Robert Lowell: Ақтық айналымда өмір кешкен ақын

239bbe040f9d8d79aaadd44616ee8eb3.jpg (1100×1100)

 
      Сильвия Плат өмірінің соңғы үш айында әр күні дерлік екі, үштен өлең жазып отырған. Осы өлеңдерінде ол ақыры өзін — жетсем деп ұзақ талпынған, көкейінде жүрген, мейлінше еркін әрі жұмбаққа толы бейнесін тапты. С.Платтың тосыннан көзге түскен ақындық бұл келбетін «мынадай адам еді» немесе «әйел еді» деумен тіпті бүгінгі жұрттың аузынан түспейтін «әйел ақын» дегендей сөздермен түсіндіріп бере алмайсың. Бұл деңгейде С.Плат реалдықты басып-жаншып кеткен, ұйқысырағандай тосын қадамымен, даңқы жер жарған батыр әйелдердің қатарынан орын алатындай өзгеше болмысымен танылады. Осындағы С.Платтың өн-бойынан нәзікжандылық менмұндалап тұрады, бірақ бұл әсте жұрт айта беретін «әйелдік қасиет» емес. С.Плат біздің танымымыздағы дәстүрлі «әйел» деген көзқарасымызға қаншалық сыймағанына қарамастан, өзінің нәзікжанды бейнесін біздің санамызға соншалықты мызғымастай етіп орнатып кетті. С.Платтың ақындық әуені бірде мейлінше тапқыш шешендігімен көзге түссе, бірде удай ащы заһарымен, кейде тіпті қансорғыш албастының бейнесіндей сұмдық батылдығымен — анау Грекия-Рим аңыздарында кездесетін, мифтік түс алған әйелдер бейнесіндегі образымен алдыңды кеседі. Оның мысқыл-шыны аралас: «Виктория тұсындағыдай ұйқылық киім киген менің бейнем, ұқсайды іркілдеген сауын сиырға», — деп жазғаны бар. Ақын ретінде С.Плат жиі ой қайталағанымен, кейде тіпті өлең жүйесін де жоғалтқандай көрінгенімен, тіл қолдануда ешқашан мүлт жіберген емес. Ақынның соңғы жазған өлеңдерінен өзгеше өлермендік, тәубеге келушілдік түс алған, адамды қайран қалдыратын бір сарын есіп тұрады. Бұл сарын қыстыққан жандүниенің тосын қопарылысы — қызуы өрлеген адамның өзі жөнінде сандырақтаған сарыны сияқты естіледі. Ақынның көкірегінде шалқып көтерілген жалын бұл ретте бас бермей кеткен асау сияқты — еденде биікке құлаш ұрып, топталған ара үйіріндей түйіліп, шелектеп құйған жауындай төгіліп, астаң-кестең болып, өзіндегінің бәрін ағынан ақтарып тастайды. Ақынның «Ариел» деп отырғаны Шекспир қаламынан туған әлгі өзіндік сұмдығымен көзге түсетін, бірақ сүйкімділігін де жоғалтпайтын жартылай еркек, жартылай әйел тәнді періштені меңзейді, десе де бұндағы «Ариелді» ақынның өзі деп айтсақ та жарасатындай. С.Платтың бойынан жарқ еткен күш-құдірет еркектердің құдіретін жолда қалдырады, қиындықтармен аяусыз суарылып, өзін жүйріктей баптаған ақын, әрбір кедергісі мәңгілік жоғалу — өлімнен тұратын, майданда шауып келе жатқан бәйге атындай елестейді. Ақын үздіге шауып, бәрінен бұрын көмбеге жетіп, керме соғып — рекорд біткенді жаңалай беруге ғана жаралған шабандоз сияқты. Дегенмен С.Платтың өлеңдерінің негізгі ерекшелігінің өзі осында — әйелге тән нәзікжандылықтың өзгеше қатыгез, қаталдықпен үндесіп шығуында. Оның «тәңірім, жалғыздықтан торыққан түндеріңде, сен де мен сияқты қайғырып жабырқаған шығарсың» деп жазған кезі болды. Ақын өлеңдерінде барлық қасірет пен қайғыны, мұң мен наланы, күйреу мен жаншылуды бір басынан өткізген адамдай ой кешеді. Ол бірде бар асылынан айрылып қорланған әйелдің тәні мен жанының күйзеліс күйін шертсе, бірде жаза лагерінде аяусыз қырғыннан итшілеп тірі қалған пенденің аһ ұрған үні болып келеді. 

Өзіне қол салатынын ашып айтып, өзін жек көретінін жасырмау дегенің С.Плат өлеңдерінде ойнақтап ортада жүреді. Біреуге жат сезілетін бұл түсінік ақынның өзіне жарасып тұрғандай көрініп қана қалмастан, оның өлеңдерінің айшықты бір бөгенайы сияқты. Тірлік тамшысының ақырғы сәтке қарай суала сарқылуы ақынның өнерде қайталанбас биігін тұрғызған сәті болып қалғаны өкінішті. Көптеген адам «Ариелді» оқыған соң, әу баста тосырқап, үрейленіп, соңынан өлеңнен туындаған сезімнен басын алып қашқысы келетіні, қала берді «ақын неге бұлай жазады?» деп, өмірдің сүреңсіздігін өз басынан тауып, өз-өзінен таусылып, торығып қалатыны бар. С.Платтың өлеңін оқыған сайын мен үнемі құлағымның түбіне сайтан келіп «келсеңші, тек жүректі бол, сонда ғана сенде де мендегідей шыңғырған шындық пен ешкімді ілестірмейтін қағынған шабыт болады», — деп сыбырлап тұрғандай сезімде боламын. Десе де, біздің көбіміз бұндай сыйлықтан бас тартып қаламыз. Бұл өзі алтыатар тапаншаға бір оқ салып қойып, оқпанды айналдырып, шекеңе мылтықтың аузын ұстап, шүріппесін басып ойнағандай жағдай. Егер әмсе шабыттың қыл ұшында сайран салатын, Мысыр храмдарында кездесетін суреттегі әлгі «өнердің алтын дәуіріндегідей» сәттілік келе берсе, қандай керемет болар еді! Мен соңыма қайырылып, С. Платтың ақырғы сәтінде таудан құлаған селдей алдынан кездескеннің бәрін түбінен қопарып, өзімен алып кететін мүмкіндігінің тасада жатқанына — олардың әу бастағы момақан да әдепті ақынның бойына қалай сыйып жатқанына таңым бар. Өткен өмір кейде өзегіңе у болып құйылады. С.Плат менің қолымнан оқыған емес, бірақ студент кезінде оның менен сабақ тыңдаған кезі болды. Бостон университетінде поэзия туралы сабақ оқығанымда, ол үлкен терезеге тақау отыратын, сырттан төгілген жарықтан қарауытып анық көрінбейтін. Терезенің сыртында да көз тартатын ештеңе жоқ еді, тек қаланың кәнігі көрінісі, жанармай құятын орындар дегендей дүниелер шалынатын. Ол сүйкімді, тіп-тік, аздап мінезі қызық, күле беретін қыз болатын. Кейде оның өз ортасына үйірлесе алмай тартынып қалатын кездері болмаса, ол кімді болса да өзіне тартатын жан еді. Сонда ол маған барлық жақсы нәрселерді қастерлеп бағалауға құштар, ақкөңіл, адал жандай елес берген, мен тіпті оны осы ақ көңілділігіне орай аздап балалықтан арылмаған сәбилігі бар-ау деп те ойлап қалғанмын. Ақын қыз сонда өлеңін оқитын. Бұл өлеңдерді мен кейін оның алғашқы жинағы «Алып мүсіннен» еш өзгермеген күйінде оқыдым. 

...Сондағы ақын қыз менің есімде ұялшақ әрі жұрттан өзгешелеу мінезімен қалған еді. Бірақ, мен оның кейін ешкім жаза алмайтын керемет өлең жазатынын мүлде ойламаппын. 


Аударған - Ардақ Нұрғазы

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты