I.A.Richards. Т.С.Элиоттың поэзиясы

4ad14afaa5f335d0715c99496bea5b3f.jpg (565×680)


Біз ұмытшақ болып кеткендейміз, немесе біздің мәдениетімізде өзіміз аңғармайтын үлкен мәселе орын теуіп отыр, өйтпегенде бұған дейін бізден айтулы бір ақын шықса, оған ілесіп тағы да сондай дәрежедегі бір-екі ақын көзге түсетін еді. Ал, бүгін бәрі басқаша, Т.С.Элиот мырза ғана бүгіннің аты затына сай үлкен ақыны болып тұр. Ендеше, ақын Т.С.Элиот пен оның оқырмандары ұшырасып отырған келелі мәселелер турасында жұртпен ой бөлісу қажетті деп ойлаймын. Т.С.Элиот мырзаның өлеңдеріне жауыға шабуыл жасайтындар да, оны күш сала қолдайтындар да жетеді. Бұған жетелейтін себеп көп. Мәселенің түйіні өлеңінің бас-аяғын тұтастырып тұруға тартылған бір желінің оңайшылықта көзге түспейтінінде, кейде ондай желі тіпті атымен жоқ болып шығады. «Азу», «Беташар» немесе «Шөлді» оқыған оқырмандар шығарманы бар зейінін салып, талай мәрте қайталап оқығаннан кейін  ғана ондай желінің бар екенін аңғарғандай болады. Енді бір сөзбен айтқанда, оқырман ретінде қалай еңбектенсең де, соңында түк те  өндіре алмай, құралақан қалуың да әбден мүмкін. Дегенмен түсінуге ұмтылудың өзі үлкен табыс. Түбін қуып келсең бұл жырларда қолдан жасалған әлгіндей желі дегенің атымен жоқ. Олар тек оқырманның зейін-зердесінің қалауымен ғана көрініс табатын, өзгеше ақылдық мәндегі дүниелер. Ақылдық демекші, өлеңде ақылмен байыбына баруды қажет ететін түйін шығармадағы жеке-жеке мазмұндардың астарында жатқан мағыналар. Егер біз өлеңді оқыған соң, әуелде бар өзіміздің түсініктеріміздің жетегінде кетсек, ойымыздағы мазмұнды жырға тықпаласақ, онымыз жырдың өзіндік кескін-келбетін бұзады да, жырдың шынайы мазмұны мүлде жоғалады. Ондайда бұл өлеңдерді түсінеміз деуден ауыз ашуға болмайды. Мынадай көзқарас түсінбестік тудырып отыр: бізде Т.С.Элиот мырзаның өлеңдерінің парасат өресі өте жоғары деп жауыға шабуыл жасайтындар бар. Олардың сондағы көлденең тартатын пәтуалары: бұл өлеңдерде мифтік түйіндер көптеп кезігеді екен. Оқырман бұл өлеңдерді түсіну үшін сөзсіз түрде арғы-бергі тарих пен әдебиетті, Овиттен Шекспирге, тіпті Батыстың барлық мәдениет негіздерін білуі шарт екен. Сонда ғана бұл өлеңдерді ептеп түсінуге болады. Бұл санаға салмақ салмай ма? Бұл пайымды мен дұрыс мазмұннан, қате қорытынды шығару деп бағалаймын. Т.С.Элиот мырзаның өлеңдері оқырманмен қабілет салыстырмайды (осыларды көлденең тартып отырған сыншыларымыз өздерінің қабілетсіз жандар екенін мойындап қалғанына таңым бар), қайта сол парасат-пайым арқылы өзгеше көңіл-күй мен рухани дүниені елестетеді. Т.С.Элиот мырзаның қаламынан мифтер өзіне тиісті орынды тауып жатыр. Осы тұрғыдан алғанда «Шөлді» жаңа эпос деп қарауға да болады. Егер Т.С.Элиотша ақындық талант, шеберлік болмағанда, поэмада қамтылған бұндай мол мазмұннан мүмкін он екі, он үш томдық шығарма жазуға тура келетін шығар. Дегенмен поэманың осы ұлан асыр мазмұны, түсінігі төмендеу біраз оқырманның бетін қайтарып тастайтыны түсінікті жағдай. Ондай оқырмандар поэманың тіпті шалғайына да жабыса алмайды. Поэмаға тағылған ендігі бір кінә, оның өте «түсініксіз» болуымен қатысты. М.Молер мырза таяуда «Шөлге» мынадай айып тақты: «Бұл поэмада барлық жақсы шығармаларда болатын негізгі бір қасиет жетіспейді: оны оқыған адам бірден түсініп кетпейді». Осындағы «түсініп кетпеу» деген сөзге назар аударайықшы. Біз Шекспирдің сонеттері мен оның «Гамлетін» алайық, олар Молер мырза айтқандай, шынымен түсінікті ме? Егер төтесінен айтсақ, ең үздік деген шығармалардың көбі «түсінікті» емес, қайта «түсініксіздеу» болады. Соған ұқсас «Шөлдің» тереңіне де талғампаз оқырмандар ғана тамсана отырып жете алады. Жаңа өнер туындысының өмірге келуі жаңа бір маттматикалық формуланың ашылғанына ұқсайды, ол формула онымен айналысушылардың зейін-зердесін сынап қана қоймайды, мойындалуына уақытты да қажет етеді. Өкініштісі, мен Молер мырзаны талғампаз оқырман бола алды деп айта алмаймын. Ол кісінің сәтсіздігі білермендікке салынып, шығарманың тегін тектеместен өз көзқарасын оған жөнсіз таңа салудан туындап отыр. Ал, төл шығармаға бұлайша атүсті қарайтын позициямен «Шөлді» түсініп жетемін деу, негізінде мүмкін емес нәрсе. Меніңше, мәселенің түйіні позицияда жатыр. Шығармаға қаншалық ден қойсаң, оған сен соншалық терең шөгесің. «Шөл» туралы айтсақ, тіптен солай істеуді қажет етеді. Ең әуелі Уестон ханымның «Тасаттықтан мифке дейін» деген еңбегін бір шолып шығуың керек, одан кейінгі кезек «Тамұқтың» 26 тарауына келеді — айтары жоқ осы тарау Т.С.Элиот мырзаның осы поэмасының тұтас мазмұнының түйінімен ерекше бір байланысы бар. Бұл арада жынысқа қатысты нәпсінің төбе көрсететіні бар, ал бұл біздің дәуір енді бет келгелі отырған жаңа мәселе, бейне діннің өткен ғасырдың бас қатырар мәселесі болғаны сияқты — өзекті мәселе болмақ. Одан қалса Тренсас туралы — поэмадағы осы бір өзекті кейіпкер турасында ой бөлуге тура келеді.  Т.С.Элиот мырзаның осы тұстағы сөз саптасы тіптен сырлы болып кеткен, ол сені оңайшылықта маңайына жолата қоймайды. Мәселенің бұлайша күрделесуі жыныстық нәпсінің көп қырлы қасиетімен қатысты болса керек. Оқырман осы материалдарды жиып-теріп келіп, олардан ой қортқаннан кейін, енді поэманың өзіне бас қатыруы керек болады. Міне осы буында сені жаңа кедергі тосып тұрған болуы әбден мүмкін. Мұнда да әлгіндей білермендіктен гөрі шығарманың өзіне терең үңілу қажет болады. Дегенмен, бұның мүддесінен шығатын оқырмандар да бар — олар сезімдік түйсігін ақылдан жоғары қойып, сезімнен ой тудырып, одан жаңа бір түсінік туындата алады. Кейде мынадай жағдайлар туып жатады: бағытынан теріс кеткен кейбір оқырманның поэманы символдық тұрғыдан шешкісі келетіні бар. Дегенмен бұл поэмада символ қасиеттілік тұрғысынан емес, қайта, сезімдік түске орайласады. Енді бір сөзбен айтқанда, онда айтылған дүниелер өзге бір әлемді елестетпейді, оның есесіне осы дүниеде жер басып жүрген адамдардың тыныс-тіршілігінен сыр шертеді. «Шөлді» керемет натуралистік шығарма деп қарауымызға болады, тек оның жазылу ерекшелігі ғана дәл мұның керісінше. Мұндай кереғарлық шығарманы сырлылыққа және сол сырлылықты мәңгілік сақтап қалуға мықтап негіз қалаған.

Егер Т.С.Элиот мырзаның өлеңдеріне лайықты бір ауыз сөз табуға тиіс болсақ, мен оның жырларын «елестің музыкасы» деп атаған болар едім. Ондағы елестер алуан түрлі: онда субъектив те, объектив те түс алатын елестер бар, жалпылығы да, жалқысы да кездеседі. Онымен қоймай бәрі поэзиялық ырғаққа тоғытылған. Оқырман олардың сәйкестігінен сананың тереңінде жатқан, қыстыққан бір сезімнің тасадан жарыққа шығу барысына куә болады. Ол сезімдер сонда орайды, сондай бір сәтті күтіп жатқан. Дегенмен бұл бүгінге дейінгі поэзияға тиесілі нәрсе емес, қайта, бүгінге дейінгі поэзияны көп жақтан өзгертіп кеткен барыс болып отыр. Элиот мырзаның соңғы кездерде жариялаған түсінуге тіпті де ауыр өлеңдері бұл қадамды жеделдетіп, бұл барыстың қыры мен сырын онан ары айқындай түсті. Ақынның ертеректегі өлеңдерінде мұндай шабытты тұстар кездейсоқ ғане кезігетін, айталық, біз оны «Ж.Алфред Пруфроктың ғашықтық жырының» басы мен аяқтаған тұсынан кездестіргеміз, жырдың басқа тұсы негізінен шапқан аттай тік түскен...

Т.С.Элиот мырзаның әлгіндей «елес муызыкасы» оның «Шөл», «Қуыс адам» өлеңдерінде биік деңгейге көтерілген...


Аударған Ardakh Nurgaz

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты