Saint-John Perse: Француз поэзиясы мен ағылшын поэзиясының парқы

20148da863ec6dbb7458bbf93fb7ee09.jpg (2048×1557)      

Құрметті мыра:

Сіздердің хаттарыңыз 7-шілде де келсе де, бүгін ғана қайырып хат жазып отырмын. Кешіккенім үшін ғапу өтінемін. Мен Канаданың солтүстік теңіз айдынына саяхаттап қайтып оралдым, хаттарыңызды да енді оқып отырмын.

Калифорнияның әдебиет сүйер жастарының атынан менің шығармашылығым туралы айтқан жылы лебізіңізді оқып, қатты әсерлендім. Құрметтеріңізге көп рахмет, сіздердің әсерлі сөздеріңізден әдебиетке деген шексіз сүйіспеншіліктеріңізді аңғардым, бұл менің бір басымның мәселесінен әлдеқайда асып түсетін мәңгілік әрі қастерлі құндылық. Осы орайда мен сіз бен басылымдарыңызға өз атымнан сәттілік тілейтінімді білдіргім келеді.

Алайда, кешірерсіздер, мен талаптарыңыз бойынша сұхбат беруге дайын емеспін. Менің ежелден сұхбат беріп, көзқарас айтудан бойымды аулақ салып келе жатқан жайым бар. 

Мен ақынның шығармасы тұрғанда, оның былай айтқан сөздері екінші орында тұрады, деп ойлаймын. Сіздердің ақынның өмірі мен оған қатысты дүниелерге көбірек назар аударатын танымда емес екендіктеріңізді аңғардым. Әдебиет сынында шығарма туралы емес, оның авторы туралы айтып кету, шығарманы талдаудан қашқалақтау болып табылады. Дегенмен, мен сіздерді Вашингтонда қарсы алып, дос тұрғыдан тілдесіп, басылымдарыңыздың болашақ мәселесі туралы ой бөлісуге бармын. 

Төменде мен өз шығармашылығымнан әлдеқайда ауаны кең мәселе туралы сөз қозғасам деймін. 

АҚШ әдебиетінің сын саласы Француз поэзиясы дамып, кемелдену барысында өзгеше бір сәлиқалы көркемдікке жеткен, бірақ, асыра сілтеп жіберген, деп қарайды. Мен мұны жұртқа кең жайылған қате көзқарас деп айтар едім. Шындығында бізідң поэзияның даму барысында артық дүниені тықпалаудан гөрі қысқарту көбірек орын алды. Бастысы ақ қалдыру мен жинақылық сақталды. Поэзияның нақты құнын асыра дәріптелегн көркемдік емес, тығыздық белгілейтіні анық нәрсе.

Мұндай қате түсініктің орын алуына өз басым дәлел көрсетуге көбірек мән беретін Англо-саксондық жүйеден шыққан ағылшын поэзиясының дәстүрі түрткі болды, деп ойлаймын. Ағылшын поэзиясы ұстанымдардан тұрады, сондықтан да ол түсіндіруді, анықтама беруге үйір. Қашанда анық, логикаға сай келіп тұрады. Себебі оның артында дәл сол логика тұрақ болып тұр. Соның ықпалында өлең ақыл мен сезімнің диалектикалық байланысынан өріледі. Ал Француз поэзиясы бұдан басқашарақ. Онда поэзия мен объекты бір-бірімен таныстас, бірін-бірі табады. Оларда бөлініп-жарылатындай аралық болмауы керек. Айталық қосылған сүт пен су сияқты айырғысыз бір дүние болуы тиіс. Өлең мен ақын біртұтас дүние ретінде бағаланады. Поэзия нақтылы және айтуға болатын дүниеден тыс, әлдебір «сәттік» кезеңде ғана ұстап қалуға көнетін, айтуға, жеткізуге тиісті дүниенің дара болмысы деп те қаралады. Ол дүниені еліктеу тәсілімен бейнелеуден тыс, қозғалыс барысында соның өзіне айналуға да болады, олар біртекті қасиетке ие, деп те бағаланады. Содан да объектіге үлкен мүмкіндік берілген, ол мүмкіндіктің бір аты поэзияның ішкі мүмкіндігі. Соның еркі мен өлшемі, серпіні мен екпін заңдылығы. Егер жазбағыңыз теңіз немесе жел болса, онда өлең шалқар әлем немесе құдыретті болмыс болуға тиіс. Егер, жазбағыңыз наизағаи болса, онда өлең шартылаған дауыс пен күшті жарықтың өзі. Мұндай өлеңдер аңдаусыз сананы қайнар көз етуден тыс ырғақ пен нақтылықты да өзіне серік етеді. Содан да ол біз жайшылықта «тылсым» деп қарайтын дүниелерді де өзіне қамтып жатады. Сөз өзінің әуелгі тегінен қуат алады екен, поэзияда ол арыдан келген әулетті болмысымен өмір сүріп қалады. 

Сондықтан, біздің поэзия ағылшынның «қайталауға» құрылған поэзиясынан басқашарақ. Ағылшын поэзиясы басынан-ақ «айтарын ашып айтады», бәрін біліп алған таным аясында жұмыс істейді, осыдан қандай тақырыпты жаса да түсініктілік басты орында тұрады. Онда басында-ақ қортындыға жол сайрап жатады. Өлеңнің барысы осы түсінікті дүниенің бой жазуы, анықталуы, жалпы ақын еркінің көрініс беру барысы, деп қарауға дайын. Ағылшын поэзиясы сезім түйсігіне емес, қашанда ойға құрылған. Ол көбінде құдыретті үнге емес, ойдың салмағына мән береді. Онда мазмұндар ұласып, бір-бірімен тығыз байланысып жатқандықтан әлгіндей бостық қалдырудан, ықшамдылықтан қашады. Өлең қалтарыс-қатпарды ашуға емес, түпкі мақсатқа жетуге құрылады. Ол бірдеңені аңдату үшін емес, қайта айту үшін өмір сүреді. Сондықтан қалай жинақы, ықшам жазылса да ағылшын поэзиясы түсінік бермей, анықтама жасамай тұра алмайды. Ол айтарын бимен емес, әнмен жеткізеді. Соны басты ұстаным етіп алады. 

Бұлар толық сипатты өлеңнің емес, анықтама сипатты өлеңнің басты белгісі...                                          

Десе де, осы айтқандарым, сіздердің талаптарыңызды қанағаттандыра алмауы да мүмкін. 

Қымбатты досым,  сізге сәттілік дей отырып, есен сау болуыңызды тілеп, қолыңызды қыстым. 


«Berkeley» журналының  1956 жылы 10-тамыздағы санынан 

   

Ақын туралы сілтеме:  https://vk.com/video?z=video230221830_456239023%2Fpl_cat_updates

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты