Октавио Пас (Octavio Paz): Садақшы, жебе жəне нысана

82ac62a8e4ffbd7efc4795872c55ed2f.jpg (620×400)

Борхестің шығармасын мен жас өспірім шағымда-ақ оқи бастадым, ол кезде Борхес алыс-жақын шетелге аты таныс жазушы болатын. Ол жылдарда Борхестің есімі жасырын ұйым мүшелерінің байланысқа шығатын құпия сөзіндей еді; оның жолын қуған біраз жастар өз араларында Борхес шығармаларын айтысып, оны ұстаз тұтатын. Бұл 1940 жылдың алды артындағы Мексикадағы жағдай еді. Борхес жазушылар үшін жазатын қаламгер. Сол тұста шығып жатқан түрлі-түсті газет журналдарды үзбей оқитын біздер, оның есімін көз аямыздан тайдырмауға тырысушы едік. «Оңтүстік» журналының бірнеше санынан мен оның керемет əңгімeлерін тауып оқыдым. Кейін 1941 жылы осы əңгімелер жинақ болып шықты, бұл Борхестің бірінші əңгіме жинағы «Жолдар қиылысып жатқан гүл бақша» еді. Кітаптың осы нұсқасын мен қазірге дейін сақтап келемін. Жинақ көкшіл реңді, қатты тысты еді, үстіне қардай аппақ жазулар жазылған болатын; кітаптың бетінде ұшып бара жатқан қанық көкшіл реңдегі жебенің суреті бар, ол жебе оңтүстікке бағыт алған — бұны жағрапиялық тұрғыдағы оңтүстік емес, қиялдағы оңтүстік деген дұрыс шығар. Содан бастап бұл кітапты мен сан мəрте оқыдым, жүрегіме жақын тартып автормен өзімше үнсіз сырласатын едім. Кейін кітап саудагерлері бəрін бүлдірді, олар Борхесті ақша табудың жолына айналдырдып алды, содан біздің көкірегіміздегі тірі Борхес жоғалды да, оның орнында кітаптары ғана қалды. Кейде менің «Борхес» деген осы есімнің өзі ойдан қиыстырылған дүние емес пе деп ойлап қалатын кездерім бар.   

Маған Борхестің есімін алғаш рет тамсана атаған адам А.Лиес еді. Ол Борхесті көкке көтеретін. Дегенмен А.Лиес Борхесті мойындай ма дегенге келсек, оған бірдеме дей алмаймыз, себебі олар бір біріне ұқсамайтын жандар еді. Оларды жақындастырып тұрған тек кəсіптестер арасындағы күңгірт бір түсіністік болатын. Борхес жөнінен айтқанда А.Лиес Мексиканың айтулы жазушысы есептелетін, ал А.Лиес болса Аргентина жазушысы Борхесті ғажайып тұлға, қасиеті бар адам деп білетін. Кейін 1947 жылы мен аргентиналық біраз қаламгерлермен кезіктім, олардың бəрі де Борхесті ауыздарынан тастамайтын. Біз осылайша көріспесекте, таныс адамдай болып кеттік, мен де оның барлық ісіне қанық болып шықтым. Бұл да кəсіптестер арасындағы əлгі күңгірт бір түсіністік еді. Мен де оның досыына айналдым; алайда, ол менің есімімді ауызға алса, тек досының досы ретіндегі күңгірт бір есімді ғана атайтын болса керек. Арада талай жыл өткеннен кейін, 1971 жылы мен онымен Остинде (АҚШ –тың Калифорния штатының орталығы) бет көрістім. Жүздесу кезінде екеуімізде тартыншақтап, əдеп сақтаған болдық.  Оның сонда не ойлағанын білмеймін, мен оның Мексика мен АҚШ тарихындағы бір реткі қақтығысты жазған өлеңіне қарата өзімнің қарсы көзқарасымды айттым. Оның өлеңдері Уитмандікіне қатты ұқсайды.

Дегенмен, ол өлеңді АҚШ –тықтар жазса, түсінер едік, ал оны Борхестің жазуы тіпті миға кірмейтін шаруа. Отаншылдығымнан болар, ол жазған əлгі адамдардың істеген ісі маған тіпті де ерлік болып көрінген жоқ. Борхес өзі жазып отырған соғыстың əділетсіз соғыс екенін білмейтін сияқты. Кейде оның нағыз ерлік пен даңғойлықтың ара парқын ажырата алмай қалатын кезі бар.   Кейін біздер Мексика қаласы мен Буэнос-Айресте бірнеше рет кездестік, алғашқы кездесуімзіге қарағанда бұл жолы ашық-жарқын əңгімелесетін болдық. Ол ұнататын   біраз ақындарды менде жақсы көретін болып шықтым. Ол өлең оқыды, арамыздың жақындағаны соншалық, бір-бірімізден сыр жасырмасуға дейін бардық. Мексикадағы бір кездесуде, ақшам кезі еді, Борхесті бір топ жанкүйерлері қоршап алып жүргізбеуге айналды, біз — əйелім екеуіміз оны қоярда-қоймай жүріп бұл топтан айырып алып жөнімізге кеттік...  

Борхeс үш жанрда: поэзия, эссе жəне əңгіме жазады, бұл менің қарапайым ғана бөле салғаным. Оның эссесін оқысаң əңгіме сияқты да; əңгімелері поэзияға ұқсайды; ал өлеңдері көбінесе прозалық шығармаларын елестетеді. Ошақтың бұл үш бұтын оның ойлау жүйесі бір арнаға жиып тұр. Ең əуелі əңгімеші ретіндегі Борхеске келейік. Борхес тылсымшілдікті дəріптейді. Содан да оның түрлі түсті идеялизм мен содан туындайтын жүйеге (айталық Ж.Беркели, Херакуту, Себенроша мен Будда қатарлы түрлі діндерге) бүйрегі бұрылып тұрады. Борхестің бойында өзге жұртта аз кездесетін ойлау қабілеті бар, сонымен бірге онда реалдың «екінші бетіне» үңіле алатын ақындық сана да бар; ол ақылдық танымның шеңберінде қалуға күле қарайды. Оның Д.Хуме, А.Шопенгауэр, Жуаң Зыға үйір болатыны да сондықтан... 

Жас кезінде оқыған жазушыларының оған берері шамалы болған сыңайлы. Оның шығармаларының Монтеннің жазғандарына ұқсас жақтары бар, мен мұнда оларды стиль жақта жақын деп отырған жоқпын, олар күмəншілдік пен дүниеге таңдана қарайтын мінезі жақта ұқсастығы бар демекшімін.   Борхестің Монтенге ұқсамайтын тұсы ол моралды сөз етіп, адам психикасын ақтаруға бара бермейді, адамзаттың түрлі түсті салт-санасы мен сенімін зерттеуге де бой ұрмайды. Борхестің тіпті тарихты да түсінгісі жоқ, адамзат қоғамының күрделі заңдылықтарына да қызықпайды. Оның саяси көзқарасы моралдық  немесе эстетикалық талғамынан туындаған. Ол өз көзқарасын білдіруден қашпайды да саспайды, бірақ айналасында не болып жатқанын көбінде біле бермейді. Кейде оның дұрыс қадамдар жасайтыны бар, айталық оның Вилон үкіметіне қарсы шығып, дара билікпен отаса алмайтынын айтып, социялизмнен бас тартуын дұрыс талғам деуге болады. Алайда оның ақымақтық жасайтыны да бар, айталық ол əскери дара билік өмір сүріп тұрған Чилиге сапарлап барып, онда домократияға қарсы мысқылға толы сөздер айтты. Оның бұл қылығы біраз достарының көңілін ауыртты, кейін бұнысына оның өзі де өкініп жүрді. Бұл арада қыстыра кетеріміз, Борхес дұрыс істесін немесе теріс кетсін, бəрібір сол баяғы биязы, əдепті қалпынан жазған емес. Ол жалған сөйлей алмайтын адам, егер көңіліне ұнап қалса, ол жамандықты да жақсы екен дей салады. Оның дұшпандары мен өсегін тасушыларға орай жаратып беретіні де осы əдеті. Борхестің өз дəуіріндегі адамдармен ең үлкен ұқсамастығы идеялогиялық теке-тіреске бармайтыны. Жоғарыда айтқандарымыздың бəрі онша маңызды емес. Борхес үшін маңыздысы «уақыт», «мəңгілік», «ұқсастық», «көп ақтылық», «бергі жаға мен арғы жаға» дегендей дүниелер. Ол бұндай дүниелерге мейлінше құштар... 

   Брохестің эсселері өзгеше, жазылуындағы өзіндік ерекшелікті айтпағанның өзінде мазмұны да аса бай, оқуға қолайлы, өткір, қиялшыл, тіпті кейде одан сен күтпеген бір тал оқ ұшып шыққандай тосын сезімдермен ұшырасып қаласың. Бұндай қалам қуаты бар екінші тұлға испан тілді əдебиетте тіпті кездеспейді десем де болады... Борхестің құпиясы екі ерекшелікті бір басына жинай алғандығында, ол — қарапайым тілмен қиялыңды қанат қақтыратын ғажайып сөйлемдер жазады. Бұл жағынан ол XX ғасыр əдебиетінің төрінен ойып тұрып орын алатын қалмагер.    Ол жас кезінде өлеңдер жазды, оларды БуэносАйреске арнады. Өлеңінде ол өз стильіне былай деп анықтама берген: «менің поэзиям қашанда сұраққа жетелейді, олар дəлел іздейтін өлеңдер, олар сонысымен менің күңгірт түсінігіммен үндеседі». Бұл анықтама оның эсселеріне де үйлеседі. Борхестің бүкіл шығармасы алып бір жүйеден құрам тапқан, оның эсселері бал құрақты аралап, сылдырап ағып жатқан бұлақ суы сияқты оның поэзиясы мен əңгімелеріне де сіңіп кетеді. Шынымды айтсам мен оның əңгімелері мен өлеңдерін ұнатамын. Оның эсселері саған көптеген аты əйгілі шығармалар жеткен жетістіктің тасадағы есігін ашады, бірақ ол эсселер дүниенің сыры мен өзің туралы бір ауызда айтпайды. Борхестің поэзиясы мен əңгімлері алуан түрлі, десе де тақырыбы біреу. Бұны айтудан бұрын бір мəселенің басын ашып алған дұрыс. Біраз адамдар Борхесті Латын Америкасының жазушысы дегісі келмейді. Кезінде Дорию үстінен де сондай сөздер айтылған. Осы сөзді жамыратып жүргендер өз ішімізден шыққан адамдар, олардың бұл танымының залалы ауыр. Біздің топырақта туса, қанымыз бір болса, бір тілде жазсақ, неге Борхес басқаларымызға ұқсамай жазғандығынан ғана Латын Америкасына тəн болмайды? Өзінің ұлтына, нəсіліне, табына өкілдік етпейді? Мұндай тоғышар топшылауларға айтарымыз, Борхес бар болмысымен Латын Америкасына тəн жазушы. Оның шығармаларындағы тұнып тұрған шеберліктің өрнегі, өзгеше құрылым бүгінге дейінгі Латын Америкасының сиырдың бүйрегіндей бөлшектенген тарихи тағдырымен тіке қатысты. Еуропалықтар Борхес шығармаларының ғаламдық мағына алатынына таң қалады, бірақ олар осы адамзаттық көзқарасты айтып отырған адамның Латын Америкалық біреу екенін ескере бермейді. Латын Америкасының бұл көзқарасы Еуропаның түсінігімен үндеседі, менің мұнда айтайын дегенім біздің бұл көзқарасымыз еуропалықтардың өздері танып жетпеген тағы бір түсінігі сияқты, бұл жаңалықты ашқан басқа емес аргентиналық Л.Х.Борхес. Біздің істеуге тиісті ісіміз Борхес шығармаларында Латын Америкасы бейнесінің кемшіл түсіп жатқанын талқылау емес, қайта ондағы Латын Америкасынан түлеп ұшқан ғаламдық көзқарастың қыры мен сырын аша түсу.    

Жұртқа белгілі Борхес ұлтшыл емес. Бірақ оның жазған шығармасын Аргентинадан басқа бір елдің адамы жаза алады деп кім айта алады? Жазушы ретінде Борхес Латын Америкасының қара түнек болмысына да назар аудара білген. Тек бұл мəселеге ол басқалардан өзгеше қарады. Ол жазған содырлардың пышақтасқаны, көшедегі айға-шу, атыс — осының бəрі біздің — Латын Америкасының тұрмыс тіршілігін, болмысын əр қырынан əйгілеп тұр...  

Борхестің əңгімелері  формасы жағынан көзге бөлекше түсе қоймайды, дегенмен олардың құрастырлуында айта қалсын өзіне ғана тəн бөгенай бар. Ол ой қорытқанда Ж.Жойыс, Д.Сэлинджер немесе Фолкнердікі сияқты бізге таныс сюжеттерге бой алдырмайды, онда Лауреністің алып ұшқан көңіл күйіне ұқсаған көңіл-күйде де жоқ. Сөйлемдері М.Прустің сөйлемдеріне де, Хемингуэйдің ықшам үлгісіне де жатпайды. Борхес прозаларының икемділігіне менің таңым бар. Бұндай  прозаның артықшылығы да, өзіне тəн кемшілігі де бар... Борхес көлемді жыр жазған емес, ондай дүниені жазуды да ойламаған түрі бар. Борхес бастан ақыр өз эстетикасының шеңберінен шықпаған қаламгер, оның пайымынша өлең əсте елу тармақтан асып кетпеуі керек. Бірақ, бір қызығы, осы заманның əдебиет тарихында ұлы шығарма делінетін өлеңнің бəрі дерлік поэмаға жататын үлкен шығармалар. XX ғасыр əдебиетінің поэзиясында — айталық Т.С. Элиот пен Э.Л.Паунд шығармаларын алсақ та —  үлкен дүние жазуға деген күшті ұмтылыс болған: олардың бəрі мінсіз үлкен бір кеңістік ашып, қирап қалған осы заманғы дүниенің рухани мекенін тұлғалау сынды мақсаты болған. Бұл шығармалардың бəріне ортақ бір қасиет — дүниені бір тұтас күйінде түсінуге тырысады...    

Борхес өзіне тəн түсінікті қарапайым тəсілімен бірде былай деген болатын: «уақыт дегенің мені жасаған материал. Уақыт деген менен əлде нені ағызып кетіп жатқан өзен; менің өзім сол өзенмін. Уақыт деген мендегі тіршілікті сарқып бара жатқан от; менің өзім сол отпын». Поэзияның міндеті уақыттың уысындағы сырлы дүниені əлемге пəш ету. Ұлы ақын қашанда біздерге: «біз садақшымыз, жебеміз əрі нысанамыз» деп ескертіп тұрады екен ғой.   


Аударған – Ардақ Нұрғазы

«Шетел әдебиеті» газеті

№8 (10). 2007ж.



Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты