Robert Bly: Американың жыр тәңірін іздеу

8ff8b762f27ab80be59744dc2e0d0a5d.jpg (1200×960)

Robert Bly (1926ж. — ) АҚШ ақыны, сыншы, аудармашы. Әлем әдебиетінде 2012 жылғы Нобель сыйлығының иегері — швед ақыны Томас Транстремермен қатар «терең образдарды» қуумен аты шыққан суреткер. Өткен ғасырдың елуінші жылдарында Батыстың жаңа поэзиясының дамуына үлкен ықпал еткен «Елуінші жылдар» (кейін бұл басылым «Алпысыншы жылдар», «Жетпісінші жылдар» болып жаңарып отырған) журналына жетекшілік еткен. «Жаңа сюрреализмдік поэзияны» қалыптастырушылардың бірі саналады. Ондаған жыр жинағының авторы. Отыз томнан тұратын өлең аудармасын жасаған,  неміс ақындары Тракл пен Релк, испан ақыны Жимнез, чили ақыны Неруда, т.б. шет ел ақындарының өлеңдерін ағылшын тілінде сөйлеткен. 1968 жылы ақын «Мені қорғалаған жарық» өлеңдер жинағы үшін АҚШ-тың әдебиетке берілетін ең жоғарғы марапаттарының бірі — «Кітап сыйлығының» иегері атанды. Төменде ақынның «Таңнан тұрып айттық» сын кітабына кірген мақаласын оқырманның назарына ұсынып отырмыз.   


Аударушыдан          


АҚШ ақыны болу деген мен үшін ұзақ жылдар қым-қуыт ортада, адасулар мен өзіме деген сенімсіздікке жақын көңіл-күйде өмір сүру сияқтана береді. Басты қайшылықтың бірі — өлеңді американдық ағылшын тілінде жазу керек пе, әлде Англияға тән ағылшын тілінде жазу керек пе дегенге барып саяды. Бір сөзбен айтқанда, «менің өлеңімде Чаусер, Марвел мен Гитске тән қанша дүние сақталып қалды» деген сұрақты төтесінен өзіңе қоясың. Бұдан тыс өмір сүру үшін де жатып келіп тырбануың керек. Ал өзіңе деген сенімсіздіктің басы мен сияқты үлкен қалалардан алыстағы шағын елдімекенде өмір сүрудің ақын үшін қаншалықты пайдасы барына көз жеткізе алмауыңнан-ақ басталып жатады. Дегенмен, мен өзімді АҚШ  ақыны болуыммен бақытты санаймын. Өйткені, біреулерге осылай бар даусыңмен ескертіп қою қажет. Себебі, көзіңді бақырайтып қойып «ақын болу қиын шығар?» деп сұрайтын жандар бар. Оларға да жауап беруің керек. Мен ондай сұрақ қоюшыларға үнемі «сен менен неге өлең жазасың деп емес, неге өлең жазбай жүрсің деп сұрағаның дұрыс болар еді» деп жауап беремін.   

Адам бар пейілімен өнер жолына түскенде, онда да ондаған жыл бойында — сурет салумен, өлең жазумен, мүсін оюмен, музыкамен айналысқанда, ол өзіне рухани салмақ қосады және сол салмақты көтере жүріп, өмір сүретін халге жетеді. Бұл адам өміріндегі мағынасыздықтың кері, нақты айтқанда, өмірді түп мәні тұрғысынан сезінудің басы деуге болады. Айталық,  Зевстің қызы Бусебиниді тозақ құдайы барымталап, өз мекеніне тартып кеткенде, тозаққа батқан сайын қыз өзінде де шешесі сияқты үлкен көрегендіктің пайда болғанын сезетіні бар. Біздің өміріміз де соған ұқсайды.      

Менің арғы тегім даниялық дихан отбасына барып тіреледі. Аталарым кейін балықшылықпен айналысыпты. XIX ғасырдың орта тұсында АҚШ-тың Минесота штатына келіп қоныстанады. Соған дейін олар университет дегеннің бетін көрмеген адамдар еді.  Бірде жолым түсіп  Данияда болдым. Сонда байқағаным, ол жақтағы менің аталас туыстарымның арасында өлең-жырға қызығатын адамдар баршылық екен. Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында мен теңіз армиясының қатарында болдым. Сонда бірінші рет өлең жазатын адаммен ұшырастым. Ол кісінің аты Макс Эйнштейн еді. Естуімше, ол қазір Пенсильвания штатында ұстаздық етеді. Радарды пайдалану туралы сабақта мен ол кісінің өлең жазып отырғанын байқадым. Одан бұрын жер басып жүрген қарапайым пенденің өлең жазғанын көрмеппін. Сол тірі ақынмен кезіккен күнімді мен қазір де жиі есіме аламын. Соғыстан соң Минесота штатындағы Олифер университетіне түсіп білім алдым. Бірінші курсты аяқтаған соң, келесі жылды Оксфорд университетінен бастадым. Жаңа ортада мен өзімнің поэзияның келешек сорпа бетіне шығар бір топ тұлғаларының арасынан бір-ақ шыққанымды білдім — Ж.Кекус, Д.Хор, Э.Ришч, Ф.Охара, П.Дэвидсон, Ж.Фуростон, Х.Буродкеий, К.Кес және Ж.Ашбери. Біз соғысты бастан өткеріп, өзімізді қандай ортада да ұстай білуге үйренген ұрпақ едік. Жаңа ортаға да сондай сеніммен араластық.          

Бір күні, сабақта У.Йейтстің поэзиясын талдадық. Сол күннен бастап мен өлең жазып кеттім. Шағын ғана өлеңге тарихты, музыканы, психологияны, дінге тән ой мен сезімді, көңіл күйіңді сыйғызуға болады екен. Өлеңді рухқа жол салатын, тіршілікке нәр берер ертінді деуге де болады.  Егер талаптан шыға алсаң, поэзия деген образ, ой мен тарих туралы көзқарас, рухани болмыс. 

Содан да мен студент кезімде жоғарыдағы адамдармен тағдырлас болуды өзімнің алдымнан шыққан бақытым деп білемін. Неге екенін білмеймін, әйтеуір әр дәуірдің ақын-жазушылары осылай түйдектеліп бір-ақ келеді. Бір ортаның ауасын жұтып жүргеннен болар, олар өзара үйренеді, біріне-бірі ықпал етеді, жебейді, шабыттандырады, тіпті қызғанышпен де бірін-бірі алға сүйрейді. Енді бір тұрғыдан біз поэзиядағы дәстүрдің ықпалын сезіне алмаған ұрпақ болдық. Өмірбаянынан У.Йейтстің ата-анасы өнер мен әдебиетке бейім болғанын, бала жасынан келешек ақынға ықпал еткенін білеміз. У.Йейтстің ата-бабасынан да өнер адамдары көп шыққан. Мен өзімнің келіп шығу жағдайымды У.Йейтспен салыстырып көрген сәтімде, өңімнің қуарып кеткені бар.  Арыдан келетін ондай рухани уыздан біз мүлде кенде едік.   

Содан да АҚШ ақыны болу Ирландия ақыны болудан әлдеқайда қиын деуге болады. Егер өлең жазуды, бейнелеп атқа міну деп қарасақ, Ирландияда ертоқымды ат әне атағашта байлаулы тұр, бар да міне бер. Ал бізде мүлде басқаша жағдай. Біз ат міну үшін алдымен ағаштан ер оюымыз керек, ерге қажетті айыл-тұрман үшін мал сойып, оның терісін илеп, ішпек пен терлік жасап, қалғанынан қайыс тіліп, ноқта-жүген өруіміз керек. Ауыздықты қалай жасауды да ойлануға тура келеді. Тебінгіні қайтесің, ерге қалай орналастырасың? Бәрін басынан бастауың тиіс.  

Менің түсінігімде біздің АҚШ ақындарының дені өздерінде өнер дәстүрінің жетіспегендігін әр күні сезінеді. Содан да өнер үшін нені құрбандыққа шалуға болатынына, нені шалуға болмайтынына жіп таға алмай дағдарады. Бір орыс ақыны үшін Пушкин «Поэзия — барлық өнердің төресі!» десе, сол сөз-ақ әлгі пендеге рухани азық болуға жетіп-артылады.    

АҚШ ақындары көп дүниені тындыруы керек. Ол стиль жасауы, оны өнердің биігіне көтеруі және жұртқа мойындатуы тиіс. Кейде мұндай шаруаға бізде университеттер атсалысып жатады. Алайда, олардың жеткен жетістігімен қатар, ақындарды жол ортада сындырып, тар өріске қамап қоятын жағымсыз жағын да айтпай кетуге болмайды. Мұны мен өткен 30 жылдық өмір тәжірибем негізінде айтып отырмын. Универсиеттерде сенің міндетің — студенттерге сабақ беру, ақындық — кәсіптен тыс әуес ісің ғана.  Көзіңді ашсаң,  көретінің — студент, ойлануға мұршаң жоқ, жазғаныңнан сөйлер сөзің әлдеқайда көп. Университеттегі жұмыс ақынды жоғары жалақымен қамтамасыз етіп, оны ақшаға мұқтаждықтан азат етер, алайда, сонымен қатар оны жылы-жұмсаққа үйір, рухы әлсіз, батылсыз етіп те шығарады. Уитман пен Фрост өмірде не көрмеді, бәрін көрді. Олардың өлмейтін өлеңдерінің дені сол қым-қиғаш, ауыр, болжаусыз, қорлану мен азапқа толы өмірінің жемісі. Олар өлеңі үшін айтып жеткісіз бодау берді. Бұған тағы  Э.Дженсонның өмірін қоса айтсақ та жетіп жатыр.            

Ақын болу үшін, сол атаққа аты-затына сай келу үшін әуелі өзіңді ақындық деңгейге көтеруің, сөзсіз нағыз ақындардан сарқылмас қуат алуың керек. Мен әр күні У.Йейтстің өлеңдерін, оған қоса Блок пен Чаусерді оқимын. Өлеңде өз аға буынымнан Уитман мен Фросттың арасында тепе-теңдік сақтауға тырысамын.    

Қазір Еуропаға қоныстану бұрынғыдай маңызды болмай қалды. И.Конрад «жақсы жазамын десең, өміріңді желдің өтіне ұста» деген болатын. Алайда, біз дәл қазір сол желдің өтіндеміз. АҚШ-тай қым-қиғаш өмір әлемнің өзге жерінде жоқ шығар. Бізде орын алып жатқан күнбе-күнгі өзгерісті жете сезінудің өзі оңай шаруа емес.    

Ақын болу үшін көп оқу керек. Ақын сөзсіз көп дүниеден хабардар болуы тиіс. Себебі, бүгінде психология, биология және атомдық физика саласында өте терең білімдер пайда болды. Бұларды аға буын ақындар біле бермейді. Өз басым психология мен поэзияның тамырластығын жақсы сезінемін. Блок 1800 жылдың ары-берісінде психологиялық ерекшеліктер туралы зерттеулер жүргізе бастаған. Оның кейіпкерлеріне қойған атының өзі ерекше. Бұл жұмысты кейін Фрейд жалғап әкетті. Менің түсінігім психолог Ж.Хеллманның ойымен үндеседі, әсіресе, оның «образ» бен «символды» парықтау тәсілі маған ұнайды. Ғалымның тозақ туралы пайымдары мен адам рухы тұрғысынан тозаққа байлаулы екені турасындағы ойлары өз алдына бір төбе дүние. Мен миф зерттеуші И.Комбелге де құрметпен қараймын. Мен одан өнердің қозғалыстағы болмысы мен тыныштықтағы қасиеті туралы көп білім алдым. Бұларды Э.Пауд пен Т.С.Элиот маған бере алған жоқ.      

Өткен отыз жылда АҚШ-та өлеңсүйер жұрттың қарасы артты. Мұндағы басты себеп, меніңше, психология мен өлең бірін-бірі тапты. Қалай десек те, әйтеуір оқырманның саны көбейді. Бастысы, оқырманның сапасында үлкен өзгеріс болды.  

Университетті бітірген соң, бірнеше жыл Нью-Йоркте жүріп, одан университетте бір жыл жазушылық дайындық курсынан өттім. Содан төтесінен ауылға тарттым. Ондағы себеп ауылға құмартқанымнан емес, әке-шешемнің қасында кеңірек өмір сүруге мүмкіндік болатындықтан бардым. Алайда, көп өтпей-ақ бұл таңдауымның қате болғанын түсіндім. Себебі, өнерге көп мойын бұрмайтын ортада сен өзіңді бірте-бірте сенімсіздікке ұрындырып, мүжіп құртады екенсің. У.Йейтстің «мен өзіммен-өзім сөйлесемін» дейтіні осындай көңіл күйден туған сөз болса керек. Қалай дегенмен өнердің ортасында жүру өнер иесіне ең жақсы таңдау екені анық.

Табыс тауып, отбасымды асырау үшін мен әр жылы үш ай университеттерге барып сабақ беремін. Көбінде талапкерлер өздері алдын ала жазылады. Мен оларға ертегілерден тартып, Блоктың өлеңдеріне дейін оқытып, жаттатамын. Ертекті жатқа айттыру талапкерлердің күні ертең шығармашылық адамы болуына үлкен ықпалы бар. 

Кез келген өнер түрін ұзақ уақыттар бойы беріле зерттесең, оның ішкі болмысы, қалыптасу заңдылығы мен басқа өнер түрлерімен байланысы біртіндеп айқындалады. Өнер өзіне беріле еңбек етуді қажет етеді. Мен соңында поэзияның бір түрлі би екенін түсіндім. Мүмкін, мен билей алмайтын шығармын, бірақ, мен оны түсінемін. Адам жасы ұлғайған сайын қасіреттен қуат іздей бастайды екен. Мен оның қыстығудан туған сезім емес екенін түсіндім. 


 Аударған — Ардақ Нұрғазы


Ақын туралы сілтемеhttps://vk.com/video?z=video230221830_456239028%2Fpl_cat_updates

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты