Ж.Кели . «Фурофилейдің әні...» туралы

0b83b97a21bf3f0ab88289fcf6f1a1fc.jpg (263×400)

Ж.Кели — Англияның даңқты әдебиет сыншыларының бірі. 1976 - 2001 жылдары «Жексенбілік Таймс» газетінде әдеби шолушы болып жұмыс істеген. Сол тұста сыншы ағылшын-американ әдебиетіндегі біраз айтулы тұлғалардың кітаптары туралы шағын шолулар жазған. Назарларыңызға ұсынылып отырған мақалада сыншы ағылшын поэзиясында әлдеқашан классик атанып үлгерген, Нобель сыйлығының иегерлері — Т.Элиоттың «Фурофилейдтің ғашықтық әні және басқалар» (1919 ж.) кітабына арнайы тоқталған. Кез-келген ұлы дарияның әуелде бір таспа бұлақтан бастау алатынын алға тартқан сыншы ақындардың кейін шыққан биігінің алғаш қалай бүр жарғанын қаузайды.  Мақала шағын болғанымен, тартымды жазылғанымен ерекшеленеді.  

Аударушыдан

 

Сол тұста Лаудел банкінде жұмыс істейтін америкалық жас жігіт жазған осынау шағын кітап Англия поэзиясының бет-бейнесін түбірінен өзгертіп жіберген болатын. Бұрынғыны қайталамаған даралығы тұрғысынан ол Уатезуатестің(William Wordsworth,1770-1850)өлеңдерін де, 1798 жылы жарық көрген Лулоредтың(Samuel Taylor Coleridge,1772-1834)«Лирикалар» шығармасын да көлеңкеде қалдыратын еді. Өз кезінде бұл кітапты басым көп оқырман түсіне алған жоқ. Автордың да күткені осы болса керек. Оның өлеңдері ой мен сезімнің жаңа үндестігін тауып, өзіне дейінгі поэзиядағы ағыл-тегіл сезім бәрін басып-жаншып, көміп кететін асырасілтеушіліктен бас тартқан болатын. Бұл жағынан ол ойға көп жүк артты. Түйсік жаңа кеңістіктерге ұмтылып, биіктерге талпынады, сол барыста бір сәт байыз таппайтын арпалыспен өмір сүретін еді. Бұл беталыс ақынға жаңа мүмкіндіктің бетін ашып берді.

Жинаққа әдебиет тарихында алтын әріппен қалған үш шығарма енген, олар  —  «Ж.Алфрейд Фурофилейдтің ғашықтық әні», «Әйел картинасы» және «Жылаған қыз». Алғашқы шығарма басталған жерде алдыңнан шығатын «мен» және «сенің» нені меңзейтіні («жүрейік, ендеше, екеуміз» деп келетін жолдар ), айталық олар Фурофилейдтің өзіндік екі менін меңзей ме, әлде оқырманды айтып тұр ма? Ол, әлгі өзі айтқан үйде болды ма, жоқ па? Жауап күткен сұрақтар көп еді. Ол: 

«Үйде әйелдер айқайласып,

Микеланджело туралы айтуда», — дейді. 

Осындағы әйелдер кім?  «Әйел картинасындағы» кейіпкер туралы біз не білеміз? Өлеңде әйел анау жас жігіттен не қалайды? Міне, осылар сыншыларды маңдайтерін аямай төгіп, бас қатыруға жетелейді. Жауап та табылған шығар. Бірақ, осылардың бәрі оқырманның зердесіне сына қағып, ақылын таразылайтын еді.  «Жылаған қыз» — тіпті, алабөтен шығарма. Өлеңде қызға біреу бақта сөйлеп тұрғанын байқаймыз. Ол әйел затына өзін жаралаған еркектерді қайтып жазалау туралы айтып тұр. Дегенмен, өлең дамып бір жерге барғанда, біз бақта әйел де, «мен» де жоқ екенін аңғарамыз. Бұл арада адамның өзімен-өзі тілдескендей бір көңіл күйдің орын алғаны байқалады. Онда мынадай жолдар бар:

«Қаладым мен оның қасымнан кетуін,

Мен оның сонда мұңайып тұра беруін тіледім».

Т.Элиоттың досы Ж.Харудың айтуынша, бұл өлеңнің тууына түрткі болған тірі әйел заты емес, Италиядағы мәлім бір мұражайда тұрған қабір тасы әсер еткен. Бұл да мүмкін шығар. Алайда, өлеңнің тақырыбын мен  «әсте, белгі тас емес!» деп кесіп айта аламын.  

Бұл үш шығарманың ортақ ерекшелігі — олар оқырман ретінде саған түсінуіңе жол ашады, сонымен бірге кедергі де қойып отырады. Өлеңдер өзіңе таныс дүниелермен қатар таным аясының шекарасынан шығып кеткен дүниелерді де ұсына отырып, сені үлкен кеңістікте сенделтіп қояды. Егер, осының бәрі бос сөз болғанда, бұл өлеңдер әлдеқашан ұмытылып кетер еді. Бірақ, олай болған жоқ. Мұндағы себеп — ақын өлеңдерінде өміршең дүниенің шоғын үрлейді. Бұған ол аса сезімтал, өзіне ғана тән поэзиялық тілінің қасиетімен жеткен. Т.Элиоттың өзге жұрттан өзгешелігі де осы ерекшелікте. Мүмкін, онда Чаусер шығармаларындай көрегендік жетіспейтін шығар, немесе Мелтондағыдай ақ пен қараны анық айырған терең талғампаздық та кемшіл түсіп жатыр, алайда, оның жырларындағы сезім бояуы мен парасат біз білетін ұлы ақындардың қай-қайсысынан артық болмаса, кем түспейді. Оның өлеңдері бізді миымыздың әлі жарық түспеген қараңғы өлкесіне қарай қанат қағуымызға жетелейді. Біз ол өлкенің сезім дүниемізде басқаша орны бар екенін байқап қаламыз.

Т.Элиот өзінен бұрынғы поэзияның жосынын жаңартты. Ол сезім кеңістігін басқаша бағамдап, өзгеше берді. «Ж.Алфрейд Фурофилейдтің ғашықтық әнінде» басынан аяғына дейін тұнып тұрған бір әуен бар. Ол — мағынасыз тірлік пен өзін-өзі күлкі еткен жанның шынайы болмысы. 

«Мен өмірімді бал қасықпен өлшеп өткізудемін...

Қабыршағы қатқан болат тырнақтарға айналсам,

Тып-тыныш теңіздің түбін мезгілсіз кезсем...»

Бұл жерде өлеңнің болмысына үңілмей қалуға болмайды. Қарттық туралы  ақын былай деп жазады:

 «Мен, қартайдым... қартайдым...

Балағы бір көтерілмейтін шалбар кидім».

Бұл тармақтағы түйсікті көп адам ескере бермейді. «Балағы көтерілмейтін шалбар»  деп ақын сол тұста сәнге айналған киім түрін тілге тиек еткен, алайда, ол оқырманға өз мағынасынан басқаша ұсынылады. Қатысы жоқ екі ұғым бұл арада оқырманға мүлде басқа сезім ауаны мен түсінік сыйлап тұр. 

Жинаққа енген алдыңғы екі өлеңнің бірін-бірі қайталамайтын, өз алдына жеке ерекшеліктері бар. Ал, үшінші өлеңді мен Т.Элиоттың ең сүйкімді шығармаларының бірі деп бағалаймын. Онда қолданылған тілдің күңгірттігі жаныңды жабырқатады, бейне ұмытылып бара жатқан ескі махаббатыңды қинала еске алған жандай күй кешесің. Шығармадағы кейіпкерлер шынайы болсын немесе ойдан құрастырылсын, бәрібір шуақты күнде көзалдыңда көлбеңдеген елестей әсер береді. Өлеңнің ақыры күтпеген бұлқыныспен, тамаша түйінмен аяқталатыны бар. Біз оның сірә нені меңзейтінін тағы да дөп басып біле бермейміз:

«Кейде осынау ойлар түртпектеп

Бас-аяғы жоқ түн мен мамыржай түсте қытықтап оятады», — деген онда.    

Аударған – Ардақ Нұрғазы

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты