​Bayan Ardakh: Путиннің сценарийы Гонкоңда қайталана бастады

b5d9230572872bd832b4a93e2e9bf856.jpeg (850×697)

Халқаралық келісім шарттың барына қарамастан, 2014 жылы В.Путин Украинадан Қырымды әскери күшпен тартып алып, оның Ресейге қосылғанын жария етті. Бұны ол екі қадаммен жасады. Алдымен Украинаның шығыс аймақтарында дүрбелең тудырып, соғыс ашып және бірнеше бағытта Ресей армиясын Украина шекарасына топтады. Қарамаққа соғыс ушыққан жағдайда Ресей Украинаға жалпы беттік басып кіретіндей сыңай танытты. Содан кейін Қырымның Ресейге қосылғанын жариялап, референдум өткізді. 

Бұған Украина ғана емес, батыс елдері оның ішінде АҚШ пен Еуроодақ бірінші минуттан қарсы болды. Бірақ, олар Путиннің батыл қадамына бірден тосқауыл қоятындай шара қабылдай алған жоқ. Оның орнына Ресейге экономикалық жақтан санкция салды. Путин Қырымды тартып алып, өз мақсатына жетті, бірақ, оның салдары Ресей үшін ауыр болды. Батыс елдерінің Ресейге Кеңес одағы тарағаннан кейін қалыптастырған танымы өзгерді. Олар Ресейді «жабайы», Путинді диктатор ретінде тани бастады. Бүгінде Ресей Қырымды тартып алған сол қадамының зардабын тартып жатыр. Әсіресе экономикалық саладағы шектеу шаралары Ресейді бүгін-ертең қиындықтан шығармайтын түрі бар. 

Батыс елдерінің экономикалық саладағы шектеу шаралары бір басталса, оның ұзаққа созылатыны және зарбады ауыр болатынын біз Либияның, Иранның басынан өткен тарихтан білеміз. 

Қырым оқиғасынан соң, Путиннің бұл әрекетінің салдары туралы көп сөз болды. Кейбір елдер зерттеушілері, әсіресе Қытай Путиннен үлгі алуы, Тайваньға күш қолдануы мүмкін, деп қараған еді. Бүгінде сол түсінік жүзеге асқан сияқты. Бірақ, Қытай билігі Тайваньға емес, Гонкоңға шүйлігіп отыр. 

Өткен жылы қытайлық коммунисттік құндылықта емес, батыстық құндылықта қалатынын мәлімдеп екі миллион Гонкоңлық тұрғын көшеге шығып наразылық білдірген болатын. Биыл 22 мамырда Қытай билігі Гонкоңда елу жыл (1997ж. – 2047ж.) капиталисттік түзімді сақтауға берген уәдесін бұзып, тікелей идеологиялық-коммунисттік партиялық тәртіппен басқаратынын жария етті. Бұл қадамды батыс елдерінің қолынан «Қырымды тартып алу-II» деп қарауға болады.

Батыс елдері үшін Гонкоң халқаралық ірі финанс-сауда орталығы ғана емес, батыстық құндылықтың Азияда табан тіреп тұрған тұғыры деуге де болады. Демократия, бостандық, адамдық құқық прициптерін үлгі тұтқан батыстық өмір сүру үлгісі Гонкоңда бір жарым ғасыр бойында сақталып келді. Англия 1997 жылы Гонкоңды Қытайға қайтарып берген тұста да оның елу жыл бойында бұрынғы жүйемен қалатынына заңдық тұрғыдан кепілдік алған болатын. Ал бүгін Қытай үкіметі осы уәдені бір жақтылы бұзып отыр. Оның үстіне коммунисттік Қытай билігі Гонкоңда табысқа жетсе, онда келесі қадамда ол Тайваньға ауыз салуы әбден мүмкін. Тайвань қолдан кетсе, АҚШ-тың Тынық мұхит аймағындағы мүддесіне үлкен қауіп төнетіні даусыз. Бұл батыс елдері үшін үлкен мәселе. Гонкоң - Қырым емес. Онда көп жақтың үлесі жатыр.      

Енді алда не болуы мүмкін? Қытаймен ашық, жалпы беттік қарсыласуға барған жағдайда Батыс елдері «Қырым дағдарысы» кезіндегідей тек экономикалық шектеу қойып қарап отырмауы мүмкін. Тіпті қазір «Гонкоңның тәуелсіздігін мойындау керек» деген үнде естіле бастады. Мәселе ушыққан жағдайда Қытайға соғыс жағдайындағыдай теңіз, әуе  және құрлықта жалпы беттік шектеу шаралары жариялануы мүмкін. Оған Қытай билігі қалай қарымта жасайды? Соғыс аша ма?    

Сонымен Путин ойлап тапқан, Қырымда басталып Гонкоңға жеткен диктаторларға тән ұрыншақ, көзсіз батырлық бүгін әлемді тағы бір қиындыққа бастап келеді. Ақыры не болар екен.   

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты