Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Болмыс, қоңырау үні және Ф.Кафканың шеңбері

728998d3eeef2e240677a91e5a1888bf.jpg (780×585)


«Ауыл дәрігері» әңгімесіне шолу


Ф.Кафканың «Ауыл дәрігері» әңгімесі 1917 жылы жазылған. Араға жыл салып тұңғыш рет Лэиптсиктегі Курт Ворв баспасынан басылған «Жаңа әдеби шығармашылық» атты альбомда жарық көрген. 1919 жылы Кафканың «Ауыл дәрігері» әңгіме жинағына кіреді. Дәрігер — егер адамзаттың үйреніп қалған түйсігі бойынша оны кез келген мамандықтың бірі деген танымнан бір адым аттап шығып ойлансақ — ол аурумен айқасып, тіршілікке болысып, жаниесіне өмір сыйлайтын адам. Ал, өмір қастерлі нәрсе. Онсыз өзге дүниенің көк тиындық құны жоқ. Онсыз болмыс та жоқ. Болмыс демекші, тірі екеніңді сезінудің өзі болмыс. Бірақ, болмыстың түрлі-түсті деңгейі бар. Біз үнемі болмыс пен тірі жүруді шатастырамыз. Егер есеңгіреп жатып, есіңе келе қалсаң, сен ең әуелі сезінесің немесе болмыс саған қайтып келеді — сен өзіңнің «осында» екеніңді сезінесің. Бірақ, өмірдің тізбектелген күндерден тұратыны сияқты, көп ұзамай болмыс келіп-кетіп жатқан өзге өткінші дүниелердің тасасында қалып қояды. Сен енді болмыстың ең алғашқы әлгі таза күйін емес, қайта, алдамшы елестердің жетегінде ары шапқылаумен, бері шапқылаумен болып кетесің... Бірақ, бір болмыстың бар екені ақиқат.  Тек біз оны күнде сезіне бермейтініміз өкінішті. Ал, Кафканың дәрігері бізді өзіміз ұмыта беретін осы болмысқа бастайды. Өйткені тіршілік пен өлім кездескен жерде, әлгі дүние көзге оңай түсіп қалады. Әңгімеде назар аударуға тиісті бірнеше түйін бар. Бастап айтар болсақ, дәрігер неге қолды-аяққа тұрмай ауру көруге асығады; атшы кім; жоқ жерден пайда бола кеткен аттар нені білдіреді; ауру баланы не деп түсінеміз... Дәрігердің әңгіме соңында тілге алған қоңырау үні нені меңзейді?  Зерттеушілердің бәрі дерлік Кафка шығармаларының көп мағыналылығын тілге тиек етеді. Ондағы жеке мазмұндарды немесе жеке мазмұндардың өзара байланыс торымен ғана түсінсең, Кафка шығармалары сені қоян жымындай шиырға түсіреді де құйрығын ұстатпай құтылады. Кафканың романдарында ғана емес, алдымызда жатқан шағын ғана «Ауыл дәрігері» әңгімесінде де осы ерекшелік бар. Бұл ерекшелікті біз бір ауыз сөзбен «Кафканың эстетикасы» деп атасақ та болады. «Ауыл дәрігерінде» де Кафка басқаны емес, өзін жазды. Өз болмысын — жандүниесінің сәт сайынғы өзгерісін жазды. Бірақ ол бұны өзінше — өзіне тән өнер эстетикасына түсірді. Кафканың кейіпкерлерінің бәрі дерлік өте сезімтал болып келеді. Бұны Кафка шығармаларының түп қазығы десек те болады. Кафка көп адамдар көре алмаған дүниені көре алған, сезе алған, онан да маңыздысы Кафка оларды оқырманына айнытпай сол күйінде жеткізе алды. Кафканың эстетикасы тұйықталған, шеңбер жасап алған толықтай өзі бір дүние. Оған жетудің, оны түсінудің шарасы ол сызған шеңберге ене алуда. Бірақ бұл оңай шаруа емес.Адамның бір қасиеті неге болса да кесім жасамай тұрмайтынында. Оқырман да әне солай. Біз шығарма оқығанда аңдаусыз түрде ондағы кей нәрсеге келісіп, онымен одақтасып, енді бір нәрселермен келіспей, оларды терістеп отырамыз. Бұның соңы көбінде шығарманы — оның өнердің туындысы екеніне қарамай — моральдық жақтан кесім жасауға апарып соғады. Егер әлгіндей жолмен «жақсы не, жаман екенін» айыра алмасақ, бірден біз оны түсінбедік –деп бір шетке сыри саламыз. Кафка шығармалары сияқты толықтай тұйықталған, тек эстетикалық жақтан ғана есігі ашық тұрған туындыларға кез келгенде біздің там сүзгендей болатынымыз да сондықтан. Бұндай шығармаларды оқығанда біз кәнігі әдетіміз бойынша оны жартылай қабыл аламыз да, жартылай терістейміз. Ал, жартылай ғана қабыл алу болған жерде тұйықталған эстетика сені өзіне тіпті де жолата қоймайды. Егер, біз әлгіндей парықтағыш қасиетімізді бір шетке сырыи тұрып, Кафканың ауыл дәрігерінің дәл өзіне айналып көрсек немесе оның түйсігін түйсік күйінде қабыл алсақ не болар еді? (Меніңше, Ф.Кафка шығармаларын түсінудің бірінші қадамы осыдан басталуы тиіс) Егер осылай істей алсаң, сен әркім әр түрлі айтқан ауыл дәрігерін емес, өз ауыл дәрігеріңе жолыға аласың.  Өйткені, ауыл дәрігерінің өз ортасында өз болмысының жапсарынан үңілуі сенің де өз ортаңда, өз болмысыңа үңілуіңе ықпал етуі мүмкін. Түбін қуып келгенде біз көркем шығарманы басқа үшін емес, өзіміз үшін, өзімізді тереңірек білу үшін оқимыз ғой. 

«Егер мен қыстың бір түнінде, азынаған боранда қоярда-қоймай соғылған қоңырау әуенінің шақыруымен науқас көруге аттансам...»

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты