Pablo Neruda: XXI ғасырдың поэзиясы

2bdb0fe69d214c9e55545645cdd30e13.jpg (800×599)


2000 жылға барғанда, поэзия қандай болады? – деп сұрап қалдыңыз. Мұның өзі естіген құлақты абыржытатын айбынды сұрақ. Егер, қараңғы қалтарысты көшеде келе жатқанымда мұндай сұрауды естір болсам, сөзсіз аза бойым қаза болған болар еді. 


Өйткені, 2000 жылдан дəнеңе білмеймін, поэзия жөнінде білерім тіптен мардымсыз. Бірақ, мынаны кесіп айта аламын: келесі ғасыр келген күннің өзінде де өлең жерленбек емес.


Əр заманда поэзияны «өлді!» деп жариялаушылар шығып тұрған. Алайда, поэзия қашан да сыртқа буырқанысты күшін жəне баяндылығын көрсете білді, ылғи өміршеңдігін əйгілеп, дереу тіріліп отырды. Оның мəңгі өшпейтін түрі бар. Данте поэзияның тегіне жеткендей болып еді. Бірақ, көп ұзамай Хаулех Манрике (испан ақыны — ауд) өз тұрғысынан сəуле шаша, жаңа жұлдыздай тас қараңғыдан жарқырап көрінді. Сонан соң Виктор Гюго айбатына ай жасырынғандай адуын алып байқатып, өлең-жырдың барша шеберлігін пайдалана білді. Əйткенмен сол тұста өз заманының білікті ақыны Чарлез Бодлер көрініс берді. Оған ілесе – қарайлас бой түзеуге əуестігі жоқ жас азамат Артур Ромбе бет ашты. Сонымен поэзия тағы да тың тірлік бастады. Уитменнің соңынан жұрт кімді күтті дейсіз ғой? Əр бір тал шөп егіліп үлгірді. Көгалға аяқ батырылмайтындай болды. Бірақ, Маяковский кимелеп кірді. Өлең міне машина үйіне айналды. Адамдар гудок дабылын, мылтық дыбысын, күрсіну, өксік үндерін, пойыз бен танктің озандарын естіді. Тарих міне осылай жалғасып жатты. 


Мынау анық — өлеңнің жаулары оған тас атып, оның көзін шығаруға үнемі сұқтанып келеді. Тіпті оны қарақұстан сойылмен шоңқитпақ та болды. Бір де анадай бейнемен, бірде мынадай бейнемен көрініс берді: кейі өкімі өктем əскерилер, кейі жарықта қарашығы қарылған қаскөй, кейі тығыршықтай тоғышар төре ретінде кесірлене ақындарға қарсы шапты. Бұған біреулер торықты, біреулер кейіді, біраз адамдар жасыды. Осындай болған күнде де, өлең мөлдір бұлақ сияқты тынбай ағып келеді, аузы ашық жарақат секілді жылы қаны тамып келеді. ол үздіксіз күресе береді. Ол барған сайын еңселене бой созған алып байтерекке, тоспадан асып төгіліп жатқан өзенге, Болуия үстіртінің аспанында жайнай жарқыраған жұлдыздарға ұқсайды. 
Ажал аузында арпалысқан адамдар жөнінен өлең жұбаныш, өйткені ол адамның азабын жеңілдетеді. Аурудан айығудың жолын меңзейді. Жалғыз-жарым адамдар жөнінен, өлең — серік. Өйткені ол оттай ыстық, қардай ұлпа, пəк. Оның қолы, саусағы, жұдырығы бар. Ол көктемгі шақтың көк балғын бүршігіне де ұқсайды. Гранада қаласының мөлдір бастауларын да елестетеді. Оның қанаты зымыраннан да жылдам, қамалдан да берік. Өйткені ол жұрт жүрегінен терең орын алған. Өйткені ол жұрт жүрегінен терең орын алған. 


     2000 жылға барғанда, ақындардың жер жүзінде зорлықты күш жасап поэзияның байлығына қайта бөліс жасауы мүмкін емес. Адамзат тек алға басса, дамыса, кітап пен мəдени білімдерді игерсе, өлең байлығынан сонда ғана игіліктене алады. Ақындардың жарық сыйлауы да онша қажетті емес. Ішнара ақындардың əрекеті тым сорақы немесе парасаттылыққа жат осындай жəйттер байқалып отырғанымен де солай. Бірақ ақындар қалай дегенмен ақлият афроизмшілдер болып есептелгендіктен, олардың үніне құлақ асуға тура келеді. Үкімет халықты алақанында ұстағысы келеді, ал өлең намысын жібермейтін қайсар жандарға үйір келеді. ақындардың үніне міндетті түрде құлақ асқан жөн, мұның өзі — тарихи тəжірибе.


Бəлки, 2000 жылға барғанда, ең тартымды, замана талғамына ең үйлескен ақын — қазір оқырманы жоқ болып отырған грек ақыны Гомер болар. 
Өз басым осы пікірді құптаймын. Соның үшін Гомер өлеңдерін пысықтап оқымақшымын. Оның махаббат өлеңдері мен эпостары кісіге шабыт бітіреді. Оның қарғысы мен болжамына, мрамордай шымыр аңыз-əңгімесіне жəне соқыр жыраудың ұстаған таяғына — бəрі бəріне ынтықпын. 


Жаңа ғасыр кірген тұста, Гомер үлгісі бойынша өлең жазамын, оның ершімді де екпіні, көркем де мəнерлі өлең стильінен, сөз жоқ, көп өнеге аламын.
Сонан соң Одессейдің туын көтеріп көшеге шығамын. Сол шақта маған Грекия ақындары серік болмақ. XXI ғасырдың жаңа өлеңі стильін тапқырлау жолында олар қорғаннан да шығып үлгіретін болады.


Аударған – К.Қ

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты