Ардақ Нұрғазы: Д.Трампқа импичмент және біздің көзқарас

АҚШ парламентінің Қауым палатасы (United States House of Representatives) өткен желтоқсанның басында екі айыптау бойынша президент Д.Трампқа импичмент жариялады. Алда бұл үрдіс Кеңес палатасында (United States Senate) қаралады. Айыптау бойынша президент Украинаға байланысты заң бұзды және заң бұзу ісінде билігін асыра пайдаланды, тексеруге кедергі келтірді, деп отыр. Бұл айыптауда Қауым палатасын меңгеруіне алған демократтардың партиялық ұстанымы көрініс тапқанымен, Д.Трампқа қарсы оның партияластары – республикашылардың да қолдау көрсеткені анық болып отыр. The New York Times –та жарық көрген «Біз республикашылдармыз, біз Д.Трамптқа қарсымыз» (We Are Republicans, and We Want Trump Defeated) тақырыпты мақалада мәселенің тағы бір қыры көрініс тапқан. Ұзын сөздің қысқасы Д.Трампқа бүгінде республикашылдардан да қарсылар бар. Ендеше, неге бұлай деген сұрақ туады.

Кезінде АҚШ-тың тұңғыш президенті  Джордж Уошингтоннан біреу «неге заң шығарушы орган – паламенттті қос палаталы етіп құруға қолдау білдірдіңіз?» деп сұраған. Сонда Дж. Уошингтон: «шыныдағы ыстық шайды тіке қолыңмен ұстағаннан гөрі тәрелкемен ұстаған қолайлы» деген екен.  Бұл сөздің астарында саясат дегеннің өзгеше мән-мағынасы жатыр. АҚШ үлгісіндегі үкімет, парламент және сот болып бөлінген саяси жүйе бірін-бірі өзара бақылап, теңшеп, бірін-бірі ауыздықтап отырады. Сонда ғана мемлекет дұрыс жұмыс істейді. Әлгі тепе-теңдік бұзылса, мемлекет машинасында ақау шығады. Сондықтан жүйенің тепе-теңдігіне қатар төнген жағдайда, тіпті ол қатер мардымсыз болса да заң бұзған жаққа өзгелер міндетті түрде қарсы шара қолданады. Бұған келгенде партия-топтық мүдде кейінге сырыла тұруға тиіс. Сондықтан  Д.Трампқа қарсы импичмент жариялауға демократтар ғана емес, республикашылар да ат салысуда. Бұл АҚШ үлгісіндегі демократияның бір көрінісі ғана емес, мемлекет пен мемлекеттің болашағына деген үлкен жауапкершілік деп қарауға да болады. 

Ал бізде жағдай басқаша. Бізде «реcпублика» аталсақ та биліктегілер парламентті алақанында ойнатады (Парламент қанша палата болса да қуыршақ деңгейде) билігі барлар заңды кез-келген жағдайда жеке мүддесіне оңтайлап өзгерте береді. Сот та сол үрдісте жұмыс істейді. Одан да қорқыныштысы бұндай заңсыздық пен бассыздыққа бүкіл саяси жүйе көзін жұмып қарайды, мақұл көреді. Сонда біз мемлекеттің ертеңінен не күтеміз? Биліктегілер ойына келгенін істейтін елде саяси жүйе кез-келген сәтте дағдарысқа ұрынып, этика тұрғыда өзінің заңды болмысын жоғалтып алмай ма? Сұрақ көп. Бірақ, жауап жоқ. Біз тек тепе-теңдігі жоқ, өміршеңдігі жоқ, қатері көп саяси жүйемен болашаққа қарай зымарап барамыз.           


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты