Virginia Woolf: Модернисттік романдар

ca5bb5cc36467b4f0fb5ae5b105018de.jpg (943×984)


Вирджиния Вулф (1882ж. — 1941ж.) Англия жазушысы. Батыс əдебиетіндегі модернистік «ойағынымен» жазған өкілдік төрт жазушының бірі. «Даллоуай ханым» (Mrs.Dalloway, 1925ж.), «Белгі шыраққа дейін»(To the Lighthouse, 1927ж.), «Теңіздің өр толқыны» (The Waves, 1931ж.) қатарлы романдардың авторы. 1922 жылы Ж.Жойыстың (James Joyce) «Улиссес» (Ulysses, 1922ж.) романы жарық көрген тұста, В.Уольф алғашқылардың бірі болып «Модернистік романдар» (1919ж.) атты мақала жазып, ойағынының өнер эстетикасына түсінік жасаған. Төменде осы мақаланы оқырман назарына ықшамдап ұсынып отырмыз.


Қазіргі романдар туралы сөз бола қалса, біреулердің тегін тектемей жатып «бүгінгі проза өткендегіден көп жаңарды» дейтіні бар. Рас-ау, қолданған материалы мен істеткен сайманы тұрғысынан айтсақ, Х.Фелденнің жаман жазбағанын, ал, Ж.Аустеннің одан да жақсырақ жазғанын білеміз, десе де, олардың мүмкіндігін өзімізбен салыстырып көрейікші. Рас, олардың шығармалары тілінің қарапайымдылығымен жандүниеңді бірден баурап кетеді. Солай да, əдебиетті көлеңкеден көрнеуге шығарып, əлгілердің аузындағы бүгінге дейінгі романдардың жаңалығына назар салсақ, мардымды ештемеге қол жеткізе алмаймыз. Прозадағы өзгеріс соңғы екі ғасырда, машина жасау саласындағы өзгерістің шаңына да ілесе алмайды. Бұл жағынан прозада жаңалық болды дегенге тіпті күмəнің келеді. Егер, біздің жазу машығымызда өзгеріс, жаңару болды десек, онымыз тек бір орында тұрып алып, алай бір, былай бір бұлғақтау болғандай. Көздеген мақсат белден асу немесе биік бір тұғырға көтерілу болса, біз адасып, ауелгі тұрған орнымызға қайырылып қайта-қайта соға бергеміз. Тіпті, сапарға шықпадық десек те болады. Көптің ортасында, қауіп-қатері жоқ жерде басымызды жерден алмай өмір өткізгеніміз соншалық, анау алдына биік мақсаттар қойып, айтулы жетістіктерге жеткен өзгелерді көргенде, өзімізше міңгірлеп, «олар бізге қарағанда арып-шаршады» дейтініміз бар.  Тағы мұндай жетесіз, арзан сөзді əдебиет тарихын жазғыш мырзалардың аузымен айтқызуға құштармыз. Олар болса: «бізде басталу, даму, аяқтау дегендер басқаша болады-мыс»,  «біздің қазіргі проза дəл асқақтап даму үстінде» немесе «көзалда болып жатқан істерге бірден жіп тағуға болмайды» дегендерді айтып, жатып кеп ақталады.   

Бізді бұл тығрыққа тыққан көкірегімізге əбден орнығып алған қасаң қағида мен тозған таным-түсінік.

Мұнда анықтап алуға тиісті түйін, біз классик жазушыларға кінə тақпаймыз. Егерде, Х.Ж.Уилис, А.Бенет, Ж.Голсуорси мырзаларға  қалайда бір айтылар сөз бар десек, онымыз осы үш жазушының нық басып ортамызда жүргені жəне соған арқаланған біздердің олар жазған шығармалардағы өзіміз кем-кетік деп білген дүниелерге қарата өз көзқарасымызды батыл айтуға мүмкіндік алғанымыз. Бұған мынаны да қосып айтуға болады: жоғарыдағы үш жазушының талантына ешкім де күмəн келтірмейді. Десе де, қазіргі сөз бəйгесінде «оза шауып, дара шықты» деген текті сөзді тек Т.Харди мырзаға ғана айтуға болады. Бұл марапат Ж.Конрант мырзаға да жарасады. «Қызыл топырақты үстірт», «Көгілдір сарай», «Алыстағы елдер, алыс қалған шақтардың» авторын да бұл тізімдікке қоса аламыз. Ал, əуелгі үш жазушы біздің бұған дейінгі үкілеген үмітіміз бен сеніміміздің қарлығашы болып келгенімен, ол ойымыз ақталмай қалды. Біздің бүгінгі көңіл күйіміз — үш қаламгердің орындай алатын, солай да орындамаған істерінен — біздің басымыздағы дағдарыстан туындап отыр. Ағабуын жазған том-том кітаптардан тұратын, мол мирас деуге болатын, түрі де, түсі де көп шығармаларға қарап отырып, ішіңде бұлқынған ренішіңді қайда жасырарыңды білмей дал боласың. Егер, біреу маған айт десе, бұл үш қаламгерді мен «затты ғана жазатын жазушы» деген болар едім. Олар шығармаларында тəнге ғана орын берген де жанға тұрақ бермеген. Бұған қалай ғана төзесің. Біздіңше, ағылшын прозасы осылар салған шиырдан қанша тез шықса, тіпті, адасып, құмға түсіп кеткен күннің өзінде де, бəрібір бүгінгі болмыстан басқаша болар еді.   

2e5e4534a3df79776bd95bf2e07cbb27.jpg (900×600)

Жоғарыдағы бірауыз сөздің үш жазушыға қатар тиуі нағайбыл. Уилис мырзаны айтайық, ол кісі өз нысанасынан қашанда алыс қалып жүреді. Жазушы ойға алған мақсатын орындады деген күннің өзінде де, талантына талғамсыздық қосылып, жазғаны көбінеки əлде бір баттасқан қойыртпаққа айналып кететіні бар. Бұлардың арасында Бенет мырза ғана оңайшылықта су жұқтырмайды. Ол кісі осы үшеудің ішіндегі өз ісінің майталманы. Шығармасын бас аяғын түйіп, шашау шығармай жазады. Ең бір кінəмшіл сыншылардың өзі де оның шығармасынан ши шығара алмайды. Бұл жағынан Бенет мырза желде, суық та өткізбейтін бітеу сарай салғандай. Алайда, тас бүркенген ол сарайда тіршіліктің нышаны болмаса, оған қалай қол соғып, қошамет көрсетесің. «Қартайған ханымның əңгімелерінен» бастап, Жоржы Канон, Эдуон Грехенд сияқты көптеген кейіпкерлерді сомдаған қаламгерге айтарымыз бұл ғана емес. Оның қаламынан туған кейіпкерлер жұрт қызығатындай тайраңдап жүреді. Содан да сұрағың келеді — олардың өмірі сірə қандай өмір? Олар не мақсатпен өмір сүреді? Біздің көргеніміз саялы бақтарға кіріп-шығып жүрген, қымбат бағалы вагондардан орнын алған, таусылып бермейтін есік қоңыраулар, жүздесулерден шаршамайтын жандардың тынымсыз тырбыңы. Олардың соңғы аялдамасы қашанда дəрежесі жоғары қонақжайлардың көрікті бөлмесі болады. Бенет мырзаның затты жазатыны бұл ғана емес, оның өзі шығармасының құрлысын қолмен қойғандай орналастыратыны соншалықты, оқып отырып ондағы төгіліп-шашылған басы артық сезімнен, одан туындаған мағынасыздықтан есің шығады. Адамды емес, затты жазатын бұл мырзаның ақ көңілділігін сұрамаңыз, ол үкімет адамдары ғана атқаруға тиісті қайбір қоғамдық міндеттерді бір өзі арқалап алады. Қағида, жосын, таным - түсінік дегенге шатылғаны соншалық, кейіпкерлері шынайы сезімнен жұтаған, қуыршақ сияқты.   

Мұнанда сорақысы,  жазушының қаламынан туған адамзаттың тіршілік ортасы мен барар «жұмағы» біздің шынайы өмірімізден мүлде бөлек. Оларды үш қайнатсаң да, сорпалары қосылмайды. Оның Жоныс, Петр сияқты кейіпкерлері əне сондай — бізбен мүлде қатысы жоқ, ғажайып жандар. Ж.Голсуорси мырзаға келсек, ол кісінің ақжарқын, сабаз мінезіне бас имей тұра алмайсың. Дегенмен, ол кісінің кітаптарынан да біз өзімізді таба қоймаймыз.   

Жоғарыдағы үш қаламгерге біз «затты ғана жазатын жазушы» деген ат қойдық. Енді осы сөздің басын ашайық. Біздің білуімізше бұл жазушылар əлдеқашан өшкін тартып, қатып семген дүниені жазады. Олар мағынасы жойылған осы нəрселерге бар зейін-зердесін, шеберліктерін сарп етіп, түртіп қалсаң тозаңдай тозып жоқ болатын алдамшылыққа алданып қоймай, сол алдамшылықты шынайы өмір деп зор сеніммен сөз етеді.

Біз жазушыға қойып отырған талабымыздың ауыр екенін сеземіз. Тіпті, өз талабымыздың неден дерек беретінін де бірден айтып бере алмаймыз. Себебі, біздің жандүниемізге сəт сайын жаңа мəселелер шабуылдап жатыр. Айталық, қолыңдағы романды оқып болдың дейік, кең тыныстайсың, ойланасың, алдыңнан бір сұрақ кес-кестей береді: осы нəрселер жазуға тұра ма? Бұнда қандай мəн-мағына бар? Адам өмірінде бұрылыс, сүрініп кету дегендей жағдайлар жиі болып тұрады. Бенет мырза осындай қарапайым нəрселерді үтір, нүктесіне дейін көшіріп, майын тамыза жазады. Оның бүкіл шығармасы өмірдің осы жалаң көріністерін көшіруден тұрады.

Егер, өз көзқарасымызды ашып айтар болсақ, бүгінгі самаладай самсыған романдардың көбі біздің жандүниеміз қалаған тұсқа бармай жүр. Бұл сұранысты рухани өмір, ақиқат немесе шынайы тірлігіміздің қалауы десек те болар, біздің романдар соған жол салған жоқ. Оның орнына сол шынайы тірлігіміздің бет-пердесі ғана жиырма, отыз тараудан тұратын роман болып жарыққа шығып жатыр. Бұлардың ақ - қарасын айырып, саралаудың өзі машахатты жұмыс. Ол сенің зейін-зердеңді мұжып қана қоймайды, тіпті мүлде торықтырады. Кейде тіпті, осындай ат-көпір романдарды автор өз еркінен тыс — сыртқы күштің қысымымен жазып жатыр ма деп ойлап қаласың. Əлгі күш бəрін қолдан жасап берген — уақиғаны да, сюжетті де, трагедия мен комедиялық тартыстың бəрін жасаған, тіпті, кейіпкердің түймесіне дейін түймелеп беріп —  «ал, енді жаза ғой!» деп отырғандай. Содан да болар бүгінгі романдар біріне - бірі құйып қойғандай ұқсайды. Олардан өріп шыққан кейіпкерлер де, олардың бітеу басының ойы мен мақсаты да, тірлігі де, қала берді сөйлеген сөзі де бір-бірінен аумайды. Қарап отырып таң қаласың: өмір осындай арзан ба? Роман осылай жазылуы керек пе?

Үңіліп көрсең, өмірдің реңі тіпті де бұлай емес. Қарапайым адамның күнделікті тірлігінің жалт еткен бір сəтіне ған назар салайықшы. Сол қас пен көздің арасындай сəтте əлгі пенденің басына нелер келіп, нелер кетпейді — ұсақ түйек əсері бар, адам нанғысыз қиялы бар, өзі де түсіне бермейтін түйсігі мен сезімі, т.т. қарап отырсаң осылар аспаннан төніп келе жатқан жауын тамшыларындай, жамырап келеді де бір адамның басына үйіліп-төгіліп, сол адамның болмысын құрайды. Жазушы деген біреудің итпегімен жүретін, басыбайлы құл емес, қайта, қалт еткенді қағып алып, оған өз жүрегінің лүпілімен үңілетін сезім иесі болады екен, ендеше, неге өзінің осындай шынайы түйсігі мен тіршілік болмысын жазбай, оның орнына əлде қайдан көріп, көшіріп алған оқиға, сюжет, т.т. дегендерге тістей қатып, соның құлына айналып кетеді.   

Өмір — қатар тізілген көше шамдарындай біркелкіліктен ғана тұрмайды. Өмір деген сананың тұтастығы — жарықтай үздіксіз өзгерген, анық десең де, күңгіріт десең де болатын көріністердің топтамасы. Меніңше, жазушының міндеті сəт сайын өзгеретін, шек - шегарасы тұтасып кеткен осы ішкідүниенің көрінісін, күрделі күңгірттігіне қарамастан, еш қоспасыз бейнелеп шығу. Бұнымыз бүгінгі əдебиетте батыл қадамдарға барғандарды қолдап қуаттау ғана емес, прозада жаңашылдықтың шындап көрініс таба бастағанын да аңғарту.

Осы тұрғыда бүгінгі біраз жазушылардың еңбегін бөлек атауға болады. Əсіресе Жамыс Жойыс (James Joyce, 1882ж. — 1941ж.) осы жазушылардың ішіндегі егейі. Бұл  қаламгерлердің шығармаларында бұрынғыларда кездеспейтін өзгеше мəнер бар. Айталық, бұлар өмірге барынша жақыннан үңіледі, өздері қалаған дүниені айнытпай, сол күйінде түсіруге тырысады. Бұл жолда олар роман жазудағы дəстүрлік талғамның басым бөлегін бір шетке қайырып тастаған. Бұл жазушылар төніп келе жатқан жауын тамшыларының тамғаны тəрізді — əлгі санамызға соғылып жатқан əсерді : əрбір көріністі, жалт еткен елесті, одан туған өзгеше түйсікті шым-шытырық керағарлығына қарамастан естелікке алған. Мұндағы себеп, біздің өмір уақиғалы қоғамдық істерден тыс, өзімізде анық аңғара бермейтін осындай ұсақ-түйек істерден де тұрады. Кімде кім «Жас өнерпаздың картинасы» немесе «Шағын шолулар» журналында  жарық көріп жатқан, тіпті де қызықты «Улиссес» романын оқыса, қалайда ойланатын болады. Бізде осы мақаламен өз ойымызды ортаға салып отырмыз. Десе де, бір нəрсені алдын ала айтып қою керек — тұтас кітаптың нені мақсат тұтқанын анықтап жатпағанның өзінде, біз автордың өз ісіне шексіз берілгенін аңғардық. Шығарма турасында айтсақ, қаншалықты түсінуге қиын, оқуға көңілсіздігіне қарамастан, бұл роман проза жанрының  ендігі бағыт- бағдарын өзге арнаға бұрғаны даусыз. Біздің əлгіндегі “затты жазатын” жазушыларымызға ұқсамайтыны, Ж.Жойыс мырза адамның жандүниесіне баса назар аударған. Жазушы адам сезімінің шыңырауына бойлап, ондағы өрттің қалай тұтап, қалай маздайтынын, қалаберді қайтіп жалын ататындығынан хабардар етеді. Бұл жол да ол дəстүрге айналған жазу машығынан — уақиғаның бас - аяғы болу, ой сабақтастығын сақтау сынды сыртқы факторлардан жұрт таңқаларлық дəрежеде бас тартқан. Айталық, романның мазарға баратын көрінісінде, құрлымының босаңдығына қарамастан, өмір бояуының анықтығы жəне дəлдігімен — бір жанып, бір өшіп тұрған шырақтар түсінің өзгерісіндей əсерімен көңіліңде өшпестей із қалдырады. Ең кемінде алғаш оқыған адам осы тұста-ақ бұл романның керемет шығарма екеніне бірден көз жеткізеді.                                                 


Аударған Гүлнар АҚАНҚЫЗЫ

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты