнелетін. Тек Ирикамның ақырын ғана мені басымнан сипап, бірдеңені еркелей, елжірей сыбырлап отырғанын ұйқылы ояу естіп жататынмын, демек, аяғаны ғой, байқұстың...

Тəңертең ол мені, біраз бой жазсын деп, жұмысқа барар алдында екі сағат бұрын төсектен тұрғызады. Бас түзеткенде ештеңе жемейтінімді біледі, сондықтан, əйтеуір тұздаған қияр немесе тағы сондай жеңіл-желпі бірдеңе тауып қояды да, қырлы стаканды толтыра арақ құяды. «Бас түзет, Андроша, бірақ ендігары іше көрмеші, айналайын» – дейді. Мұндай сенімді ақтамасқа бола ма, батыр-ау? Ішіп саламын да, тіл қаптастан, тек көзіммен ғана алғыс айтып, бетінен сүйемін, сосын, түк көрмегендей, жұмысыма жөнелемін. Ал егер мастығымнан айқыпаған күйімде ол маған кесе көлденең бірдеңе айтса, айғай шығарса немесе ұрса бастаса, бір алла хақ, мен келесі күні де ішіп кетер едім. Əйелі ақымақ үйлерде осындай болатыны да рас; ондай жарымес көк долылардың талайын көріп, көзім қанған, білемін.   

Көп ұзамай балалы-шағалы болдық, əуелі ұлымыз туды, жылдар өте келе екі қызымыз дүниеге келді... Осыдан былай мен жолдастарымнан бездім. Тапқан еңбекақымды түгелімен үйге əкелемін, үй ішінің жандары да едəуір болып қалды, ішіп жүретін жəй жоқ. демалыс күні бір крошка сыра ішемін, сонымен уассалам!

Жиырма тоғызыншы жылы машинаға аңсарым ауды. Автомобил жүргізуді үйреніп алып, жүк машинасының ролын ұстадым. Бертін келе осы өнерге елігіп, завоқа қайтып барғым келмеді, рол ұстау көңілдірек сияқты көрінді маған. Осылайша он жыл өмір сүріппін, бұл жылдардың қалай зымырап өтіп кеткенін де байқамай қалыппын. Бейне бір көрген түстей боп өте шығыпты. Айтпақшы он жыл деген не тəйірі! Егде тартқан адамдардың қай-қайсысынан да сұрап көріңізші: өмірдің қалай өткенін байқап па екен?  Сайтанымды да байқаған жоқ ол! Өткен өмір — анау алда мұнарлап тұрған құба жон, жапан түз сияқты. тəңертең мен сол құба жонды кезіп өткем,айналамдағының бəрі ап-айқын еді, жиырма километр ұзап кетіп едім одан, енді міне қыр даланы мұнар басты, бұл арадан ну орманды аласа қурайдан, аңызды шабындық шалғыннан айыра алмайсың...

Осы он жылдың ішінде мен жұмысты күні-түні істедім. Табысым жақсы болды, тұрмысымыз ешкімнен кем болған жоқ. Балаларымыз да үнемі қуантумен болды: үшеуі де сабақты жақсы оқыды, ал тұңғышымыз, Анатолй, математика сабағына қабилетті болғаны соншалық, тіпті, ол туралы орталық газеттерде де жазылды. Бұл ғылымға деген орасан зор дарын оған қайдан біткенін, бауырым мен өзім де білмеймін. Бірақ оның осы дарыны мені қатты масайратты, мен оны қатты мақтан етуші едім, ой, қандай сұрапыл масаттандым.

Он жылдың ішінде біз азынаулақ тиын-тебен құрастырдық та соғыс қарсаңында шоланы, дəлізі бар екі бөлмелі кішкене ғана үй сатып алдық. Ирина екі ешкі сатып алды. Бізге содан артық не керек?  балаларымыз сүтке бөккен бөртпе жейді; баспанамыз бар; үсті-басымыз, қол-аяғымыз жалаңаш емес; демек, шүкірлік, бəрі ретіне келіпақ тұр ғой. Əттең, үйді салған орным қолайсыз болыпты. Алты сотық жері құрғырдың маған дəл Авия завоттың маңынан тигені ғой. Лашығым басқа жерде болса, бəлкім, тіршілігіміз де басқаша қалыптасар ма еді, қайтер еді...

Ал сөйтіп жүргенде соғыс басталды да кетті. Келесі күні əскери комисарияттан шақыру қағаз жетіп те келді, ал одан арғы күні — хош келдіңіз: ешалонға рахым етесіз. Отбасымдағылар: Ирина, Анатоли, қыздарым — Настенка мен Олиоша — төртеуі мені шығарып салды. Ер балалардың бəрі жігіттік істеп, өздерін берік ұстады. Əрине, қыздардың көзінде, — онсыз бола ма, —  жас мөлт-мөлт етіп, жылтырап та тұрды, бұл кезде Анатолиым он жетіге қараған-ды, ал Иринам болса... Он сегіз жыл отасқан өміріміздің ішінде мұндай болғанын əсте көрген емен. Түнде көйлегімнің иініштері мен омырауы оның көз жасынан құрғамады, тəңертең тағы да, сол жылау-сықтау... вагзалға келдік, сондай аяаймын Иринаны, тіпті жүзіне қарауға дəтім шыдамайды: еріндері көз жасынан күп боп ісіп кеткен; шашы орамалының астынан дудырап шығып, бұрқырап тұр. Көз жанарлары ақылы ауысқан адамның көз жанарынша мұнартып, мағынасыз қарайды. командирлар вагонға отыру туралы əмір беріп келе қалды, Ирина менің көкірегіме құлай кетіп, мойыныма қолдарын айқастырды да, түбірінен кесілген ағаш құсап, қалш-қалш етеді... балалар да жұбатып қарайды, мен де үгіттеймін, — түк септігі болсашы! Басқа əйелдер ерлерімен, ұлдарымен əңгімелесіп тұр, ал менің əйелім ағашқа жабысқан жапырақша, маған тығыла түсіп, жабысты да қалды, құр қалтырай береді, бір ауыз сөз айтуға да дəрмені жоқ. «Апырау, Ирина, сəулешім, берік болсаңшы өзіңе өзің! Қоштасарда маған бір ауыз сөз айтсаңшы тым болмаса» – деймін мен. Айтуын айтса да, əр сөзін өкси-өкси үзіп: «Жаным... сен екеуіміз... бұл... жалғанда... көрісе... алмаймыз ғой...» –дейді Иринам.

Мен өзімнің де оны аяғаннан, айырылысуға қимағанымннан жүрегім парша-парша болып тұр, ал ол келіп дəл сол арада осындай сөзді айтты ғой. Айырылысу маған да оңай емес екенін өзі-ақ түсінуі керек еді, қайын енемнің үйіне құймақ жегелі бара жатқаным жоқ қой. ашу қысып кетпесі бар ма мені сол арада! Сəл күш жұмсаңқырай, Иринаның айқасқан қолдарын жаздым да, иығынан ақырын ғана итеріп қалдым. Тіпті ақырын-ақ итерген сияқтымын, бірақ күш құрғыр менде ол кезде делқұлы дүлейдің күшіндей еді ғой; Ирина тəлтіректеп, артқа таман екі-үш қадам шегініп кетті де, қолын созған бойы, жиі-жиі аттап маған қарай тағы ұмтылды: «осылай қоштасуға болушы  ма еді, жаным-ау? Мені мезгілінен бұрын тірідей көмгенің қайткенің?» –деп айғайладым мен. Қайтейін, тағы құшақтай алдым, жайы кетіп қапты өзінің...

Андрей сөзін айта алмай, əңгімесін клт үзді, тына қалған сол сəтте оның көмекейінде əлде ненің сырылдап, бүлк-бүлк еткенін естіп қалдым. Мына кісінің қамыққаны менің де көңілімді толқытты. Көзімнің қиығымен əңгімешіге қарап едім. Оның бейне бір өліктің көзіндей, жанары сөнген көзінен бір тамшы да жас көре алмадым. Ол жабырқап, басын еңкейте иіп отыра берді, тек сұлық түсірілген қолдары сəл дірілдеп кетті, иегі мен етжең еріндері де дірілдейді...

— Қой-ақ қой, досым, еске түсіріп қайтесің! – дедім мен ақырын ғана, бірақ, ол, сірə, менің сөзімді естімеді ме білмеймін, сондай бір орасан зор қайратқа мініп, өзін-өзі ұстап, көңіл өрекпуін басты да, бір түрлі өзгере қалған, қарлыққан дауыспен:

— Өле-өлгенше, өмірімнің ақтық сағатына шейін, тіпті өлерде де, Иринамды сол бір кезде итеріп қалғанымды өзіме əсте кешірмеймін!... – деді.     


Жалғасы бар


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты