Ардақ Нұрғазы(Ardakh Nurgaz): Соңғы толқын, ол кім?

Т.С.Элиоттың: «Біздің жеткен жеріміз, олардың бастаған жері болады» деген сөзі бар. Басқа біреу айтса, «е» дей салар едік, бірақ бұл сөзді айтқан Батыс әдебиетінде дәуір бөлгіш рөл атқарып, әдебиеттің шыт жаңа кезеңін бір өзінен бастаған тұлға. Бұдан шығатын қортынды, өзінен бұрынғы әдебиеттен әлдеқайда жетістіктерге жеткен әдебиеттің өзі өзін кезеңдік әдебиет, кешегінің жалғасы, онымен қоймай ендігі келетін әдебиетте бізден бастау алады деп қарайды. Бұл дегенің бір толқынды бір толқын басып, әдебиет үздіксіз жаңаланып отырады немесе әдебиет тарихында сол әдебиетті жаратқан ұлттың рухани дүниесінің кемелдену  барысы айқын көрініс табады деген сөз. 

Т.С.Элиоттың бұл ойын соңғы екі ғасырдағы Еуропа әдебиеті дәлелдеп отыр. Бір кезде Батыс әдебиетіне романтизм келді, олар өздеріне тән дүниеге көзқарас пен эстетикалық танымды бірге әкелді. Одан бір мезгіл өткен соң, романтистерден мүлде бөлек дүниеге көзқарас пен эстетикалық көзқарас орнатқан символистер пайда болды. Олар бір мезгіл дәурендеп барып соңынан соңғы символизмшілдерге орын берді. Соңғы символизмшілдер көп өтпей модернизмшілдермен орын ауыстырды. Өткен ғасырдың ортасына келгенде постмодернизмдік дүниетаным мен эстетикалық көзқарас төбе көрсете бастады. Ал, бүгінде постмодернизмнің өзі сан тарау болып бұтарланып ағып барады. Бұларды шұбыртып жазып отырғанымыз, әдебиет тарихына құштар болғандығымыздан емес, қайта, жоғарыдағы  «бір толқынды бір толқын баса, жаңарып отырудың» сырына үңілу ойынан туып отыр. Мұндай бір толқынды бір толқын баса отырып жаңаруды біз Батыс прозасының даму тарихынан да айқын аңғара аламыз. Бальзак бастаған жазушылар прозада биік деңгей жаратты; бірақ, сонымен проза жанры өсуін тоқтатып қалған жоқ, қайта, соңынан жаңа бір биікке көтерілді. Проза жанрын өнер тұрғысынан биік өреге көтерген бұл жолғы тұлға Г.Флобер болды. Оның «Бавари ханым» романы прозаны бұрынғысынан да шымырландырып, ширатып жіберді. Арада жарым ғасыр өткенде, әдебиет майданына келген модернист жазушылар Г.Флоберді өздерінің өнердегі ұстазына балап, ондағы жаңашылдықты ары жалғады. Модернист жазушылардан өзіне дейінгі прозаның дәстүрін жаңартқандардың көп шыққаны белгілі. Біраз зерттеушілер модернисттердің осы шоғыры әдебиетті даму шегіне жеткізді деген көзқарас ұстанған еді. Әсіресе, Батыс сыншылары «ақырғы нүкте» дегенге шын сенді. Өткен ғасырдың 1960 жылдарында «әдебиеттің тоқырауы» деген идеяның батыста жаппай етек алуының сыры да осыда. Бірақ, әдебиет бәрібір бір орында қалған жоқ. Еуропалықтар  Аргентиналық Х.Л.Борхестің шығармашылығын танығаннан кейін, жағаларын ұстады, олар сонда ғана әдебиеттің емес, өз көзқарастарының тоқырап қалғанын сезді. Айтып айтпай, модернизмнен постмодернизмге өткен уақыт аралығында, әдебиеттің әлгі жаңа толқынын бұрынғыдай еуропалықтар немесе АҚШ-тықтар емес, Латын Америкалық қаламгерлер жалғаған. Х.Л.Борхестің әңгімелері мен Г.Г.Маркес бастаған жазушылардың романдары әдебиеттің сол дәуірдегі ең жоғары деңгейін жасады. Бұл өткен ғасырдың 1960—1970 жылдарындағы жағдай болатын. Прозаның өнер өрісі мұнымен де тоқтап қалған жоқ. Өткен ғасырдың 1980 жылдарына келгенде, еуропалықтар оянды, олар таным жағында өздерінің артта қалып қойғандарын білді, білді де өздеріндегі артықшылықтар мен кемшіліктерді сарапқа сала бастады. Олар проза жанрында Латын Америкалықтар жаратқан толқыннан кейін келетін жаңа толқын жөнінде ойлана бастады, соған сайланды. Олардың бұл ұмтылыстары далаға кеткен жоқ. Х.Л.Борхесті алдарына сала отырып шыққан бір қатар еуропалық жазушылардың еңбегі бүгінде дүние әдебиетінің соңғы толқынын қалыптастырып отыр (олар Х.Л.Борхес әңгімелеріндегі көркемдік ерекшелікті роман жанрына көтере білді). Түрік жазушысы, 2006 жылғы Нобель сыйлығының иегері Орхан Памук, міне, осы соңғы толқынның өкілі. Дегенмен, бұл толқынның пайда болғанына да шерік ғасырға жуық уақыт өтті. Енді бір сөзбен айтқанда, бүгінгі Х.Л.Борхес бастаған әлем әдебиетінің ең көрнекті тұлғалары бас болған топтың өзі ақырғы толқын емес, қайта, жаңа толқын келуден бұрынғы толқын деген сөз. Мәселеге бұлайша тоқталудағы себебіміз, қазақ прозасының, қала берді Орталық Азиядағы түрік тілді прозаның тәуелсіздіктен кейінгі орнын айқындап алу. «Біз кімбіз, қайда беттейміз?» – деген сұраққа жауап іздеу. Ең әуелі «Біз кімбіз?»  деген сұраққа жауап іздеп көрелік.

Тәуелсіздікке дейін бір ғасырға жуық тарихы бар қазақ прозасы негізінен орыс прозасының ықпалында болып келді. Ал, тәуелсіздіктен кейін, жылжуы баяу болса да, жоғарыда санамалап өткен әлем әдебиетінің ықпал көлеміне ене бастады. Бірақ, мәселе бұлай қарапайым емес... Дегенмен, бір нәрсе анық, ол болса бүгінге дейінгі орыс әдебиетінің тар шеңберінен бас тартып, әлем әдебиетінің үлкен айдынына қарай жүзуіміздің өзі, біз үшін, үлкен бетбұрыс. Бұл әлгі «Біз кімбіз?» деген сұраққа күңгірттеу болса да жауап беретін сияқты. Ал, келесі «Біз қайда беттейміз?» деген сауал қазір біз үшін тіптен маңызды. Дегенмен, оған әрбір қалам иесі өзі жауап беруге тиі, деп ойлаймын. Кең алаңға шыққан екенбіз, мен мынадай бір ғана ойдың ұшын қылаңдатқым келеді.Бүгінгі қазақ әдебиетінің, қала берді Орталық Азиядағы түркі тілді әдебиеттің жаңа өкілдері жұдырықтай жұмыла отырып, әдебиет тарихының жоғарыдағы даму заңдылықтарына үңіле отырып,  Орхан Памукты қамтыған әлем әдебиетінің соңғы толқынынан (бұл толқынның пайда болғанына да шерік ғасырдай уақыт өткенін тағы бір рет ескерткім келеді) кейін келетін ендігі толқынның қандай сипатта болатынына көбірек бас қатыруымыз керек деп ойлаймын, немесе соған дайын болуға тиіспіз.   

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты