Yves Bonnefoy: Ол сөзбен ауырды

0a0a6cc1cdf2eb8c1fe7633425df581c.jpg (640×624)


(П.Целан туралы толғаныс)


Өткен ғасырдың екінші жартысындағы әлем әдебиетінде шолпан жұлдызындай жарқыраған бір есім жиі көзге түседі. Ол – неміс тілінде жазған ақын П.Целан (1920ж – 1970ж). Румынияда туып, екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретін көріп, соғыстан кейін Францияда өмір сүрген ақынның алғашқы өлеңдерінің бірі «Өлім әлдиі» (Deathsfugue) деп аталады. Өзгеше әуенге, бөлекше метафораға құрылған бұл шығарма ақынды отыз жасқа жетер-жетпес шағында-ақ неміс поэзиясының тарихындағы бес мықты ақынның қатарына қосқан екен. Қырық жасында ақын Германияның ең беделді әдебиет сыйлығын бәріне дерлік ие болып үлгірген. Соған қарамастан, кейінгі шығармашылығында ақын жоғарыдағы өлеңінен бас тартады, оны кейінгі жинақтарына кіргізбей қойған. Оған себеп, керемет жазылғанына қарамастан жоғарыдағы өлеңді ақын өзінің шынайы шығармашылық биігі, деп қарамайды. Бұл бір жағынан философтардың «мынадай (дүниежүзілік екінші соғыстағы қырғынды айтады) адамзаттық қасіреттен соң, өлең жазу жабайылық емес пе?!», деген сұрағына берілген жауап еді. Ғажабы, ақынның кейінгі шығармашылығы өзі күткендей-ақ бүгінде жоғары беделге ие. «Өлеңіңіз неге түсініксіз, неге күрделі?», - деген сұраққа П.Целан: «бұл біздің ерекшелігіміз», деп жауап берген екен. 

Төменде ақынның замандасы, досы, француз поэзиясының жарқын өкілдерінің бірі  Ив Бонфуаның П.Цлан туралы эссесін оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.   


Аударушыдан

 

Мен П.Целанның өлімді өзі таңдағанына сенімдімін. Ол поэзия мен сергелдең күйдің қос қапталдан алған қайшылығында жанталасты, түбінде сол қадамға бармай қалмайтын еді. Қайшылықты болатыны, оның ең мұңлы деген өлеңінің өзінде үмітсіздік ерекше өміршеңдікпен ортаға шығады. Адамның қашанда жақындарына қара тартып, соларға бейім тұратын әдеті бар, ал бұлар оның шығармасында сөзге барып сіңгенін аңғарып тұрасың. Ақындардың дені поэзия ақырғы таңдау емес, дегенге сенеді, бірақ, бұл қағида П.Целанға жүрмейді. Шындығына келсек, сөз оның жан әлемін жеткізіп беруде әлдеқашан шарасыздық танытқан.  Айталық, сөз бір жағынан оның көкірегінде сақталған балалық шағының ашық аспанын, әлдебір таныс жандардың жүзін, дауысын сондай бұрмалап, басқаша жеткізетін еді, оның ақыры бірте-бірте әдебиеттен де басқа дүниелердің көкірегінде жинақталуына түрткі болған тәрізді. Енді бір жағынан ол қатігездікті төтесінен сөз етуге бейім еді, ал сөз болса, ондай қатты қайырымға сай кемлейтін де, бұл ақыры оны тығырыққа апарып тіреген түрі бар. Ол сөзден тарыққан жоқ, бірақ, мағына мен ол жеткізетін ұғымның арасындағы қайшылықты күресте ақын сөздің дәл орнын таппаса, құлазитынын анық аңғарған сияқты. П.Целан сөзді екшеп, жеріне жете сұрыптап,  жарық пен көлеңкесін айшықтап қолданады. Мұндай қолданысты бір тұрғыдан сөзді еркінен айыру деп қарауға да болады. Енді бір жағынан ақын шығармашылыққа үлкен сенім арытты, әлдебір тасып төңкерілген өзен көкірек көзін жуып, қаңсығын тазарып, шөлін қандырып жатқандай еді. Жоқ, ондай өзен шын мәнінде жоқ болатын, сөзден ол қалаған құдірет – қараңғыдағы жандүниені астаң-кестең етіп, бәрін сыпырып-сиырып тазалап, орнына қоятын мүмкіндік шекті болатын. Кейде поэзияның ұшар биігі маған өз қалауым мен жандүниемнің арпалысының үнсіз келісімі сияқты сезіледі. Бұл түсінік үстемдік алған жерде жаттанды ұғымдардың бәріне дерлік орын қалмағандай сезіледі. Бірақ, бүгінгі күннің көзқарасымен аңдағанда, бұл түйінге басқаша қарауға болады. Таңбатану ғылымының түсіндіруінше сөздің қалыптасқан мағынасы ешқашан да өзгермейтін мағана емес. П.Целанға солай сезілді, ол сөздің алапат жарылыс күйіндегі тұнықтығына жеткісі келді, сөздің ауаға сіңген әуенінен басқаның бәрін келмеске кетіре қудалай отырып, өмірін, таным мен түйсігін, үміті мен сағынышын, болмысын бәске тіге отырып өлімнің өзіне барын салып ұмтылғандай, әлгі өзенге қарай ұмтылды. Сондай сәттен өзіне ғана тән шынайылық табуға тырысты. Оның өлеңі сондай сәттің туындысы. Мұндай жағдай А.Рембоның басында да болған. А.Рембо балалыққа тән ашудан немесе табансыздықтан поэзияны тастап кеткен жоқ, ол одан ары жүрсе, өзі меңгеруге шарасыз өлкеге қадам басатынын анық білгенен кейін, өлең жазбай кетті. П.Целан да өлерінің алдында дәл сондай қадамға барды, өлеңіне өлмейтін өмір сыйлауға барын салды:  сөйлемде өзінен басқа сыртқа тән еш нәрсе қалдырған жоқ. Мұны сөйлемнің ішкі болмысы тұрғысынан айтқанда, үмітсіздіктің бір көрінісі деп қақылдауға да болады. Бірақ, П.Целан бұған көзсіздікпен барған жоқ, ол материаның уысындағы мүмкіндікті қайтарып алып тұрып өзіне үміт сыйлады,  оны ақынның тіршілік отының шынайы тынысы деп қабылдауға әбден болады.

Әлгінде айтқанымдай бұл барыстың ішкі бомысы – өлім елесі – тұрғысынан қарағанда ақын соңына қайрылуға, өлеңнің өзіне қайтып оралуға тиіс еді. Себебі, тарих аяқтаған жоқ қой. Біз поэзияның ішкі мүмкіндігін, иірімін, өрнегін білеміз. Ол баса билеген жағдайда өлеңнің салмағы сенің өміріңмен, тіршілік тынысыңмен ойнайды, соны өз еркіне бағындырады, тіпті, таптап, мылжалап тастауы да мүмкін. Себебі, поэзиялық сананың өзіне тән арқалаған міндеті бар. Сол талап поэзияны өзіне тиісті өмір сүру болмысын іздеуге итермелейді. Кейде біз айналамызда болып жатқан кейбір жағдайларды түсіне алмай жатамыз. Мен жұрыттың мұндай жағдайларды сенім тұрғысынан, жеңіл әрі ақылмен түсініп, қабыл алуын қалаймын. Айталық, Ницшенің өзін таптап өтіп бір белеске көтерілуі туралы қиялын біз осы тұрғыдан түсінуімізге болады.  Бұл жерде ескеретін түйін Ницшенің тығырығы, біздің рухани болмысымыздың айдынындағы сол кеңістік қашан да ашық күйде екендігі. Еркін қиялдап көрелік, сөз бен сана тұрғысынан алғанда әлгінде айтқан ағынды өзен біздің болмысымызда шынымен өмір сүріп жатыр. Оны өзен дейік, мұхит дейік, ол бәрібір біздің санамызда, оның тереңдігі мен ирімі қашанда сөзбен ғана өлшенеді, ол мүмкіндіктен айырылған жағдайда, тұңғиыққа біржола шөкенің, шөккен. Әрбір сөздің мағынасы болады, сол сияқты әрбір қимылымыздың да өзіндік негізі бар, сөз бен істің арасындағы осы шарттылықты әлгі ағып жатқан өзен деп қабылдау керек. Бұл түйін бір нәрсені анықтайды: сен өзен мен бірге ағасың ба, әлде батып кетесің бе? Оны алдан шешіп алуың тиіс. Біз өз әлемімізге бірдеңені лақтырамыз, оны шарытты түрде ақша бұлт дейікші, біздің сол ақша бұлтымыздың енді бір атауы сөз. Өмір деген алдаусырататын, бірақ уысынан шығармайтын төр. Ол сені алдайды, арбайды, еркінсітеді, бәрімен қанағаттандырған болады, жоқ дүниемен сендіреді, бірақ, ақырында дегенін істейді. Таным тұрғысынан мұны шынайы түсініп жету оңай шаруа емес. Өзіңді, тіршіліктің арыдағы бөлмысын, түбірлі заңдылығын түсіну қашан да танымның жаңа бет ашыуға түртбектейді. Поэзияның түпкі мәні де осыған саяды. Меніңше, поэзия деген түсінуге деген құштарлдық. Болмысқа бой алдырып, өзіңді жоғалтудан көрі түйсіктің құдыретімен тіршіліктің тасадағы сырына бір сәт үңілу. Бұл жағынан алғанда поэзия мен музыканың жақындығы бар. Олардың әр екеуі де көріністе жоқ, бірақ, өте шынайы дүниелерге қол созады. Мұндағы шынайылық әлгінде айтқан өзен. Ол тасада тұрғанымен бірденбір мәңгілік дүние. Мен оның жарқын жағын көбірек көргім келеді. Біз бұл өмірде жасайды екенбіз, ендеше тіршіліктің баяны, кітаппіз, сөзбіз, поэзиямыз. Бұл таным ескірмеуге тиіс. 

Мына әлемнің сыры мен сиқырын білу үшін адам қаншалық бодау бере алады?!  Рас, біздің бұл арада меңзеген кітабіміз – дәстүрлік түсінік - бұл күнде күшті сынға дүп келіп отыр. П.Целанның маған өз аузымен былай дегені бар. Сол күні екеуміз біздің шаңырақта, сурет пен классикалық құрлыс өнері туралы айтып отырғанбыз.  «Сендер (бізді – француз ақындарын және батыс Еуропа ақындарын айтады) өз тілдеріңнің ортасындасыңдар, не оқимын, не білемін демейсіңдер. Ал, біз басқашамыз, бір сырттан келгенбіз...», - деді маған сонда П.Целан. Мен оның бақытқа үмітпен қарағанын білемін: оның үміт еткен бақытты қасіреттен құтылу үшін емес еді немесе оны трагедиялық бір деңгейге көтеріп жүру үшін емес-ті. Оның үміт еткен бақыты өте қарапайым, мына өмірде ұстауға, сезуге болатын бақыт еді. Оған, тіпті, бір-ақ рет бақытты болу да жеткілікті сияқты сезілетін. Айталық, ол өзін осы ортаға бөгде сезініп, соның тығырығында тарығып, мазаланса, қайтер еді? Жоқ, ол сөзбен мазаланды, ана тілімен - неміс тілімен ауырды. Соғыстан кейінгі дүниеде, еурей ұлты аталу, Парижде неміс тілінде сөйлеу оны жұрттан онсыз да бөлектеп тұратын. Бір жолы П.Целан екеумізге де дос болып келетін бір отбасында болдық. Сөзіміздің ауаны мәдениеттің төркіндестігі туралы болды. П.Целан ашылып, еркін сөйлеп отырды. Ол мәдениеттің болмысы туралы – Ресейлік дүниетаным туралы айытты. Ол осы тақырыпты ұнататын. Соңынан біз қайтатын болып далаға шықтық. Жолда келе жатқанда П.Целан тосыннан бұрынырақта өз басынан өткерген қасіретті бір әңгімені қозғады. Сол сәтте мен оның жарасының әлі жазылмағанын аңғарғандай болдым.  

П.Целанның жан сарайында үлкен қасірет тынып жатты. Сол қасірет пен оның поэзияның арасында тіке байланыс бар. Оның өлеңінің кереметі де осында. Өмірінің аяқталар шағында бұл түйін тіптен анық байқалады. Францияға алған келген жылдарда оның бойындағы тазалық мені ерекше тартатын. Мен оны ашық әрі жұмсақ мінезді адам болар деп ойлайтынмын. Ол тіпті рухани жақтан құлдырап, ауырып,  емделіп жүрген де, өзінің қасіретін өтіп кеткен бір дәуірмен шендестіре, ашына айтқан кездерінде де, жоғарыдағы түсініктен арылған емеспін. Біз өткен күн туралы да жиі айтатынбыз. Оның 1940 жылы алғаш Францияға келгенде оқыған мектебі біз тұрған жерден алыс емес еді. Біз бірге барып көрмекші де болғанбыз. Өкініштісі, оның өмір сапары аяқтап кетті. Біз ойымызды жүзеге асыра алған жоқпыз. Ол өз сеніміне берік тұрды. Өмір өзен оны арамыздан алып жөнелді. Ол өзен бойынан жалға алған пәтерінде жазу столына қолжазбасы мен кітаптарын да қойып үлгірмепті. Ол Германияға бір мезгіл тұрып қайытты. Келген соң біз жүздестік, оның көңіл-күйі жақсы еді. Кеш бата қайытты. Жол бойында қарауытып қараңғылыққа сіңіп бара жатқан соңғы бейнесі әлі көз алдымда тұр. Ол солай көрінбей кетті.                       

Аударған –Ардақ Нұрғазы


Ақын туралы сітлеме: https://vk.com/video?z=video230221830_171328159%2Fpl_cat_updates

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты